Шар қаласының теміржол вокзалында қаңғыған иттер қаптап жүр

1856

Тіпті адамнан қорыққанды қойып, керсінше тістерін ақситып, өзіне тап беретін көрінеді.  

Шар қаласының теміржол вокзалында қаңғыған иттер қаптап жүр

Жолаушылардың айтуынша, иесіз иттер ашыққандықтан адамға жүгірген. Сырттан жарытып тоймаған соң, адам аяғы үзілмейтін бекетті бетке алатын сыңайлы.

– Мұнда қаңғыған иттер көп екен. Жолдан түсіп тамақ алайық десек, соңымыздан қалмайды. Қауып ала ма деп қорқасың. Сескену, қорқу дегенді білмейді. Байқамасаң өзіңе ырылдап, тап береді. Жергілікті жауапты мамандар иттердің көзін неге құртпайды? Үнемі осылай төртаяқтылар бекетте жүреді, – дейді жолаушы Жұмақан Нәбиолда. 

Тағы бір жолаушы Айгүл Асылбекованың айтуынша, осы көктемде темір жол бекетінде баласын ит қауып ала жаздапты. 

– Көктемде екі қызымды алып жолға шықтым. Кіші қызым анандай жердегі дүкеннен су сатып алғалы кетті. Қайтып келе жатқанда бұралқы ит қызымның артына қалмай еріп келе жатты. Тоқтай қалып, "кет" деп қолын көтеріп қалып еді, арыс етіп тап берді. Маңындағы жолаушылар айқайлап, әйтеуір аман алып қалды. Сәл кешіксек қауып алатын еді, – дейді ол өткен үрейді еске алып. 

Осыған дейін әр өңірден қаңғыған иттердің адамға шауып, тіпті кейбірінің соңы қайғылы жағдай аяқталып жатқанын да жиі естиміз. Бірақ мұндайда жауапкершілікті арқалар иттің иесі де, мекеме де бұқпантайлап қалатыны жасырын емес. 

Бөрінің тәңірісі бар, иттің иесі қайда? Жеті қазынаның біріне балаған үй жануарының қаңғып қалуына кім кінәлі? Ала жаздай асырап, тастап кеткен иесі ме, әлде жауапты мекеменің жауапсыздығы ма? 

– Шар қаласы бойынша, жыл басынан бері 55 ит ауланды. 26 масым күні 46 ит ауладық. Осыған дейін тұрғындардан 18 шағым келіп түсті. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табатын болады, – дейді Шар қаласы мал дәрігерлік бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Сакинов.

Жауапты мекеме мамандары бұл жағдайда тұрғындардың да кінәсі бар екенін алға тартуда. Айтуынша, көктем шыға көшін саяжайға бұратын қала тұрғындары күшік асырауды қызық көріп, күзде қалдырып кетеді екен. Ашыққан иттер ақыры елдімекендерге кіріп азық іздейді. 

Осы орайда мал дәрігерлік бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Сакиновтың көрсеткен сандық мәліметтеріне қарап, жарты жылдың жұмысын бір күнде атқарғанын көруге болады.

Яғни жыл басынан бері барлығы 55 ит ауланды десе, 26 маусымда бір күнде 46 ит ауланған. Сонда алты айда тоғыз ит ғана атылған. 

Жолаушылар аталған мекеме қызметкерлерінің жұмыстарына жауаптылықпен қарауын сұрайды. 

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу