Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сенатқа "Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астананың 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы" Заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Заң жобасында бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 25%-ға арттыру және жергілікті деңгейге 300 млрд теңге көлеміндегі кірістердің жекелеген түрлерін аудару есебінен қосымша түсімдер ескерілген. Біздің бағалауымызша, биыл 2020-2022 жылдарға белгіленген салықтық шектеулердің аяқталуы да қосымша серпін береді", – деді министр.
Ведомствоның болжамы бойынша, өңірлердің кірісі 4,7 трлн теңгеден 2022 жылы 6,1 трлн теңгеге дейін, 2025 жылы 30%-ға, 2025 жылы 47%-ға дейін өседі.
"Мемлекет басшысының бюджеттік жоспарлауды бюрократиясыздандыру туралы тапсырмасын жүзеге асыру үшін бюджетаралық трансферттерді қысқарту жұмыстары басталды. Заң жобасы донор өңірлер үшін бюджет қаражатын алу көлемін қысқарту мәселесін кезең-кезеңімен шешеді. Олар үшін есептеулерде арнайы көбейту коэффициенттері қолданылды, бұл үш жылдың ішінде аударымдар үлесін 31%-дан 18%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді", – деді Әлібек Қуантыров.
Сонымен қатар, құжатта өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы арасындағы айырмашылықтарды және жергілікті бюджеттердің шығындарын объективті түрде есепке алуға мүмкіндік беретін салалық коэффициенттер жаңартылған.
"Бұл өңірлердің қазіргі шығындарының болжамын орта есеппен 1,1 трлн теңгеге немесе 23%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Осыған сәйкес заң жобасында үш донор өңір – Астана және Алматы қалалары, Атырау облысы белгіленді. Олар бойынша бюджет қаражатын алу мынадай мөлшерде айқындалады: 2023 жылы – 432 млрд теңге; 2024 жылы – 469 млрд теңге; 2025 жылы – 504 млрд теңге", – деді министр.
Қалған 17 облыс бойынша бюджеттік субвенция көлемі: 2023 жылы – 5 трлн теңге; 2024 жылы – 5,3 трлн теңге; 2025 жылы – 5,8 трлн теңгені құрады.
Бұл ретте, Сенаттың қорытындысына сәйкес, аталған заң жобасына келесі негізгі бағыттар бойынша түзетулер енгізу қажет: облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына бөлінген шығындарды қайта қарау; бюджеттік сала қызметкерлері үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын қаржыландыруға бағытталған қаражатты жергілікті бюджеттерден республикалық бюджетке аударуға байланысты шығыстарды қайта қарау; қоныс аударуға субсидия беру және тұрғын үйді жалдауға (жалға алуға) және коммуналдық төлемдерді төлеуге жұмсалған шығындарды өтеу орнына көшіп келушілер мен жұмыс күші көп өңірлерде тұратын кандастар отбасыларына солтүстік өңірлерге қоныс аудару үшін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру; "Ауыл – Ел бесігі" жобасы аясында Қостанай облысының көшелерін орташа жөндеуге қосымша қаражат бөлу.