Шөкеев ауыл шаруашылығына түбегейлі өзгерістер енгізбек

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4964

Мырзахметовтың кооперативтері экономикалық немесе әлеуметтік жоба емес, саяси тәсіл еді.

Шөкеев ауыл шаруашылығына түбегейлі өзгерістер енгізбек

Жаңа министр ауыл шаруашылығы кооперативтеріне сенбейді
Екі жыл бұрынғы жер мәселесінен кейін президент ауыл халқы мен ауыл шаруашылығын ерекше бақылауды ұстауды тапсырып, сол кездегі министр Асқар Мырзахметовты үкімет басшысының орынбасары етіп бекіткен еді. Басты миссиясы ауыл халқы мен ауыл шаруашылығын назарда ұстау екенін бірден түсінген Мырзахметов министрлігі президенттің тапсырмасымен елдімекендердегі қосалқы үй шаруашылықтарын біріктіріп коператив құру науқанын қолға алған.

Кооперативтердің ұраны елдің түкпір-түкпіріндегі ауыл аймаққа тез жетті. Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды мен Алматы облыстарының әкімдіктері белсенді жұмыс істеді. Сала мамандары бұл науқанды бір кездерде тарап кеткен ұжымшарлар мен кеңшарлардың нарықтық экономикаға бейімделген жаңа түрі деп бағалады. Үкімет өз кезегінде бұл жаңалықты ең алдымен бірді-екілі қарасы бар ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзі болатынын түсіндірді. Белгілісі, бұл науқанның жоғарыдағы жер мәселесінен кейін шыққандығы. Үкімет президенттің тапсырмасымен ауыл халқына айналысатын жұмыс тауып беруі керек болды. Жалпы, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласы әлі күнге дейін экономикада бизнес емес, әлеуметтік сала ретінде қарастырылып келеді. Мүмкін, оған мемлекеттің саясаты тікелей әсер етіп отырған шығар.

Ал жаңа министр Шөкеевтың кооператив туралы пікірі Мырзахметовтікінен өзгешелеу. Олай болатын себебі де түсінікті. Мырзахметовтың кооперативтері экономикалық немесе әлеуметтік жоба емес, саяси тәсіл еді. Бір ай бұрын министрліктің басшылығына келген Шөкеев салада үлкен өзгерістер жасауға бекініп отыр. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығына қаражаттың жетіспеуі, салық жүйесінің ретсіздігі, кооперативтердің көзбояушылығы мен субсидиялардың тиімсіздігі ауқымды жұмысты талап етеді.

Екі жылдық науқаннан кейін қазір республиканың әр облысында бірнеше кооператив құрылып үлгерді. Ал оның экономика мен әлеуметке қанша кіріс кіргізгенін әлі ешкім есептеп көрген жоқ. Өйткені, құрылған коперативтердің дені қағаз жүзінде ғана жұмыс істеп отыр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы негізгі табыс ірі компаниялардан түседі. Ал шағын қожалықтар әрі кетсе әлеуметтік жоба деңгейінде қала бермек. Олардан экономикаға пайда шамалы. Министр сонымен қатар алдағы наурызда кооперативтерде қаншалықты ілгерілеу бар екенін есептейтін жұмыс тобының құрылатынын да мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы нарықтық экономикаға бейімделмекші
Жалпы, министрлік қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін қолданыстағы қаржы құралдарын жетілдіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қолхаттары сияқты жаңа құралдарды енгізу арқылы жеке қаржыландыруды тарту жоспарлап отыр. Яғни, енді ауыл шаруашылығы мемлекеттік қаражатқа қарап отырмай, жеке сектордың инвестициясын да тарта бастамақ. "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ біртіндеп агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін одан әрі қаржыландыру үшін несиелік серіктестіктер, ЕДБ, микроқаржы ұйымдары, лизингтік компанияларды қаржыландыруға ауысады. Сонымен қатар, салада сақтандыру мен кепілдендірудің жаңа жүйесін де енгізу қажеттілік бар көрінеді.

"Алдымен қалай болатынын қарау керек. Банктердің қорықпай ауыл шаруашылығына қаржы салатын тетігін құру қажет. Жалпы, қазір салаға қаржы жетіспей жатыр, осы кемшіліктің орнын толтыруымыз керек", деген министр соңғы жылдары банктер ауыл шаруашылығына ақша салуды тіптен азайтқанын айтты.

Субсидия мәселесі туралы сөзінде Шөкеев қазір қолданыстағы субсидияның 15 түрінің пайдасыз екенін, бұған дейін олардың саны 65-тен 54-ке азайтылғанын тілге тиек етті. 

Жаңа салық түрі пайда болуы мүмкін
"Ауыл шаруашылығындағы салықты қайта қарау керек. Бюджетке осы саладан келіп түсетін салық тым аз. Алайда салық жүйесі өте күрделі. Экономикалық ведомствалармен және бизнеспен бірігіп біз бірыңғай ауыл немесе аграрлық салық енгізу жайын талқылаймыз", - деді бас агроном. Демек алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласында жаңа заңның шығып қалатын күні де алыс емес деген сөз. Ең алдымен ол әрине, әлгі коперативтерге, яғни қосалқы шаруашылық иелеріне қатысты болмақ.

Бір қызығы, жаңа еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың басты миссиясы көлеңкеде жүріп, салық төлемей өзін өзі жұмыспен қамтып пайда тапқан адамдарды ресми тіркеп, олардан да салық жинау екені өткендегі үкімет отырысында Назарбаевтың Дүйсеноваға бес жылдан бері соларды анықтай алмай жүрсің деп сөккенінен көруге болады.

Яғни, биылдан қалмай ауылда екі-үш қарасы бар азаматтардың мойнына жаңадан кемі бір салық ілінетін түрі бар.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу