Сенатта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша "Самұрық-Қазына" қорын сатып алуға жаңа шектеулер енгізуді көздейтін заң жобасы қаралды, деп хабарлайды inbsiness.kz.kz.
Жоғарғы палата отырысында "Кейбір заңнамалық актілерге Мемлекет басшысының кейбір тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екі оқылымда қаралды. Нәтижесінде жоба Мәжіліске қайтарылды.
Заң жобасының бір блогы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға және бәсекелестікті дамытуға қатысты. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.
"Самұрық-Қазына" қорының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен сатып алу қағидаларын келісуі міндеттеу керек. Сонымен қатар жеткізушілердің сатып алу тәсіліне қарамастан шағымдану құқығы болуы тиіс. Қордың холдингаралық кооперациясы шеңберінде сатып алу тәсілін алып тастау керек. Заң жобасында қордың жалғыз акционерінің директорлар кеңесінің құрамын айқындауға және қор қызметіне ашықтық енгізуге бағытталған түзетулер қарастырылған", - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Бұған қоса, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және бәсекелестікті дамыту мақсатында мемлекеттік материалдық резервке арналған тауарларды, жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыруға арналған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді және ғимараттар, құрылыстар, үй-жайларды "бір көзден сатып алу" құқығы алынып тасталды.
Заң жобасы аясында "Табиғи монополиялар туралы" Заңға бірқатар түзетулер енгізілуде.
Атап айтқанда, сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда тарифті оның мерзімі өткенге дейін өзгерту; цифрландыру арқылы тарифтерді белгілеу процесінің ашықтығын арттыру; табиғи монополиялар субъектілерінің халықаралық қаржы ұйымдарының, Қазақстанның Даму Банкінің және екінші деңгейдегі банктердің кредиттерін тарту жөніндегі несиелік шарттарды уәкілетті органмен келісу міндетін белгілеу; табиғи монополиялар субъектілері қызметкерлеріне еңбекақы төлеуді экономикалық қызмет түрлері бойынша орташа статистикалық деңгейге дейін арттыру мүмкіндігін қарастырады.
"Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Заңға толықтыру енгізу ұсынылып отыр. Енгізіліп жатқан түзету Үкіметтің шешімімен "Самұрық-Қазына" қорына жыл сайын қордың таза кірісінің кемінде 7%-ын "Қазақстан халқы" қоғамдық қорына аударуға мүмкіндік береді", – деді министр.
Сонымен қатар, заң жобасында мынадай негізгі міндеттер қарастырылған:
- арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар (бұдан әрі - АЭА) туралы заңнаманы жетілдіру;
- жанар-жағармай материалдарын тарату жүйесін реформалау;
- мемлекеттік сатып алу және "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ сатып алу тәртібін қайта қарау;
- шетелдік автомобильдерді әкелу мен пайдаланудың жекелеген мәселелерін реттеу, құрылыс объектілеріне ведомстводан тыс кешенді сараптама;
- лотерея операторы қаражаттарын "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына жіберу;
- шығармашылық салаларды құқықтық реттеу;
- инвестицияларды тарту саласындағы ұлттық компанияның функцияларын жүзеге асыру.
Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алудың жаңа механизмін енгізу, сондай-ақ сұйытылған мұнай газ айналымын реттеу бойынша заңнаманы жетілдіру; мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу, мұнай жеткізудің маркетингтік схемасы; қылмыстық қудалау органының шешімдері және сыбайлас жемқорлық істері бойынша сот шешімдері нәтижесінде мектеп құрылысына бюджетке түсетін қаражаттың бағытын заңнамалық реттеу; тауар балансын бекіту; мәдениет және әуежай қызметі салаларында ақылы қызмет көрсету түрлерін кеңейту; "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру; қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және банк секторын реттеудің тиімділігін арттыру; мемлекеттік аудит нәтижелеріне шағымдану механизмін енгізу ұсынылды.