Саяси реформалар сайлаумен тоқтап қалмайды – сарапшы

Биылғы сайлаудың бірнеше ерекшелігі бар. Ол аралас жүйемен және Мәжіліс пен мәслихат сайлауының қатар өтуі. 

Саяси реформалар сайлаумен тоқтап қалмайды – сарапшы Фото: egemen.kz

Еліміздегі саяси реформалар мұнымен тоқтамайды. Ары қарай да жалғасады.

Бұл туралы inbusiness.kz-ке берген сұхбатында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина айтып берді.

– Алуа Серікқызы, бұл жолғы сайлаудың ерекшеліктері неде?

– Бұл жолғы сайлау басқа тәртіппен өтеді. Егер осыған дейін бізде Мәжіліс сайлауына тек партиялар қатысса, осы жолы партиялармен қатар бір мандатты округтерден кандидаттар қатысады. Яғни, жеке адам партиядан бөлек өзін-өзі депутаттыққа ұсына алады. Бұл тәртіп Мәжіліске де, мәслихатқа да тиесілі. Бірақ аудандық мәслихаттардың ерекшелігі – ол жерде партиялар қатыспайды. Ол жерде тек қана бір мандатты округтен адамдар қатысады. Сол себептен бұл сайлау жаңа жүйе бойынша өтеді. Яғни, бұл пропорционалды-мажоритарлық жүйе, аралас жүйе деп аталады. Қарапайым сөзбен түсіндірер болсам, сайлауға партиялар және жеке адамдар да қатыса алады. Ол партияның мүшесі болмай, өзін-өзі ұсынуы мүмкін. Сол себептен бұл аралас жүйе деп аталады. Былайша айтқанда саяси плюрализм. Басты ерекшелігі – осы.

– Неге дәл осы пропорционалды-мажоритарлық жүйе таңдалды?

– Егер тек қана пропорционалды жүйе болса, онда мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын адамдар қатыспайды. Тек партиялар қатысады, жеке адам өзін-өзі ұсына алмайды. Нәтижесінде елімізде тек партиялар ғана дамиды.  Ал таза мажоритарлық жүйе болса, онда адамдар ғана өз-өздерін ұсынады да, партиялар қатыса алмайды. Партия қоғамдағы топтардың мүддесін қорғағаннан кейін, институционалды құрылым ретінде дамиды, олар қоғамдағы саяси жүйенің бір элементі. Сол себепті парламентке, мәслихатқа партияның да, бір мандатты округтерден кандидаттардың да қатысуын қамтамасыз ету үшін осындай аралас жүйе таңдалады.

– Бұл жолы саяси партиялар саны артты. Бұл да реформалардың көрінісі ғой

– Екінші ерекшелік – парламеттік сайлауда екі жаңа саяси партия: "Республика" және "Байтақ" партиялары қатысып отыр. Яғни, жаңа саяси партиялардың қатысуы байқалуда. Тағы бір ерекшелігі – біз аралас жүйе негізінде мәжіліс пен мәслихат сайлауын қатар өткізіп отырмыз. 2019 жылы Президент саяси реформаларға қатысты өте көп міндет қойды. Кезінде саяси партиялар туралы заңға өзгерістер енгізілген. Биыл соның жүзеге асқанын көріп отырмыз. Бізде саяси партияларға қатысты, оларды тіркеуге қатысты, мысалы, 5 мың адам болу керек деген талаптардың барлығы көрініс тапты. Екі жаңа саяси партияның пайда болуы да осы өзгерістердің нәтижесі.

– Жастарға, әйелдерге қатысты квота тақырыбына тоқталсаңыз...

– Бізде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі адамдарға квота бар. Ол 30%-ды құрайды. Сайлауға тізім берген партия тізім берген кезде соның 30%-ы осы топтан болуы шарт. Кейін сайлауда жеңіске жеткен кезде мәжіліс, мәслихатта орын алған кезде осы квота сақталуы керек.

– Осы сайлаудан кейін қандай өзгерістер күтіледі?

– Әрине, осымен саяси реформа тоқтамайды. Ары қарай да жалғасады. Оның ішінде мәслихаттардың жұмысы күшеюі мүмкін, жаңа парламентке жаңа міндеттер қойылуы мүмкін. Одан бөлек, аудан әкімдерін сайлайын деп жатырмыз. Яғни, сайлау науқаны тұрақты түрде өтеді, саяси реформалар біртіндеп жалғасын табады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу