Саясаттанушы: Жергілікті жерде кадр тапшылығының өзектілігі жойылған жоқ

1777

Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының жетекшісі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов inbusiness.kz тілшісіне сұхбат берді.  

Саясаттанушы: Жергілікті жерде кадр тапшылығының өзектілігі жойылған жоқ

– Қаңтардағы қақтығыстың, жалпақ тілмен айтқанда хаос пен хаосқа ұласқан шерудің алдын алу үшін қайтпек керек еді?

– Бейбіт шерудің алғашқы 2 күні елімізде әлеуметтік жағдайдың әбден ушыққанын көрсетті. Газ бағасының өсуі сыныққа сылтау болды. Үкіметтің осыған дейін жүргізген баға саясаты халықтың шыдамына ши жүгіртті. Азық-түлік пен коммуналдық қызмет құнының қымбаттауы да отқа май құйды. Бұған дейін көпбалалы аналардың митингке жиі шығуы әлеуметтік жағдайдың нашарлап бара жатқанының және ерте ме, кеш пе мұның соңы  наразылыққа ұласатынының белгісі еді. Билік, оның ішінде күш құрылымдары мұндай сценарийге дайын болмады. Бейбіт шеру террористік актіге айналды. Соңғы мәліметтер террористердің арасында көптеген шетел азаматтарының болғанын растады. Бұған Ұлттық қауіпсіздік комитеті жол берді. Бейбіт шеру террористік актіге айналды. Алғашқысын болжауға, талдауға, тіпті болдырмауға мүмкіндік бар еді. Екіншісі, яғни террор  кенеттен болды.

– Қалай ойлайсыз, болған жағдай елімізге экономикалық, саяси өзгеріс әкеле ме?

– Экономикалық тұрғыдан кері кету болмаса, серпін болмайды. Ел  миллиардтаған шығынға ұшырады. Инвесторлардың сеніміне селкеу салынды. Оларға бірінші кезекте тұрақтылық қажет. Тұрақтылық жоқ елге ешкім қаржы құйғысы келмейді. Президент алдағы 6 айда азық-түлік пен мұнай өнімдері бағасын және коммуналдық қызмет құнын өсіруге мораторий жариялады. Шығынның барлығы Ұлттық қор есебінен жабылады. Біз минусқа кіреміз. Саяси трансформация болады. Алдағы уақытта облыс әкімдері ауысуы мүмкін. Үкіметте кадрлардың ауыс-түйісі басталады. Жаңа кадрлар қаншалықты лайықты болады, дағдарыс-менеджерлері тиімді жұмыс атқара ала ма? Мұны уақыт көрсетеді. Қалай болғанда да билікке халық сенім артқан азаматтар келуі керек. Себебі бейбіт шеру барысында кейбір әкімдердің ел азаматтарымен келіссөз жүргізе алмайтынын көрдік. Мәжіліс депутаттары да үнсіз қалды. Халық алдында үкіметтің, әкімдердің, Парламенттің беделі бұрынғыдан бетер төмендеп кетті. Бұл – Қазақстандағы үлкен саяси дағдарыс.

– Елімізде оппозицияның осалдығы көрініп қалды ма?

– Иә, дәл солай. Бұған бейбіт шеруге шыққан адамдардың көшбасшысы болмағаны дәлел. Бұл – билік өкілдерінің халықпен келіссөз жүргізуі кезінде қиындық туғызды.

– Кадр мәселесін қалай шешу керек деп ойлайсыз?

– Президенттік жастар кадрлық резервіне үміт артуға болады. Алайда біз олардың қаншалықты шыңдалғанын білмейміз. Мысалы Ұлттық экономика министрлігі жетекшілерінің қойылған міндеті орындай алмағанын көрдік. Өңірлердегі жағдай тіпті қиын. Жергілікті жерде кадр тапшылығының өзектілігі жойылған жоқ. Бізде кадрлар орталықта ғана алмасады. Аймақтардағы кадрларға ешкім бас ауыртпайды. Менің ойымша, алдағы уақтта облыстардың, моноқалалардың тәжірибесіне қарап, әкімдердің орынбасарлары арасынан шаруашылық бөлігін түсінетін, сауатты әрекет ете алатын адамдарды іздеу қажет. Мысалы Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қала басшысы Бақытжан Сағынтаев болмаған кезде өзін керемет көрсете білді. Мұндай кадрлардың еліміздің басқа өңірлерінде де бар екені күмәнсіз. Оларды іздеп, табу қажет.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу