Қазақстан мал нәсілін Өзбекстанға сату үшін асылдандырып жатыр ма? Сенат отырысында депутат Әли Бектаев Үкімет басшысы Асқар Мәминге осы мәндегі депутаттық сауал жолдады. Елдегі репродуктивті аналық малдың Өзбекстан асып жатқанына алаңдаған сенатор Премьер-министрден мал экспортына қатысты ұстанымдарды қайта қарауды сұрады.
"Соңғы кезде Қазақстаннан сыртқа сатылған ірі малдың саны 2 есе, уақ малдың саны 7 есе өскен. Оның 80 %-ын Өзбекстан Республикасының азаматтары сатып алған. Олар өздерімен шекаралас Түркістан, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да малдың сапалысын іріктеп алуда. Ең сорақысы, шетке сатылған малдың 50 %-ға жуығы – репродуктивті аналық бастар. Яғни көршілес мемлекеттен Қазақстанның малын етке ғана емес, өздеріндегі мал сапасын жақсартуға және санын көбейту үшін сатып алуда. Бұл өз кезегінде ет бағасын өсіріп, әлі де 1991 жылдың деңгейіне жете қоймаған Қазақстандағы мал басының өсуіне кері әсерін тигізеді деген сөз", – деді депутат.
Сенатор шетелге мал сататын шаруалардың өзі емес, ортадағы делдалдар екенін де айтты.
"Шекара аумағындағы базарлардан біздің малды арзымайтын бағаға сатып алып, арғы бетке қымбатқа сатып жатқандар да, Қазақстанның түкпір-түкіпірінен мал жинап жүргендер де екі жақтың алыпсатарлары. Себебі мал қадірін білетін нағыз фермер аналық басты шетке сатпайды. Қазақстан соңғы жылдары аграрлық секторды қолдаудың арқасында мал шаруашылығының сапалық көрсеткіштері жақсара түсті. Малдың басы көбейіп, сапасы мен өнімділігі артты. Бөлінген ауқымды қаржыға шетелден қаншама элиталы мал тұқымдары алынды. Қазақстаннан жаппай мал сатып алып жүрген шетел азаматтары осының бәрін көріп-біліп отырғандары даусыз. Осыны ескере отырып, Үкімет тарапынан мал экспортына қатысты ауқымды және ұтымды шаралар қабылдануы қажет деп есептейміз", – деді Әли Бектаев.
Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігінің шетке шығаратын малдың аналық бастарын шектеу туралы қабылдаған шешімі белең алған бассыздықты ауыздықтауға қауқарсыз. Малды сыртқа шығаратын шекарадағы бекеттерден бөлек заңсыз өткелдер бар көрінеді.
"Ветеринарлық қызметпен бірігіп, кеден және кіріс, тағы да басқа құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмыстарын үйлестіретін Үкіметтің арнайы нормативтік құжаттары қабылдануы керек. Нарық талабына сай өзге де мехназимдерді пайдаланған тиімді болмақ. Әсіресе, мал сойып, етін қайта өңдейтін өндіріс орындарын жаппай салу маңызды. Шетелге тірі малдан гөрі ет пен ет өнімдерін сату әлдеқайда маңызды және пайдалы. Бұл бағытта мал бордақылау мен ет өндірісін субсидиялау саясатын нақты қарап, пысықтау қажет деп есептейміз", – деген депутат жыл басынан бері 300 мың бас мал шетке сатылғанын айтты. Бұл етке айналдырсақ, 260 мың тонна болмақ. Ал дайын ет ретінде 4800 тонна өнім сатылған. Сонда тірідей сатылған ет көлемі дайын өнім ретінде сатылған еттен 5,4 есе көп деген сөз.
"Біздің мемлекетте астық өндірісі сияқты экспортқа ет өнімдерін емес, малдың өзін сату әдетке айналып барады. Бұл жоғалтылған жұмыс орындары, қосымша табыс пен салық көздері екендігі даусыз. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкімет тарапынан тиісті шаралар қабылдауыңызды өтінеміз", – деп түйіндеді депутат.
Есімжан Нақтыбайұлы