Шағала дауы ұлттық банктегілердің шашын ағартты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
8081

Қаржылық реттеушіге "ұрланған" шағалаға қатысты ресми түсініктеме беруге тура келді.

Шағала дауы ұлттық банктегілердің шашын ағартты

Осы аптада, 22 қараша күні ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев үлкен сән-салтанатпен "500 теңгелік" жаңа банкноттың тұсауын кескен болатын. Ол жаңа купюраның жалған ақша жасаушылардан қалай қорғалғанын және басқа да артықшылықтарын ұзақ әңгімеледі. Бірақ жаңа теңгенің бейнесі ақпарат құралдары мен ғаламторда жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілерде соған қатысты бір дау бұрқ ете қалды. Айран-асыр болғаны, ашуланғаны бар, интернетті пайдаланушылар жаңа банкнотта қанатын қайыра серпіген күйде бейнеленген шағаланың "ұрланғанын" айта бастады. Ол сурет шағалалар туралы Уикипедиядағы мақаланың фотосынан айнымайтын көрінеді.

"Бұл жерде жабайы табиғатпен шұғылданатын атақты швейцариялық фотосуретшінің фотосының оның рұқсатынсыз пайдаланылуы қатты қайран қалдырады және осы орайда авторлық құқық туралы мәселе бой көтереді. Бұған қалай жол берілген? Бұл ретте сапасы төмен интернеттік фотосурет көшіріп алына салған сияқты. Уикипедиядан ала салған. Жаңа банкноттың дизайны тамаша, бәрі жоғары деңгейде жасалған, бірақ шағала бәрін құртып тұр, ол бірден көзге ұратынын басқалар да айтуда. Бұл дауды тіпті мен бастамаған да едім", – дейді қоғам белсендісі Кирилл Ковязин.

Өзге қазақстандықтар да жаңа банкноттағы шағала мен ғаламтордағы белгілі фотосурет арасындағы ұқсастық жүз пайызға жуық екенін айтады. Егер швейцариялық фотосуретшілен қазақстандық ұлттық банктің плагиат жасағаны расталса, бұл халықаралық деңгейдегі даулар мен сот үдерісіне ұласып кетуі мүмкін еді. Сондықтан оның алдын ораған отандық ақпарат құралдары қаржылық реттеушіден пікір-түсініктеме сұрап, жүгінді.

Мұны ести сала, ұлттық банктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьев бұлан-талан, жатта кеп ашуланды.

"Мен шағаланың қандай позицияда тұрғанына түсініктеме бермеймін! Мұны барып тұрған абсурд деп санаймын: жекелеген азаматтардың фейсбукта ойына келгенін айтқанына қалай түсініктеме беруге болады. Қаңғып, әлдеқайдан ұшып келген шағала ол. Каспий теңізіне байқамай ұшып келген. Шатасып", – деп ерін бауырына ала тулады ол.

Бірақ дау сонымен түгесілмеді. Сондықтан ұлттық банк банкнотты әзірлеушілермен, сарапшылармен ақылдасып, лайықты түсініктеме беруге уәде етті: "Бұл шағаланың үрім-бұтағын, оның шығу тегін, қанаттарының серпілісін, басының айналысын, тұрқының ұзын-қысқалығын сонда білесіздер".

Расында, қаржылық реттеуші сөзінде тұрды.

Ақпарат құралдары алдына сол қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының бастығы шығып, сарапшылардың қандай қорытындыға келгенін мәлімдеді және купюрадағы шағаланың "Уикипедиядан" алынғанын жоққа шығарды.

"Суретші өз суретін әлдебір көрініске – "натураға" қарап отырып, салады. Ол көрініс табиғи объект, пейзаж, адам, немесе тіпті басқа сурет болуы мүмкін. Бұл жағдайда ұлттық банк дизайнерлері "натура" есебінде шағалалардың бейнесуреттерін пайдаланған. 500 теңгелік жаңа банкноттағы аталған қимыл-позадағы шағаланың басқаға ұқсастығы құстың танымалдылығын қамтамасыз ету қажеттілігінен туындапты. Ал мұндай суреттерді өте көп табуға болады", – деді Александр Терентьев.

Осы орайда әлеуметтік желілерде кейбір азаматтар қазақстандық банкноттағы шағаладан айнымайтын басқа да шағалалардың көптеген суреттерін қоса жариялауда. 

Бұдан бөлек, ұлттық банк теңгедегі суреттердің интернеттен жай көшіріліп орналастырыла салмайтынын (копи-паст), суретшілер барлығын қолмен салатынын алға тартады.

"Банкноттағы бейнелердің барлық бөлшек-детальдерін дизайнерлер тек қолмен салады, компьютерлік графикалық редакторлар пайдаланылмайды. Бұл – өндірістік процестегі қажетті әрі міндетті шарт. Келесі кезеңде ол сурет гравюра сызықтарына көшіріледі. Гравюра дегеніміз – бейнеленетін объектінің жарық және көлеңке тұстарын графикалық штрихтар мен сызықтар арқылы беруді білдіреді. Мұны дизайнер цифрлық планшетте жасайды және ары қарай баспаға әзірлейді", – деді ұлттық банк өкілі.  

Ведомствоның түсініктемесі бойынша, 500 теңгелік банкнот дизайны он жылдан астам уақыт бойы, 2006 жылдан бері өзгермепті. Содан бері баспаханалық және компьютерлік технологиялар алға озып кетті және барша пайдаланушылар үшін қолжетімді болды. Ал ақшаны қолдан жасаушылардың жолын кесу үшін ұлттық банк банкноттардың қорғаныштық қабілеттерін күшейту жұмыстарын жүргізуге мәжбүр. Осылайша, қазақстандықтарға көз таныс болып қалған "Бәйтерек" сериясындағы банкноттар 2011 жылдан бері "Қазақ елі" сериясындағы жаңа сипатты банкноттармен алмастырылуда.

Дегенмен, осы тұста шағалаға қатысты шудың артында басқа бір жайт елеусіз қалды. Атап айтқанда, қазақ елінің ұлттық валютасында "Мәскеу" пайда болды. Әрбір қимыл жасар алдында Кремльдің нән сағатына қарап, түзетуге тура келетін кеңес заманы келмеске кеткені мәлім. Ал Ресей астанасының атымен аталатын бизнес орталықтың біздің теңгеде пайда болуы да – ұлттық банк пен банкноттық фабрика дизайнерлердің "креативі" көрінеді.

"Жалпы, "Қазақ елі" сериясындағы барлық банкноттардың қасбетінде көгершіндер бейнеленген, өйткені ол барша мойындаған бейбітшілік символы болып табылады. Мұның сыртында банкноттарымызда Қазақстанның бас қаласының ғимараттары мен құрылыстары, соның ішінде "Бейбітшілік және келісім сарайы", "Хан Шатыр", "Астана Арена" спорт кешені, "Салтанат қақпасы" және басқалары салынады. Осы серия аясында 2017 жылы айналымға жіберіліп отырған жаңа "500 теңгелік" банкноттың қас бетінде "Қазақ елі" монументі, парламент сенатының ғимараты, "Москва" бизнес орталығы бейнеленіп отыр. Бұл жерде ұлттық валютаға қандай объектінің пайда болатынын таңдау – бізді банкноттар дизайнерінің айрықша құзырында. Ол бұған көркемдік тұрғысынан келеді: объекті банкноттағы басқа элементтермен үйлесіп, бірегей композияция түзіп тұруы керек", – деп түсініктеме берді Александр Терентьев.

Осы орайда солтүстік көршіміздің тәжірибесін үлгі етпеске амал жоқ: биылғы 12 қазанда РФ орталық банкі жаңа 200 және 2000 рубльдік банкноттардың тұсауын кесті. Ресей қаржылық реттеушісінің басшысы Эльвира Набиуллинаның айтуынша, бұл банкноттарда не бейнелетіні ашық конкурс арқылы анықталған. Оның барысында 1113 ресейлік қаланың өз көркем объектілерін ұсынған 5 мыңдай өтініш түсіпті. Ол өтініштер артынша жалпыхалықтық талқылауға шығарылып, ел өзі таңдады.

Біз болсақ, өз ұстанымын таңатын ұлттық банктегі дизайнерлердің бірдеңені бүлдірмеуінен ғана үміт қыла аламыз. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу