Ресей деревняларын бос қалдырған жаумен Қазақстан қалай күреседі

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2587

 Біздің ел үлкен шайқасқа әзірленіп жатыр. 

Ресей деревняларын бос қалдырған жаумен Қазақстан қалай күреседі

"Майдан" даласындағы алғашқы шабуылға 37 ұшақ, 31 аса жеңіл авиация, жерде бірнеше жүз техника, мыңдаған адам жұмылдырылмақ. Бір жақсысы, бұл соғыс шегірткеге қарсы ашылып отыр. Онымен жойқын күресті тиімді жүргізу үшін ел үкіметі қазір өңірлерде кеңес өткізуде.

Ауыл шаруашылығы өндірушілері қанатты шегірткеден асқан жау жоқ екенін айтады.  

"Шегіртке жайпап өткен өңірлерде егіншілер астықтан айырылады, бақша салатындар өсірген өнімдерін базарда не дүкендерде сата алмайды. Ал төрт түлік ұстайтын ауылдықтарға жақын жерде шұрайлы жайылым қалмай қалатындықтан, бар малын сойып, сатуына тура келеді. Фермерлер осыдан кейін егін егуден де қорқады, әйтпесе, әлгі "жегіқұрт" дернәсілін тастап кетсе, келесі жылы өсіргеннің бәрін шөппен бірге солар жалмап қояды", – дейді фермер Еркеғали Жабақов.

Ол шегіртке шабуылының жау шапқанмен бірдей нәубет екенін паш ететін бір мысал келтіреді. Батыс Қазақстан облысымен шектес жатқан Ресейдің Волгоград облысында, дәл осы жәндікпен шайқаста жеңіліс тапқаннан кейін тұтас аудан қаңырап бос қалыпты. Атап айтқанда РФ-ның осы облысының Быковский ауданында деревнялар мен селолардың халқы тұрғылықты жерлерін тастап, босып кеткен. Бұрынғы бақташылар мен егіншілер "екі қолға бір күрек" іздеп, Волгоградқа, Мәскеуге және солтүстікке лек-лекпен ауыпты.

Өйткені шегірткенің ауыр шапқыншылығына ұшыраған Волга бойында барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының үлкен бөлігі жойылып кеткен. Тек әлгі ауданда ғана 80-нен астам әл-ауқатты фермерлік шаруашылық шығынға белшеден батқан. Олар мемлекеттен ешқандай өтемақы және жәрдем ала алмаған көрінеді. Қас дұшпанмен жалғыз қалған фермерлер өз беттерінше улы химикаттар алғызып, бүркеуіштермен (опрыскиватели) егістіктерді өңдеуге тырысқан, алайда одан қайыр болмаған көрінеді. Әрине Ресейде тойтарыс көрмеген шегірткелер қазақ жеріне басып кіретіні белгілі.      

Еуразия құрлығының әр тұсында шынайы әскери қақтығыстарға тартылып, қарулы ұрыстарға әлек болып жатқан солтүстік көршіден айырмашылығы сол, бейбіт Қазақстанның үкіметі отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді бұл зұлматпен бетпе-бет қалдырып отырған жоқ, қамқорлық жасап, қолдау көрсетуде.

Премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Оңтүстік Қазақстан облысында өткен, жергілікті өкілдер сыртында, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының басшылары мен аграршы кәсіпкерлері қатысқан үкіметтік кеңесте ауыл шаруашылығы жерлерін шегіртке зиянкестерінен қорғау мәселелері бойынша шұғыл шешім қабылданды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 2018 жылы 5,1 млн гектар жерде зиянды және аса қауіпті зиянды организмдердің, сондай-ақ карантинді объектілердің шабуылы мен таралуы күтілуде. Соның ішінде үйірлі шегіртке зиянкестері 1,92 млн гектар аумақты қамтиды деп болжануда. Ал саяқ шегірткелерге (нестадные саранчовые) қарсы жарты млн  дәлірек айтқанда, 444 мың гектар алаңда ұрыс жүреді.

Өмірзақ Шөкеев аса қауіпті зиянды және карантинді ағзалардан, соның ішінде шегірткелерден қорғану іс-шараларына республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге жұмсалатынын хабарлады.

Бұл ретте еліміз бойынша барлығы 540 техника жұмылдырылмақ. Атап айтқанда, оның қатарында 37 ұшақ, 31 аса жеңіл авиация, 33 аэрозольді генераторлар, 141 ультра аз көлемді бүріккіштер (УАКБ) және 192 иыққа ілетін бүріккіштер бар. Осылайша ел үкіметі бұл шайқастағы тегеурінін биыл күшейтіп отыр. Себебі салыстыру үшін айтсақ, былтыр осы күреске тек 330 бірлік техника ғана жұмылдырылған еді.

Шегірткелердің қозғалысына және олардың таралуына егжей-тегжейлі мониторинг жүргізіп, нақты бақылау үшін заманауи спутниктік құрылғылар, GPS трекерлер мен GPS навигаторлар қолданылады. Олар арқылы координаттар салыстырылады және географиялық ақпараттық жүйемен (ГИС) салыстырудан еліміздің әр аумағындағы күрес даласындағы нақты жағдайдың шынайы көрінісі белгілі болады.

Айтпақшы Қазақстанның қай өңірінде қай жылы қандай шегіртке түрлерімен ұрыс жүргенінің жеке "тарихы" жазылмақ. Өйткені агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру аясында карта түзу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аса қауіпті, зиянды организмдердің, оның ішінде шегіртке зиянкестерінің таралу ошақтарының электрондық картасы құрылады.

"Қазақстанда пестицидтерді сатып алу конкурстары аяқталды. Үйірлі шегіртке тектестерге қарсы 540 дана бүріккіш техникалары жұмылдырылады. Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу бойынша жеткізушілер айқындалды, қалған өңірлер бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда. Жедел жағдайға "Фитосанитария" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының резервтегі техникасы дайындалды", – дейді ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев.

Үйірлі шегірткеге қарсы жұмыстар оңтүстік өңірлерде 2018 жылдың 10 сәуірінен басталып кетіпті.

Үкіметтік жиында "жаудың" бет-бейнесі және қайдан келгені анықталды. Сонымен биыл Қазақстан итальяндық және азиялық шегірткенің шабуылын күтіп, оларға қарсы қорғау шараларын қабылдайды. Бірақ бұдан бөлек басқа да "легионерлер" қолы "жасақталуда" екен.

"Мысалы, марокколық шегірткенің жаппай таралуы Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында күтілуде, осы өңірлерде марокколық шегірткеге қарсы 639,6 мың гектарды, тарата айтсақ, Оңтүстік Қазақстан облысында 340,9 мың гектарды, Жамбыл облысында 298,7 мың гектарды өңдеу жоспарланды", – дейді бірінші вице-министр.

"Ұрыс даласындағы" іс-қимылды үйлесімді жүргізу үшін облыстар әкімдіктеріне жедел штаб құру жүктелген.

Мамандар әсіресе, саяқ шегіртке тектестерге баса назар аудару қажеттігіне көңіл бөлді. Егер соғыс терминіне салсақ, үйірлі шегірткелер "дивизия" болса, бұлар – "жау партизандарына" ұқсайды.

Ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдар 408,4 мың гектар жерді өңдеуге 718,3 млн теңге бөлді.

Алайда қолдағы ақпаратқа сәйкес, облыс әкімдіктерінің барлығы бірдей бұл мақсатқа қаражат көздемеген. Арман Евниевтің дерегінше, Қарағанды облысының әкімдігі 15,6 млн теңге бөлген, бұл 33,7 мың гектар жердің тек 8,3 мың гектарын, яғни бар-жоғы 24%-ын ғана өңдеуге мүмкіндік береді.

"Қытаймен, Өзбекстанмен және Ресеймен шекаралас аумақтардан үйірлі шегіртке тектестердің ұшып келуінің уақытылы алдын алу мақсатында, біздің министрлік үйірлі шегіртке тектестермен күресу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімдер бекітті. Ресеймен 2018 жылға бірлескен іс-шаралар жоспары келісілді", – дейді АШМ басшысының бірінші орынбасары.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу