Семейдің 2028 жылға дейін қалай түрленетіні анықталды

1455

Абай кемеңгердің аты ұлықталған облыстың орталығы Жасанды интеллект инженерлерін даярлайтын ғылым ордасына айналуы мүмкін.  

Семейдің 2028 жылға дейін қалай түрленетіні анықталды Фото: Arnapress.kz

Былтыр ғана құрылған жаңа облыстың "астанасында", 2023 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша 330,3 мың адам тұрады. Соның ішінде жұмыс күшінің саны – 155,3 мың адам немесе халықтың жалпы санының 49,7%-ына тең. Егер мұнда жаңа өндіріс орындары, отандық, халықаралық ғылым ошақтары өркен жайса, онда болашақта оның бір миллион тұрғыны бар мегаполиске айналуы да ғажап емес. 

Әзірге, шағын болса да, көші-қонның оң сальдосы тіркелді: 4 126 адам келді, 3 879 адам көшіп кетті. 

Семейдің дамуын ел басшылығының өзі бақылауда ұстап отыр деуге болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 4 мамырдағы жарлығымен Семейге облыс орталығы мәртебесін берді.

Ал 2022 жылғы 30 қыркүйекте Мемлекет басшысы Абай облысына арнайы сапарлап, семейліктер алдында емірене сөйледі. Қ.Тоқаев Абай облысының, соның ішінде Алашорданың орталығы болған Семей қаласының Қазақстан тарихындағы рөлі ерекше, әрі төл шежіремізде айрықша орны бар өлке екенін атап өтті.

"Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған Ұлылар мекені. Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы", – деп, Президент тұрғылықты халықтың бойына болашаққа деген сенім құйды. 

Ол Үкіметке Семейге білікті мамандарды, инновация мен инвестицияларды тарта отырып, оны еліміздің қарқынды дамуына үлес қосатын шаһарға айналдыруды жүктеді. Содан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Не іс тындырылды?
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, бүгінде Әлихан Бөкейхан университетінде (Alikhan Bokeikhan University) София техникалық университетінің филиалы ашылуда. 

София университеті – Болгарияның ең ірі оқу орындарының бірі, Еуроодақтағы үздік техникалық университеттер қатарына кіреді. Виртуалды инженерия, энерготиімділік, жаңғыратын энергетика, экологиялық инжиниринг, машина жасау дизайны, IT технологиялар салаларында мамандар даярлайтын іргелі университеттердің бірі. 

"Осы университеттің филиалын ашу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семейде еуропалық жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында өткізілді. Филиалда Қазақстандағы жаңа мамандықтар атласы негізінде әзірленген "Жасанды интеллект инженериясы және блокчейн" бірлескен білім беру бағдарламасымен мамандар даярланады. Білім алушыларды қабылдау келесі оқу жылында басталады. Сонымен қатар магистратураның бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша да мамандар даярлау көзделіп отыр", – деп түсіндірді министрлік.

Өз кезегінде Абай облысының әкімдігі "Семей қаласының 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының" жобасын әзірлеп шықты. 

Онда айтылғандай, қала экономикасының ұстынын өнеркәсіп құрайды: ол тау-кен өндіру, өңдеу, электр энергиясын өндіру және тарату, жылу және сумен жабдықтау салаларын қамтиды. Жетекші кәсіпорындарға "Қаражыра" АҚ (тас көмірін өндіру), "Алел" АҚ (тау-кен өндіру, геологиялық барлау), Семей цемент зауыты, "Силикат" ЖШС (кварц құмын өндіру), "СемАз " ЖШС (ауыл шаруашылығы және жүк техникасын жасайды), "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС (Daewoo автобустарын құрастырады), "ШҚ МКК" АҚ (ұн өнімдері), "Семей құрылыс материалдары" ЖШС, "Qazak Astug Group" ЖШС (майлы дақылдарды қайта өңдеу, экспорттау), "Фирма Азия" ЖБИ зауыты (полиуретанды көбік өндірісі), "Қазполиграф" ЖШС (гофрленген картон, қаптама), "АЭС Шүлбі ГЭС" ЖШС (электр энергиясын өндіру) және басқасы. 

2023 жылдың 9 айында өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 367,5 миллиард теңгені құрады. 2022 жылдың тиісті кезеңінен 56,7 млрд теңге немесе 18,2% көп: 2022 жылдың 9 айында қаладағы өндіріс орындары 310,8 миллиард теңгенің өнімін шығарған еді. Яғни, өсім қарқыны жақсы.

Семейде 34 687 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 30 819. Көбі, 26 028 бірлігі немесе 93,6%-ы – жеке кәсіпкерлер. Заңды тұлғалардың үлесі – 3 761 (15,6%). 1 030 (3,6%) шаруа және фермер қожалықтары бар. Шағын және орта бизнес қызметінің негізгі саласы – сауда, өнеркәсіп, көлік қызметтері.

Қалада қазірдің өзінде отандық 3 жоғары оқу орны, 29 колледж жұмыс істейді. Жас ұрпаққа 75 мектеп (3-еуі жекеменшік), 60 мектепке дейінгі ұйым, сондай-ақ 8 қосымша білім мекемелері қызмет етеді. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша семейлік оқушылардың саны 48 948. Балабақша жасындағы 51 440 балдырған тұрады. Әкімдік 3–6 жастағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтылғанын жеткізді.

Ядролық сынақтардан қатты зардап шеккен семейліктерге жалпы саны 84 медициналық ұйым медкөмек көрсетеді. Оның ішінде 16-сы – аурухана (стационарлық мекеме, оның жеке қолдағысы – 10), амбулаториялық ұйымы – 45 (жекеменшігі – 28). 

"2023 жылдың басынан бастап, босану кезінде ана өлімі тіркелген жоқ. Нәрестелер өлімінің коэффициенті 1000 тірі туылғандарға шаққанда 9,6-дан 4,4 жағдайға дейін төмендеді", – деп хабарлады әкімдік. 

Семей қаласының 2028 жылға дейін созылатын әлеуметтік-экономикалық даму жоспары қала кейпін біршама өзгерткелі тұр. 
Тарата айтсақ, жеке кәсіпкер Нұржан Кульчигишев алдағы 2024 жылы 1 қабатты сауда ойын-сауық орталығын салып, қолданысқа береді. Жоба құны – 200 млн теңге. 

Шаһар үшін стратегиялық маңызды "Өнеркәсіп және инвестициялар" бөлімі әзірге 5 жобадан құралған.

  • Біріншіден, Qazaq Аstyq Group алдағы жылы бос қалған "өндірістік ғимараттарды жаңғыртып, реконструкциялайды": оларды өз зауытының нысандарына айналдырып, тазартылған өсімдік майы өндірісінің өнімділігін тәулігіне 200 тоннаға жеткізбек. Құжаттағы ең қымбат жоба да – осы: компания бұған 7 млрд 137,3 млн теңге жұмсауға ниетті. 
  • Екіншіден, "Семей Құрылыс Материалдары" ЖШС 2024 жылы "аспалы, желдетілетін қасбеттерді шығару үшін жалпақ престелген хризотил цемент парағын" өндіруге кіріспек. Жоба құны – 2 млрд 237,6 млн теңге. 
  • Үшіншіден, "Қазполиграф" ЖШС 2026 жылы Семей қаласында сұйық өнімдерге арналған картон қаптамасын (Pure-Pak) шығаратын жаңа өндірістік желіні іске қосады. 
  • Төртіншіден, "ArInvest" ЖШС 2025 жылы Семейде оқшауланған құбырлар шығаратын зауыт салуды, оған 550 млн теңге бағыттауды жоспарлауда.   
  • Бесіншіден, "Эйкос" ЖШС 2024 жылы "автомобиль көлігінің доңғалақтарын (шинаны) пайдалану кезінде пайда болатын қалдықтарды қайта өңдеп, дайын өнім шығаратын кешен" салады. Жоба құны – 2 млрд 300 млн теңге. 

Жоспар жобасында оны жүзеге асыру нәтижесінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 2022 жылғы  432,4 млрд теңгеден – 2028 жылы 646,3 млрд теңгеге дейін ұлғайтылатыны көрсетілген. Ал өңдеу өнеркәсібі көлемі қазіргі 432,4 миллиардтан 571,3 млрд теңгеге дейін артуы шарт.

"Білім беру" бөлімі аясында мектептер күрделі жөндеуден өткізіледі. 

"Денсаулық сақтау" бөлімінде 2026 жылға дейін қалада 400 төсектік облыстық көпбейінді аурухананы, емханасы бар 300 орындық көпбейінді балалар ауруханасын, облыстық қан орталығын, қалалық перзентхананы салуды атап өтуге болады. Бұдан бөлек оң және сол жағалауда әрқайсысы 300 келушіге арналған 2 емхана тұрғызылады деп күтілуде. 

Ал "Тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамыту" бөлімі аясындағы жобалар қала дамуының жаңа өрісін ашып, бизнеске серпін беруі мүмкін. Өйткені қазандықтар жаппай ауыстырылып, жаңғыртылады. Электр энергиясын өндіру көлемін 31,4 миллион кВт/сағатқа дейін ұлғайтылуға тиіс.  

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Семей жаңа ЖЭО-ға қол жеткізеді.

"Шындап келгенде, Семей қаласына орталықтандырылған жаңа қуатпен қамту көзі қажет. Біздің министрлік оның жылу және энергетикалық қуаттылығын анықтады: 240 мегаватт болуы керек. Бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жасайтын мердігер ретінде "Самұрық-Энерго" анықталды. Ашық қалып тұрған жалғыз мәселе – нысанның қайда орналасатыны. Бұл ретте 2 перспективті алаң қарастырылуда. Инвестор жаңа ЖЭО-ны салуға жұмсаған шығындарын, инвестицияларды өндірген қуатын сату арқылы қайтарады. Мұның тетігі пысықталды. Біздің министрлік оның өндірген энергиясын сатып алуды кепілдендіреді", – деді Энергетика министрі.  

Таяуда Өскемен, Көкшетау қалаларының жылу электр орталықтарымен бірге Семей ЖЭО-сын да Ресей салатыны жария болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу