Шаңғышы қыз-жігіттеріміз үмітті ақтамады

2103

Францияның Ля Клюза демалыс тау шатқалында шаңғы жарысынан әлем кубогының 4-кезеңі де мәресіне жетті. Әлемдік додада ұлттық құрамамыз өте нашар өнер көрсетіп, жаттықтырушыларды да жанкүйерлерін де жерге қаратты.

Шаңғышы қыз-жігіттеріміз үмітті ақтамады Фото: nflg.kz

Ауа-райының қолайсыздығынан спортшыларға қиын болды дейін десең, тағы болмайды. Өйткені, жағдай барлық командаға бірдей.

Бұлай айтуымыздың себебі, Ля Клюза қалашығында жатқан қардың қолайсыздығына байланысты ұйымдастырушылар бағдарламаны өзгерткен болатын. Жоспарланған скиатлонды масс-стартқа ауыстырды.

Тағы бір айта кетерлігі, командамыздың лидері Алексей Полторанин өткен кезеңде жарыс жолына шықпаған еді, бұл жолы тағы қалыс қалды. Кейінгі кезде оның денсаулығы сыр беріп жүрген көрінеді. Бапкерлерінің айтқанына сенсек, оған суық тиген. Демек, келесі негізгі кезеңдердің бірі – Тур де Скиге де шықпауы мүмкін. Біздіңше, Полтаранин бар күшін әлем біріншілігіне сақтап жүрген сияқты.

Енді осы Франциядағы 4-кезеңге келсек, бірінші болып қыздар 10 шақырымға шықты. Анна Шевченко бұл бәсекеде алдыңғы отыздыққа ілінбей қалды. Мәреге 32-ші болып келді. Бір қызығы, бұл нәтиже қазақстандықтардың биылғы маусымдағы ең үздік көрсеткіші саналып отыр.

Ол былай тұрсын, жарыс жолына шыққан төрт спортшының үшеуі мәреге жетпей ұйымдастырушылар оларды жарыстан шығаруға мәжбүр болды. Өйткені, басқалардан бір айналымға қалып қойған. Ирина Быкова 4 минуттай қалып, мәре сызығын 54-ші болып кесті.

Ал ерлеріміз жарысуды мүлде қойды, Алексей Полтараниннің жоқтығы қатты сезілді. Эстафеталық жарыста бір айналымға қалып қойған жалғыз команда осы Қазақстан құрамасы болды. Сөйтіп, олар да мәреге жетпей жарысты тоқтатты.

Оларға қарағанда біздің қыздар эстафетада жап-жақсы өнер көрсетті. Әйтеуір Франция, Ресей, Беларусь және Канаданың екінші командаларынан озып, мәреге 10-шы жетті.

15 шақырымдық жарыс жолында ерлерден Олжас Климин 52-ші келді, Денис Волотка, Константин Борцов және Ердос Ахмадиевтер 71, 72, 73-орындарға жайғасты.

Жалпы, Әлем кубогында Норвегия құрамасынан ешбір команда оза алар емс. Ерлер де әйелдер де шаңғы спортынан әлемдегі мықты команда екенін дәлелдеп келеді.

Алда әлі ең негізгі кезең – Тур де Ски күтіп тұр. Бұл бәсеке Швейцарияның Валь Мустар тау шатқалында өтеді.

Қазақстан шаңғышылары біраз тынығып алған соң, Қазақстан кубогына қатысады. Осы кубоктан кейін Универсиада және Әлем чемпионатында ел намысын кімдер қорғайтыны белгілі болады. Қазақстан кубогы Талғардағы "Алатау" шаңғы-биатлон кешенінде өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу