Шегірткеге қарсы себетін удың адамға да зияны бар болып шықты

1141

Қазір елімізде егіннің жауы – шегірткемен күрес белсенді жүргізілуде. Зиянкестердің қалың легі көршілес Ресейдің шекаралас аймақтарынан таралу қауіпі зор. 

Шегірткеге қарсы себетін удың адамға да зияны бар болып шықты Фото: aikyn.kz

Сыбайлас жемқорлықты зерттеу-қоры (ФБРК) деп аталатын отандық ұйым зиянкестермен күресте қандай химиялық дәрілер қолданылып жатқанын зерттепті.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда осы мақсатта шамамен 1,6 миллион гектар жер аумағы өңделген, оның ішінде 270 мың гектар жер шекара маңындағы Қостанай облысына тиесілі болса, зиянкестердің қалың көші өткен көршілес Орынбор облысымен шекаралас Ақтөбе облысының 482 мың гектар жері химиялық дәрімен уландырылған.

Бүгінгі таңда біздің тарап Қазақстан-Ресей шекарасы бойымен 104 шақырымға жуық жерді өңдеген. Ал Ресей ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, олар Орынбор облысының өздеріне тиесілі 22 мың гектар жері мен шекара бойындағы 10 шақырым белдеуді дәрілеген. Қазақстан үкіметі зиянкестермен күрес жұмыстарында негізінен Ресей тарабы көбірек дәріленуі керек деп есептейді.

Осы мәселеге байланысты жуырда Қазақстан мен Ресей ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері зиянкестердің көршілес  мемлекеттерге көшуіне жол бермеу жөніндегі шаралар барысында уағдаласқан-ды.

Сыбайлас жемқорлықты зерттеу қоры Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Түркістан мен Жетісу облыстарында шегірткелерді қандай химиялық дәрімен улап жатқандығын анықтап көрген екен.

Зиянкестерге қарсы қолданылатын химиялық дәрілер қтарына "Имидаклоприд", "Дифлубензурон", "Цигалотрин", "Тиаметоксам", "Циперметрин", "Хлорпирифос", "Фипронил" және "Ацетамиприд" секілді препараттар жатады екен.

Бұл препараттар Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы жұмыстары үшін зиянкестерге қарсы күресте қолдануға рұқсат етілген.

Алайда, препараттардың белсенді ингредиенттері топыраққа сіңіп қалмай, өзен-көлдерге, жерасты суларына өтіп кету қабілеті барын да ескеру керек.

Сонымен қатар, бұл заттар шегірткелерді улап қана қоймай, сонымен қатар басқа да жәндіктерге зиянды әсер етеді. Бүгінгі күні шегірткемен күресу кезінде қолданылып отырған барлық препараттар құмырсқалар мен аралар үшін өте улы. Әсіресе, гүлдер мен жеміс ағаштарын тозаңдандыратын бал аралары үшін аса қауіпті.

Мәселен, жоғарыда аталған "Тиаметоксам", "Имидаклоприд" және "Ацетамиприд" препараттары никотин уын өзгерту арқылы жасалған неоникотиноидтар тобына жатады. Бұндай пестицидтер өсімдікті тозаңдандыратын жәндіктердің тез жойылуына әкелетіндіктен, Еуропалық Одақ елдерінде тыйым салынған.

2023 жылы Қазақстанның оңтүстігінде никотиноидты пестицидтермен дезинсекция жүргізгеннен кейін, бал аралардың жаппай қырылып қалғаны жөнінде бейнематериал әлеуметтік желіде пайда болды. Сонымен қатар, 2020-жылы американдық зерттеушілер тобы неоникотиноидтарды қолданғаннан кейін АҚШ-та құстар саны күрт азайып кеткенін айтып, дабыл қақты.

Атап айтқанда, елімізде зиянкестерге қарсы қолданылып отырған химиялық дәрілердің құрамында өте қатерлі қоспалар бар. Олардың кейбірі адам организміне кері әсерін тигізіп қана қоймай, келешекте уланған адамнан түрлі жаман аурумен туылатын ұрпақ пайда болу қауіпі бар.

Айталық, 2014 жылы АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігі "Хлорпирифос" препараты қолданылған аймақтан 1,5 шақырым қашықтықта тұратын жүкті әйелдерден туған балалардың 60%-ға жуығы аутизммен ауыратынын анықтаған. Тек, 2021 жылы ғана қоғамдық белсенділердің араласуымен Америкада "Хлорпирифос" дәрісін зиянкестерге қарсы қолдануға тыйым салынды. Өйткені, елдегі балалар мен жасөспірімдер арасында шектен тыс құлазу, үрейге шалдығу, өз-өзіне қол жұмсау секілді жүйке аурулары көбейіп кеткен.

Сөз соңында айтарымыз, бізде де жайылымдар мен қала көшелерін зиянкестерден қорғау үшін науқанды түрде дәрілеп жатады. Алайда, ешбір құзырлы орган халықты ескертіп, не болмаса, қандай химиялық қоспа мен улар қолданып жатқанынан есеп бермейді. Қазір ел ішінде кездесетін түрлі қатерлі аурулардың шығу себебі де осындай қауіпті химиялық қоспасы бар препараттарды қолданғандықтан болар деп күдіктенеміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу