Шегірткемен "шайқас" басталды

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
4047

Оңтүстік диқандарының еңбегі еш болмауы керек.

Шегірткемен "шайқас" басталды

Оңтүстік Қазақстанның шаруаларына көктем шығысымен егін егумен қатар түрлі зиянкестермен күресуге тура келеді. Бұл жылдағы үйреншікті жағдай. Алты ай жазғы есіл еңбегінің еш кетпеуін ойлайтын оңтүстік диқандары шегірткемен күресті қазірден бастап жіберді. Әсіресе Сарыағаш ауданында қаптап кететін үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шараларына жергілікті билік ерекше көңіл бөліп отыр. Облыстық аумақтық инспекция мамандары биыл  276 мың гектар жерге химиялық күрес шараларын жүргізілетінін айтуда.

"Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шаралары  276 мың гектар  жерге жүргізіледі. Оның  59% - ы яғни  163,5 мың гектары  жер үсті агрегаттарымен, 40% -дан астамы авиациямен, 1%-ға жуық алқап аспалы бүріккіштермен өңделеді", – дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Нүркен Бадырақов.

Инспекция басшысының айтуынша, химиялық күрес шаралары  былтырғыдан екі есе артығымен атқарылатын болады. Оның ішінде марокко шегірткесіне қарсы шаралар 257,58 мың гектарда,  азиялық шегірткеге қарсы  12,4 мың гектарда, итальяндық прус шегірткесіне қарсы  5,92 мың гектарда  жүргізіледі деп күтіліп отыр.

"Өңделетін алқаптың 51%-ы яғни  140,35 мың гектары  Сарыағаш ауданына тиісілі болса, 20 %-ы немесе 56,3 мың гектары  Арыс қаласына  тиесілі.  27,2 мың гектар  Шардараға, 7 %-ға жуығы немесе 20 мың гектар  Ордабасы ауданына,  8  мың гектары Бәйдібек ауданына тиесілі.  Облыстық аумақтық инспекция тарапынан өңдеу жұмыстарын сапалы жүргізілуін бақылауға, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге аудандар бойынша 42 инспектор және 18 автокөлік бөлінеді",  –  дейді Нүркен Бадырақов.  

Шегірткемен күрес шараларына дайындық барысы өткен аптада облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен тағы да пысықталды. Аймақ басшысы шегірткемен күрес шараларына ерте қамдануды, қажетті техника мен мамандарды осы бастан даярлауды жүктеді.

"Шегірткемен күрес жыл сайынғы мәселеге айналып отыр. Сондықтан биылғы алдын-алу шараларын ерте бастаған абзал. Зиянкестерге қарсы күрес шараларына қажетті химикаттарды көп мөлшерде әзірлеп, техникалардың дайындығын пысықтап алған жөн. Егер жұмыстар жүйелі атқарылмаса,  оңтүстік диқандарының есіл еңбегі еш кететін болады. Сондықтан бұл іске аса жауапкершілікпен қарауды тапсырамын", – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Биыл  257,58 мың гектар алқаптың 1574,7 мың гектарына химиялық жұмыстар жүргізу үшін анықтау-зерттеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. Оған "Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы" мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы тарапынан штат бойынша 58 адам бөлінген. Бұған 3 айға уақытша жұмысқа 33 адам тартылып, барлығы 91 адам анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Анықтау-зерттеу жұмысын сапалы жүргізу үшін аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарынан қосымша 287 анықтаушы жұмылдырылыпты. Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін мердігер компаниялар жеке кәсіпкер "Оразалиев", "Өсімдік қорғау" ЖШС және "Авиакомпания Дельта-Юг" ЖШС тарапынан 71 дана жерүсті агрегаты, 5 дана АН-2 ұшағы қарастырылып отыр. Жерүсті агрегаттарының өңдеу қуаттылығы күніне 100 гектар. Күніне 7,1 мың гектар  өңделсе, жоспарланған 163,17 мың гектарды 23 күнде аяқтауға болады.

Ал Ан-2 ұшағының өңдеу қуаттылығы күніне 1,2 мың гектар. Ұшақ  күніне 6,0 мың гектарды өңдесе, жоспарланған 99,71 мың гектарды 17 күнде, жалпы химиялық өңдеу жұмыстары 23-25 күнде аяқталады. 

Айта кетейік, оңтүстікте  шегіртке маусымның орта тұсында күш алып кетеді. Әсіресе батыс өңірлерден ұшып келетін итальяндық прус үйірлі шегірткелері егіс алқабын тып-типыл етіп кетуге қауқарлы. Егер дер кезінде улау шаралары жүргізілсе, қауіпті зиянкестердің алдын бөгеуге болады. 

"Негізінен біздің өңірге шегіртке Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан ауып келеді. Күн райы бүгінде аса ыстық болмай тұр. Егер күн бірден ысыса, қаптап кетуі ғажап емес. Италия шегірткісінен бөлек жергілікті саяқ шегірткелер де қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан биыл өңірімізде шегірткемен күрес шаралары ерте басталғанына қуанып отырмыз", – дейді сарыағаштық  диқан Әбу Қожанов.

Рас соңғы жылдары шегіртке оңтүстіктегі егін мен шөптің өсіп жетілуіне кедергі келтіріп жүр. Мамандардың айтуынша, биылғы көктемнің салқын әрі жауынды болуы шегірткенің жандануын тежеп отырғанға ұқсайды.

Ағымдағы жылы алғаш рет агроқұрылымдардың наразылығын, ұсынысын, шағымын дер кезінде қарап, нақты шаралар қабылдау үшін және былтырғы жылғы кемшіліктерді болғызбау үшін облыстық аумақтық инспекциясында жедел байланыс орталығы ашылды. Яғни агроқұрылымдар шегірткеге қатысты кез-келген мәселесі бойынша "1305" нөміріне қоңырау шалып, дер кезінде зардаптың алдын алуына болады.

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу