Осынша кеңдікке қарамастан әлі де егістік жерге таласқан шаруалар мен малына жайылым таппаған ауыл жұртшылығы жетерлік. Бұның бәрі сол бас-басына млн-даған гектар жерден еншілеп, онысын не пайдаға жаратпаған қалталылардың кесірі екені анық. Абырой болғанда, кейінгі жылдары мемлекет жекенің қарауына кеткен жерлерді қайтарып жатыр. Әйткенмен бұл істе кемшіліктердің бары көрінеді.
Әр малға қанша гектардан тиесілі
Елдегі шенділердің ескі әдеті қалсын ба, Президент міндет жүктемесе мән-жайға бас ауыртпас хәлде жүргендерінде аяқ асты жекеге кеткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма жүктелді. Сонымен жауаптылар шұғыл шалғайдағы ауылдан бастап, сай-сала мен тау-тас, берісі қала маңындағы жерлердің заңдылығын тексеріп, біршама заңсыздықтарды әшкере қылды.
Мәселен, 2022-2023 жылдары пайдаланылмайтын және заң бұза отырып берілген 10 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған екен. Биыл жыл басынан бері қайтаруға жоспарланған 2 млн гектар аумақтың 1,15 млн гектары мемлекет меншігіне өткен. Әрине, жұмыс аз емес, еңбекті жоққа шығаруға болмайды. Әйтпесе осынша жер әлі кей дөкейдің өз дүниесіндей жайрап жата берер ме еді.
Дегенмен бұл тұста тағы бір ескерер мәселелер жол тосады. Жер кодексінің 14-1 бабының 3-тармағы, 2-тармақшасына сәйкес, жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі ұсыныстар мен шешімдер жобаcын дайындау жергілікті аудан немесе облыстық маңызы бар қаладағы уәкілетті органдардың құзыретіне кіреді. Осының әсерінен екі проблема шығады.
Біріншіден, жеке шаруа қожалығы бар адамның бірнеше жыл жалға алған жайылымы бар делік. Алайда қожалық иесі өзіндегі малды шаруашылықтың емес, базадағы жеке басына тіркеп қояды. Сәйкесінше ол жерін пайдаланбаған болып есептеледі. Ақырында қайтадан мемлекетке өтуі мүмкін.
Екіншіден, шаруашылық есебіне мал тіркелсе де, нормадан аз болмағаны дұрыс. Мал басына бекітілген жер көлемі барын біреу білсе, біреу білмес. Заңмен бекітілген әр облыстың жер ерекшелігіне қарай жүктеме нормасы да әртүрлі. Бір өңірде ірі қараның әр басына норма 15 гектар деп жазылса, басқа аймақта 10 гектар, кейбірінде тіпті көп болуы мүмкін. Ел аумағында біркелкілік болмай, осындай жағдайдың кесірінен жерінен айырылғандар болса да таңғалмаймыз.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2022-2023 жылдары 3,2 млн гектар жер иелеріне заңнама талаптарын бұзушылықтарды жою туралы бір жыл мерзімге нұсқама берілген. Биыл да 208,6 мың гектар жер иелеріне қайта игеру бойынша тапсырма беріліпті.
Жер толық цифрланбады
Ендігі мәселе – жердің толық цифрландырылмай жатқаны. Мысалы, жоғарыда айтқан республикадағы ауыл шаруашылығы алқабының 77 пайызы, яғни, 158,2 млн гектары цифрландырылған. Істі әлде де жеделдету керегі аңғарылады. Биыл 2022 жылы мемлекетке қайтарылған жерлердің интерактивті картасы – jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Қазір интерактивті картаны кез келген адам қарай алады. Сол арқылы азаматтар жергілікті атқарушы органдарға жер учаскелеріне құқық беру туралы өтініш жасауға мүмкіндік алған.
Көңілге бір демеу болары, геосервисте жайылым жетіспейтін аумақтардың орналасқан жері туралы деректер енгізіліп жатқанға ұқсайды. Яғни, босаған жерлерді жайылымға айналдыру бастамасы бар. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті "Кадастр" кафедрасының аға оқытушысы Айдарбек Берістеновтің айтуынша, бұл мәселе бәрінен бірінші тұруға тиіс.
– Жайылым мен шабындықты көбейту үшін мемлекет меншігіне өткен жерлерді елдімекен жеріне қосу керек. арқылы шекараларын ұлғайту керек. Қазір ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысатын азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жерді жалдау құқығын беру арқылы конкурс ұйымдастырылғанмен, оның ары қарай жауапкершілігіне ешкім көңіл бөлмейді. Себебі кез келген ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтың біріншіден, арнайы білімі жоқ, екіншіден, ауыспалы егістікті сақтау, жерді ұтымды пайдалану, құнарлылығын бұзбау, мол өнімге қол жеткізуге назар салмайды, – дейді маман.
Жері барларды кім қадағалайды
Мамандар ең алдымен жер учаскесін алуға ниетті азаматтардан жерді игерудің нақты жобасын талап еткен жөн екенін айтуда. Бұрынғы жер пайдаланып жүргендерге де міндеттеу қажет екен.
Оның үстіне ауыл шаруашылығы жерлерінің барлығы ауылдарда, ал оны аудандық емес, облыс орталығындағы жер ресурстарын басқару департаменттері қадағалайды.
Қашықтықтың алыс болуынан барлығы бақылауда болмауы мүмкін. Таратып беру оңай болғанымен, оны бақылау, иесінің игеруі, білімі, техникалық базасы секілді мәселелер бар.
Үкімет бұл мәселені шешу мақсатында жер иелеріне қойылатын топырақ сапасын, өсімдік жамылғысын сақтау, жайылымның тозуын болдырмау, ауыспалы егістерді сақтау және жерді ұтымды пайдалану тиімділігін арттыруға қатысты талаптарды күшейтпек ниетте. Ал ол бойынша қандай нормалар қабылданады, орындалуы қалай болады – бәрін уақыт көрсетпек.
Не десек те, аталған мәселе бойынша алға ілгерілеу бар. Тек жұмыстарды жеделдеткен жөн секілді. Бұрынғыдай болмаса да, арагідік елдің оңтүстіктегі өңірлерінің тұрғындары жайылым жетпей жатқанын айтып қалуы бекер емес.