Егіс науқаны жайына қалғалы тұр

13935

Аграрлар шенділердің көркем есептерін жоққа шығарды. 

Егіс науқаны жайына қалғалы тұр

Қазақстанда егін егуде қиындықтар басталды. АШМ мен әкімдердің ресми деректеріне сенсек – бәрі тамаша әрі жұмыс өз ретімен жүруде. Бірақ шынайы көрініс өзгеше.

Мұны министрдің өзі түсінетінге ұқсайды. Министрлікте көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және оны өткізу мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтіп, оған бейнеконференция байланысы арқылы астық егумен айналысатын облыс әкімдерінің орынбасарлары мен басқарма басшылары қатысты. Осы жиында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жергілікті биліктен ауыл-аймақтағы егін науқанына қатысты жағдайды ашық айтуды және министрлікке шын ақпарат беруді талап етті

"Бізге ақпаратты дұрыс беріңіздер, ертең әр деректеріңіз үшін өздеріңіз жеке жауап бересіздер. Өңірлердің жағдайын ашық айтыңыздар, біз нақты біліп отырайық", - деді министр.

Бұл үндеуге әкімқаралар тым-тырыс қалды. Ал аграрларды тыңдасақ, Covid-19 пандемиясы және оған мемлекеттің тосқауыл шаралары салаға проблема әкелгенін ашық айтады. Мысалы, ТЖ кезінде егіске жұмылдырылған адамдар мен техниканың еркін қозғалуының шектелуі өткір мәселеге айналған. Әртүрлі блок-посттардан полицейлер шығармай жатыр. Рас, жиында АШМ басшысы жергілікті атқарушы органдарға фермерлерді қажетті өткізу рұқсатнамаларымен жылдам қамтамасыз етуге кеңес берумен шектелді.

Жалпы, бұдан бұрын жоспарланғандай, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 млн гектар жерге егілуге тиіс еді. Осылайша, 2019 жылға қарағанда егістік көлемі 250 мың гектарға көбеюге тиіс болатын.

Бүгінде егіс науқаны еліміздің оңтүстік өңірлерінде – Жамбыл, Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында белсенді кезеңіне өтті. Алайда Қазақстанның өне-бойында күннің ерте жылынуына орай биыл барлық астықты өңірде дән себу жұмыстары басталып кетуге тиіс. Егіншілер осы уақытты өткізіп алса, салдарын күзде көреді, табыссыз қалады.

Ақмола облысындағы ірі ауыр шаруашылығы өндірушісі, "Барыс-2011" және "Элит Жер" компанияларының басшысы Болат Таңатаров әзірге егін салу мұң болып тұрғанын жасырмайды.

"Төтенше жағдай нәтижесінде тіпті егін егу жұмыстарына дайындықты да бастай алмай тұрмын. Ақмола облысы карантинге жабылды. Өңір бойынша қозғалуға, қаладан шығуға тыйым салынды. Көктемгі егіс жұмыстарына орай облыс бойынша көлік-техникамның жүруіне рұқсат беруді сұрап, жауапты органдарға сұрау жасадым. Еш қайран жоқ. Мен Нұр-Сұлтан қаласының да, сондай-ақ Ақмола облысының да жедел штабтарына өтініш жібердім. Еш жауапсыз қалдырды. Дәл осы кезде дайындыққа кірісіп кету керек. Ауа рауының жылы болуына байланысты егіс жұмыстары осы жылы ерте басталады", – дейді ол.

Ауыл шаруашылығының маманы Зейне Бурашева бюрократия кесірінен көліктерді жөндеуді қолға алу ісі де дағдарысқа ұшырағанын білдірді.

"Жер өңдеп, дән себер кез келді. Ал техника үшін қосалқы бөлшектерді қайдан сатып аламыз? Не істерімізді білмейміз, қылар амал қалмады. Үкімет қосалқы бөлшектер сататын дүкендерді, сауда орындарын және жеткізушілерді карантиннен шығарып, шектеуден босатуы немесе басқа шара қабылдауы керек. Азық-түлік жеткілікті дейді. Ертең жаңа астық болмаса, қолдағы резервті түгесіп қойсақ, ел не жейді", – дейді ол.

Қарағанды облысының Осакаров ауданының ірі ауыл шаруашылығы ұйымы саналатын "Qundyzdy Agro" егін салып қана қоймай, сондай-ақ мал өсірумен де айналысады. Ол да қосалқы бөлшектер жоқтығына шағымданады. Көктемге ерте қамданған. Алайда бизнесі елордамен байланысты болғандықтан, төтенше жағдай енгізілгелі бері базалары мен қызметкерлерінің бір бөлігі Нұр-Сұлтан қаласында жабылып қалған.

"Елордамен қатынас түбегейлі тоқтатылды. Бүгінде біз егіс науқанына дайындалуға тиіспіз. Бірақ ТЖ енгізілуі салдарынан қосалқы бөлшектерді, техниканы, жанар-жағармайды тасымалдай алмай отырмыз. Мемлекет басшысы мемлекеттік комиссия отырысында көктемгі егіс науқанын өте маңызды жұмыс деп атады. Президент Үкімет пен әкімдерге осы жұмысты айрықша бақылауға алуды жүктеп, азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан әрбір күн маңызды екенін мәлімдеді. Әзірге жауапты органдардан осындай түсінікті көріп отырған жоқпыз. Олардың аграршылармен өзара іс-қимыл алгоритмі де жолға қойылмаған. Бізді ешкім тыңдамайды, естімейді, сұрақтарымызға жауап бермейді. Егіс науқаны адыра қалғалы тұр. Әрбір күн есепте. Онсыз да аз уақыт қалды. Осы аса маңызды шақта, мына шектеулер аясында қысқа уақыт ішінде егін салу жұмыстарын қалай қамтамасыз етуге болатынын білмейміз", – дейді компания АШМ басшысына жазған хатында.

Ауыл шаруашылығы өндірушілері Үкіметтен және әкімдерден біріншіден, өздерін карантин кезінде жұмыс істеуіне рұқсат етілген қызмет түрлері тізіміне қосуды сұрайды. Екіншіден,төтенше жағдай және ауыл шаруашылығына жауапты органдардың аграршылармен өзара іс-қимылының түсінікті әрі нақты алгоритмін жасау керек. Өйткені диқандар шағым айтып жүгінсе, ауыл-аумақтағы әкімдіктер жоғарғы жаққа жалтақтап, Үкіметке сілтейді. Ал астанадағы орталық органдар мәселенің жергілікті билік құзырында екеніне нұсқап, сергелдеңге салады.

Үшіншіден, карантин аймақтарында жұмысшылар мен техниканың еркін қозғалуына рұқсат қажет. Төртіншіден, көктемгі егіс жұмыстарын лайықты өткізу үшін сервистік компаниялардың, яғни техника, запастық бөлшектер, жанар-жағар май, жөндеу жұмыстары және басқа да тауар мен қызмет жеткізушілердің де іске кірісуіне мүмкіндік беру керек дейді.

Мысалы, америкалық John Deere-дің ресми дистрибьюторы "Еуразия групп Қазақстан" да карантинге бола, қиындыққа ұшырапты.

"Біз ауыл шаруашылығы өндірушілерін егіс науқанын ұйымдастыру үшін қажетті барлық тауармен, қызметтермен қамтуға толық дайын екенімізді ресми мәлімдейміз. Біздің қолымызда, Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы техникасының қоры жеткілікті. Орталық қойма Көкшетау қаласында. Бүкіл ел бойынша 15 өңірлік қоймамыз бар. Олар негізгі запастық бөлшектерге және ең қажетті шығыс материалдарына толы. Сатудан кейінгі қызмет көрсету командасы, сервистік инженерлеріміз, менеджерлер мен қойма жұмыскерлері коронавирусқа қарсы қауіпсіздік шараларын сақтап, толық құрамда жұмыс жасай алады. Біздің қоймалар қауырт шаққа орай тәулік бойы, аптасына жеті күн жұмыс істеуге дайын", – дейді оның өкілі Гүлнар Алексеева.

Әйткенмен, шектеу шаралары қолбайлау болуда және запастық бөлшектерді бүкіл өңірлерге жеткізуге де, егістікке шығар техникаларға қызмет көрсетуші мамандардың ол жаққа баруына да мүмкіндік жоқ.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров елде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникасын дайындау жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанына сенімді.  

"Бүгінгі күні республиканың агроөнеркәсіптік кешенінде 143 мың трактор, 4 мың өнімділігі жоғары егіс кешені, 78 мың тұқымсепкіш және 243 мың топырақ өңдеу құралы бар. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша тракторлардың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындығы 82%-ды, егіс кешендері – 100%-ды, тұқым сепкіштер – 93%-ды, топырақ өңдеу құралдары – 95 %-ды құрайды. Егіс науқаны басталғанға дейін барлық техника дайындығы 100%-ды құрайды", – дейді министр.

АШМ бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елде ТЖ енгізілгелі бері министрлік атына аграршылардан жұмыскерлердің, техника мен өнімдердің қозғалуына қатысты көп өтініш хат түсіп жатқанын растады.

"Бұл мәселені Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен бірге шештік. Басқа облыстарда мәселе – шешу сатысында", – деді ол.

Көктемгі егіс жұмыстарын Президент Қ.Тоқаев жеке бақылауына алыпты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу