"Сеңкібай" каналы бетондалса, 4 мың гектарды суаруға су жетеді

873

Жамбыл облысындағы 21,8 шақырымдық "Сеңкібай" каналының құрылысына жауапты мердігер арнаның бас жағындағы 800 метрін ғана бетондаған.

"Сеңкібай" каналы бетондалса, 4 мың гектарды суаруға су жетеді Фото: Байзақ ауданының шаруалары

Нәтижесінде, Жамбыл және Байзақ аудандарының шаруалары биыл да сусыз қалды.

"Құрылыс аяқталып, канал түгел бетондалса, судың жоғалуы күрт азайып, 4 мың гектар жерді суаруға жетер еді", - дейді Байзақ ауданының шаруалары.

"Байзақ ауданы Мырзатай ауылдық округінің қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларымен кездестік. Еш нәрсе өспей қалған. Тұрғындармен бірге әбден қурап біткен беде алқабына бардық. Әнуар Серікбаев, Асылбек Сүлейменов, Досым Жиенбаев, Әбілсейіт Монбаев және өзге де шаруалар шығынға батқандарын айтты. Бүгінде келіп жатқан су 9 бұру шлюздеріне бөлініп, ауылдық округке жетпей қалады деуге болады. Соның нәтижесінде, биыл ауыл тұрғындары кіріссіз және күнкөріске қажетті қаржысыз қалуда", - дейді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев. 

Азат Тұрлыбекұлының айтуынша, ауыл тұрғындары су бөлуде жемқорлық ізінің барына сенімді. "Диқандар 500 және одан да көп гектар жерді алып жатқан ірі жерлердің иелері мұраптармен келісіп, суды көбірек бұрып алып отырғандарын айтты. Ал 5-10 гектарға егін еккендерге ылғал да қалмай тұр екен", - деді.

Биыл шаруалардың басым көпшілігі суды көп қажет ететін дақылдарды еккен екен. Әсіресе, қант қызылшасын еккендер көбейген соң су тұтынудың деңгейі күрт артыпты.

Шаруаның айтуынша, еккен қызылшасы 80 пайыз шығым берген. Бірақ, екінші суарымнан кейін, су жетпей, өспей қалған.

"Жыл басында "ҚазСушар" РМК бөлімінің өкілдері алдағы суару маусымына судың жететіндігін айтып сендірген болатын. Нәтижесінде егістік көлемі артты. Қырғыздан су кешігіп жатқанын түсініп отырмыз. Бірақ бар суды шаруаларды шырылдатпай, тең бөліп берсе", - дейді Әбілсейіт Монбаев.

Айта кету керек, өткен аптада Премьер-Министр Ә.Смайылов Жамбыл облысына жұмыс сапарында ағын судың жетіспеушілігінен шығынға батқан шаруалармен кездесіп, "Сеңкібай" каналының құрылысымен танысқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу