Саяси жүйені реформалау үшін қоғам мен билікке диалог орнату қажет – Ұлыбритания елшісі

1883

Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау жүйесіне өзгерістер енгізу ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Саяси жүйені реформалау үшін қоғам мен билікке диалог орнату қажет – Ұлыбритания елшісі

Оның пікірінше, қаңтар оқиғасы елдегі саяси жүйеде дағдарыс барын көрсеткен.

"Кеше Қазақстан халқы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге назар аударды... Ол реформалар пакетін ұсынды. Олардың бір бөлігі сайлау процесі мен сайлауға қатысты болды. Біз бұл таңдауды қолдаймыз, бірақ ағылшынның "Дьявол кроется в деталях" деген сөзін назарға алған жөн", – деді Кэти Лич Құқықтық саясатты зерттеу орталығы ұйымдастырған онлайн жиында.

Ұлыбритания елшісі бүгінде халықтың сенімі маңызды екенін атап өтті.

"Билікке монополия, әділ сайлаудың болмауы азаматтардың конституциялық билікке деген сеніміне айтарлықтай әсер етіп, жоғары деңгейдегі сыбайлас жемқорлықты, экономикалық мүмкіндіктің әділ бөлінбеуін, әлеуметтік теңсіздікті тудырады", – деді елші.

Кэти Лич Қазақсанда саяси реформа жүргізу үшін қос тарап арасында диалог орнау керек деген пікірде.

"Саяси жүйені реформалау үшін қазақстандық қоғам мен билікке диалог қажет. Мұндай диалогтың болмауы тұрақсыздыққа ықпал етуі мүмкін. Сондай-ақ қоғам саяси өзгерістерге үміт артып отырғанын, әрі билікке деген сенімнің төмен екенін ескеру керек. Сондықтан біз азаматтық қоғам мен сарапшылардың мемлекетпен қоғамдық диалог орнатқанын қолдаймыз...", – деді Ұлыбритания елшісі.

Оның айтуынша, Сайлау жүйесі көптеген әртүрлі компонентті қамтиды. 

"Осыған байланысты жаңа реформалар кешенді тәсілді талап етеді, онда барлық компонент сайлау арқылы азаматтардың шынайы мүддесін билік органдарында қамтамасыз етуді көздейді...", – деді Кэти Лич.

Ол сайлау жүйесінде реформалау төмендегі аспектілерді қамтуы керегін атап өтті:

- Тексерулер мен теңгерімдердің тиімді жүйесі;
- Сайлау процесіне әсер ететін мемлекеттік әкімшілік ресурсты пайдалану мәселесін шешу; 
- Сайлауды басқару органдарының тәуелсіздігі;
- Саяси партияларды әділ реттеу;
- Жергілікті сайлауда демократияны ынталандыру;
- Сайлауды тәуелсіз бақылау.

"Кеше Президент өз Жолдауында осы мәселелердің көпшілігін атап өткені өте маңызды. Біз бұл елді демократияландыру үшін жақсы белгі деп үміттенеміз. Мен билік өкілдері азаматтық қоғам өз көзқарасы негізінде әзірлеген сайлау жүйесінің реформалары бойынша жұмыс істейді деп сенемін", – деп түйіндеді сөзін Ұлыбритания елшісі.

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елде аралас сайлау жүйесі болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы саяси партия құру тәртібі жеңілдейтінін айтқан еді.

Дәурен Ерболат

Фото: kznews.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу