Семей полигонының ардагерлері әділдік іздейді

2919

Олар Үкімет пен мемлекеттің қол­дауына мұқтаж.

Семей полигонының ардагерлері әділдік іздейді

Нұр-Сұлтанда Семей ядролық полигонында әскери борышын өтеген ардагерлер мемлекеттен көмек сұрайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Семей полигоны ардагерлері мен мүгедектері" республикалық ұйымының төрағасы Ержан Дүйсенбаевты Семей полигонында әскери міндетін өте­ген сарбаздардың мәрте­бесі күні бүгінге дейін қолда­ныс­тағы заңдарда нақ­ты көрсетілмегені қынжылтады.

"Бұл мәселені көтеріп жүргенімізге 10 жыл болды. Бірақ ардагер мәртебесін әлі ала алмай жүрміз. Бүгінде Семей ядролық полигонының ең жас ардагері 55 жастан асты. Әсіресе 50 жылдан кейін ядролық сәулелену­дің адам ағзасына әсері қанша­лық­ты қауіпті екенін бәрі біле­ді. Алайда Семей ядролық поли­гонының ардагерлері мемлекет тарапынан еш қорғалмаған", – деді төраға "Семей ядролық полигонында әскери борышын өтеген сарбаздардың әлеуметтік жағдайын көтеру және ардагер мәртебесін беру" тақырыбында өткен конференцияда.

Оның айтуынша, қазіргі таңда поли­гонда әскери борышын өтегендердің бір бөлігі әлеуметтік көмекті алып отыр.

"Бірақ талап барлығына бірдей болуы керек. Барлығымыз полигонда әскери борышымызды өтедік, радиация алдық. Тіпті кейбірі мүгедек болып қалды. Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыл апатын жоюға қатысқандарға мәртебе берілген, әлеуметтік жағдайлары жасалған. Сондықтан біз тек әділдік орнағанын қалаймыз", – деді Ержан Дүйсенбаев.

Осыған байланысты ол мемлекетке өз ұсынысын айтты.

"Біріншіден, Семей ядролық полигонында әскери борышын өтеген сарбаздарға ардагер мәртебесі берілуі керек. Бұл бізге 15 мың теңге алуға, салықтан босатуға және тағы басқа жеңілдік алуға мүмкіндік береді.

Екіншіден, оңалту орталықтарын ашуды сұраймыз. Онда біз ғана емес, біздің балаларымызда емделеді. Арамызда балалары ауыратындары да бар. Ядролық сәулелену­дің адам ағзасына өте қауіпті екені белгілі. Радиация салдарынан туындаған аурулар тұқым қуалайды", – деді ұйымның төрағасы.

Семей ядролық полигонында әскери борышын өтегендердің бірі – Мұратбек Балғабаев. Ол полигоннан мүгедек болып оралғанын, бүгінде мемлекеттен әлеуметтік көмек алатынын жеткізді.

"Мен 1982-1984 жылдары Семей полигонында әскери борышымды өтедім. Онда 21-22 жаста едім. Бірақ сол кезде нақты қайда жүргенімізді білмейтінбіз, барлығы жасырын болатын. Полигонда жүріп, бірнеше жарылысты көрдім. Оның зардабын бүгін тартып жүрмін. Жақында жүрегіме операция жасалды, денсаулығым сыр беріп жүр. Бүгін осында жиналғандардың басым бөлігі Семей полигонын көргендер. Оларға мемлекет көмектесуі керек", – деді Ақмола облысы бойынша Семей-Невада қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

"Айрықша тәуелді ардагерлер мен мүгедектер" республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша филлиалының жетекшісі Қуанышбек Төлегенов те мемлекеттен көмек ала алмай жүргенін айтып, ағынан жарылды.

"Мен 1985-1988 жылдары Ресейдегі Челябинск-65 деген жасырын қалада әскери борышымды  өтедім. Онда уран шығарылды. Мұнда көптеген қазақстандық сарбаз әскери борышын өтеді. Біз де радиацияның зардабын көрдік. Ондағы радиация Чернобыльдан да жоғары болды. Салдарынан біраз сарбазымыздан айырылдық. Бүгінде ауырып жатқандары қаншама. Біз де ардагер мәртебесі беруді сұраймыз. Басқа талабымыз жоқ", – деп түйіндеді сөзін ардагер.

Айта кетейік, 1949-1989 жылдар аралығында Семей өңірінде 456 сынақ өткізілген. Оның ішінде жер үстіндегі, әуедегі, ұңғымалардағы, тоннельдегі жарылыстар бар. Жойқын жарылыстардың салдары қарапайым халыққа ауыр тиді. Сонау жылдардағы сынақтың зиянын қазақстандықтар әлі күнге дейін тартып отыр.      

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу