Ауылда ең арзан кредит беру басталады

21834

Несие жылдық 0,01% мөлшерлемемен беріледі. 

Ауылда ең арзан кредит беру басталады Фото: Максим Морозов

Ел Үкіметі "Егіннен сөреге дейін" атты кластерлік кооперациясын іске қосуға кірісті. Бұл үйі жанында бақша салып, жеміс-жидек, көкөніс өсіретін ауыл тұрғындарының өнімін орталықтандырылған түрде сатып алуды қарастырады. Мұны жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырды. Жобаға қаржы Үкіметтің шұғыл шараларға арналған резервінен жұмсалмақ. Ол алдымен 3 облыста бастау алады.

Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі "Үкіметінің резервінен қаражат бөлу және Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары әкімдіктеріне "Егіннен сөреге дейін" кластерлік кооперациясының аграрлық өнімін тұрақты сатып алу мен өткізу жүйелерін орнатуға бюджеттік кредит берудің негізгі шарттарын айқындау туралы" Үкімет қаулысының жобасын жария етті.

Құжатқа сәйкес, қаржыландыру 4 сатымен жүреді. Біріншіден, Үкімет резервінен биыл Сауда және интеграция министрлігіне 3 млрд теңге қаражат беріледі. Екіншіден, Бақыт Сұлтановтың ведомствосы осы соманы Алматы, Жамбыл және Түркістан облысының әкімдіктеріне бюджеттік кредит түрінде ұсынады. Үшіншіден, осы үш әкімдік қаржыны жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға таратады. Төртіншіден, ӘКК-тер ақшаны ішкі сауда нысандарына заем түрінде үлестіруге тиіс. Корпорациялар ауылдықтардың өнімін сатып алуы үшін "су-тегін" несиені көрші өңірлердегі кәсіпорынға беру құқығына ие болады. Бұл "Егіннен сөреге дейін" аясында аграрлық өнімді тұрақты сатып алу мен өткізу жүйесін жолға қою үшін қажет көрінеді.

Белгілі болғанындай, президенттік жоба аясында Алматы облысының әкімдігі өзінің "Жетісу" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына Үкімет резервінен түскен ақшадан 1 млрд теңге, Жамбыл облысының әкімдігі "Тараз" ӘКК-ке – 1 млрд теңге, ал Түркістан облысының әкімдігі "Түркістан" ӘКК-ке – 1 млрд теңге бөледі.

Аса арзан кредит қысқамерзімге, 3 айға (90 күнге) ғана беріледі.

Сонымен, алдымен үш облыста кредит ӘКК-терге мерзімді, ақылы және қайтарымды шарттарымен тек теңгеде ұсынылады. Мерзімі 2020 жылғы 20 желтоқсанға дейін. Сыйақы мөлшерлемесі 0,01%. Мерзім аяқталғанда ӘКК негізгі борышты және сыйақыны толық төлеуге тиіс.

Үш корпорация ішкі сауда субъектілеріне 2020 жылғы 15 қарашаға дейінгі мерзімге несие береді. Сыйақы мөлшерлемесі  – 0,01%. 

Ауыл тұрғындарының өндірген өнімін сатып алатын ауыл кәсіпкеріне бюджеттік кредитті беру, өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі қосымша шарттар кредиттік келісімде белгіленеді.

Биылғы желтоқсанда Алматы, Жамбыл, Түркістан облысының әкімдіктері Сауда және интеграция министрлігіне бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуы жөнінде есеп беруі керек.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, ауыл тұрғындарының өнімі еліміздің экономикалық айналымына тартылмайды. Қазақстандықтардың төрттен бір бөлігі сол баяғыдай өзі өсіргеніне күнелтіп отыр. Бірақ ауылдықтарға қолдау көрсетілсе, олар өнімді төл қажеттіліктерінен әлденеше есе артық көлемде өндіреді, сөйтіп, қайта өңдеу кәсіпорындарын толыққанды жүктеуге серпін береді. Егер бау-бақша біраз ақша әкелетінін түсінсе, ауылдықтар арасында жақсы жарыс басталып, шаруашылық бәсеке өрістеуі ықтимал.

Ал әзірге Қазақстан 1,2 млрд доллардан астам сомаға азық-түлікті шетелден тасып жейді. Ата-бабамыз ежелден азық-түлікпен өзін-өзі 100 пайыз қамтамасыз еткен қазақ елі үшін бұл ұят дүние.

"Ауыл шаруашылығын дамыту тақырыбы Премьер-министр алдында көтерілді. Кейде Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңсақ шешімдер қабылдайтынына қатысты дәйек-дәлелдер келтірілді. Мысалы, ол көкөністерді сыртқы нарықтарға шығаруға шектеу қойды, салдарынан экспортқа бағдарланған фермерлер зардап шекті. Аграршылар өз өнімін сол бойы сата алмай отыр", – дейді Эльдар Тынышбайұлы.

"Атамекеннің" ресми дерегінше, 8 млн адам ауылда тұрады. Оның 2 миллионға жуығы ауласында өсіргеніне күн көреді. Олардың бүкіл отбасыға арналған табысы айына шамамен 47 мың теңгені құрайды.

1,5 млн отбасы 3 миллионнан астам мал ұстайды. Ауылдықтар жылына 3 млн тоннадай сүт, 70,5 мың тонна ет, 42 мың тонна құс етін, 120 мың тонна көкөніс өндіреді. Осы өнімдердің барлығы дерлік қайта өңдеу кәсіпорындарына жетпейді, сатылғанның өзінде бейресми түрде үй ішінен, көшеде не жол бойында сатылады.

Енді мемлекет осы ауқымды өнімді экономикалық айналымға енгізбек. Билік осы мақсатына жетсе, Қазақстанның рецессияға ұшыраған ЖІӨ-сі де күрт өсіп шыға келеді.  

Бұл ауылдағы кәсіпорындардың бизнесін де гүлдентер еді. Атап айтқанда, қазіргі кезде 90 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісі өз қуаттылығының небәрі 53%-на ғана жүктелген. Осының салдарынан, ауыл шаруашылығы саласының табыстылық-рентабельділігі 5 жыл бойы 3,5%-ды ғана құрайды. Ал осы кезеңде инфляция жыл сайын 5-8% болды. Заемдар бойынша ең төменгі пайыздық мөлшерлеме 6%-дан түспеді. 

"Жалпы, көрсеткіштерді талдасақ, агроөнеркәсіптегі өсім мен даму туралы айтуға ерте екенін байқаймыз. Ауылдағы өңдеу кәсіпорындарын толыққанды жүктеу үшін шикізат жетіспейді. Сол шикізатты өндіретін ауылдықтар өнім өткізу нарығына шыға алмайды, тым арзанға бергісі келмейді. Тамақ өнімдері бойынша импорт 1,2 млрд долларға жетті. Бұл азық-түлікті өзіміз-ақ жасай аламыз, оған қуатымыз жетеді. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтарды, шаруа қожалықтарын, көкөніс сақтау қоймаларының қожайындарын, өңдеушілерді, керек-жарақ жеткізушілерді, бөлшек сауда нысандарын бір кластерлік кооперацияға біріктіретін уақыт келді. Енді ауыл шаруашылығы өнімін егістен сөреге дейін жеткізуге тиіспіз", – дейді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары.         

Бұл үшін арзан несие мен ішкі сұраныс қажет. Мұны бюджеттік несие және форвардтық сатып алу арқылы жолға қою көзделуде.

Осы бағытта нарықтық тетік жұмыс істеуі үшін форвардтық сатып алуды бөлшек сауда желілері арқылы жүзеге асыру қарастырылып отыр. Яғни, базарлар мен дүкендер желісі ауылдықтардың өнімін өткізудің кепіліне айналады: өйткені олар қандай өнім қандай қаптамамен және қандай сапамен жақсы сатылатынын жетік біледі. Палата оларды осыған ынталандыру үшін қосылған құн салығы жөнінен жеңілдік беруді ұсынды.

Негізі, бұл бастама салмақты зерттеуге негізделген екен. "Атамекен" Үкіметпен және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, "елдік скрининг" ұйымдастырыпты. Оның аясында ауласында бақша салатын 2,2 миллион отбасы (8 млн адамнан тұрады) және 800 мың ауыл кәсіпкері арасында сұрау салынды. Соның нәтижесінде қордаланған ақпаратты талдай отырып, халық қай өңірде не өндіре алатыны, қандай бизнесті өркендетуге болатыны зерделенеді. Аталған кооперациялық тізбекке кірген барлық қатысушылар арзан несиемен қамтылуы тиіс.

Сауда орындары керекті азық-түлік тауарларының көлемі мен сапасын белгілейді. Ал өңдеу кәсіпорындары соған қарай ауылдықтарға шикізатқа тапсырыс береді.

Сарапшылар осы форвардтық сатып алу тек өз ауласында шынында өнім өсіретіндерге ғана таралуы тиіс дейді. Әйтпесе, оңтүстік өңірлердегі кейбір әккі жандардың өзбек не қырғыздың өсіргенін жасырын тасып, өз өнімі ретінде сатуына жол берілмегені жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу