"Ең тиімді жобаларды ғана қаржыландыру керек"

АӨК секторында ресурстар жетерлік, алайда оны жүйелі түрде дамыта алмай келеміз.  

"Ең тиімді жобаларды ғана қаржыландыру керек"

Қазақстанда "Агробизнес-2020", АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламалары қабылданған. Алайда сарапшылар бір ауыздан агроөнеркәсіптік кешен тиісті қарқынмен дамымай отырғанын айтады. Оны нақты статистикалық деректер де растайды. Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі АӨК-тің үлесі 5%-дың төңірегінде. 2019 жылы бұл көрсеткіш 4,4%-ды құраған. "Атамекен" ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының АӨК бойынша кеңесшісі Ербол Есенеев елімізде ірі табиғи ресурстар баршылық, алайда көрсеткіштер көңіл көншітпейді деп есептейді.

"Секторға қаржы салынуда, бағдарламалар қабылдануда. Алайда нәтижелер төмен. Тіпті көрші Ресейден де артта қалып келеміз. Бізде бір гектардың еңбек өнімділігі 400 доллар болса, Ресейде 1000 доллар, Өзбекстанда 1500 доллар", – деген сарапшы бұл азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан маңызды екенін айтады.

200 долларға шикізат сатып, оны қайта 1000 долларға аламыз

Елімізге жылына 3,6 млрд долларға сырттан азық-түлік импортталады. Оның ішінде сүт және ет өнімдері бар. Сарапшылар 3,6 млрд доллардың 1,5-2 млрдын елімізде өндіруге болатынын айтады. Ол үшін жүйені ретке келтіру керек.

"Қазақстанның экспортының көлемі 1,5 млрд доллардан 3 млрд долларға артты. Дегенмен біз сыртқа шикізат тасымалдаймыз. Егер экспортталған және импортталған өнімдерді салыстырмалы түрде қарасақ, біз 200 долларға шикізат сатып, 1000 долларға оны дайын өнім ретінде қайта сатып аламыз. Бұл өте тиімсіз. Сондықтан өңдеу саласын, жалпы жүйені толықтай ретке келтіру керек", – дейді Ербол Есенеев.

Жер мәселесі

Ауыл шаруашылығының дамуына жағдай жасау шаруаларға жер бөлуден басталады. Кәсіпкерлер палатасының өкілі Ербол Есенеевтің пікірінше мұндағы ең басты мәселе алқаптарды әкімдердің үлестіруі.

"Жер үлестіруде субъективті факторлар көп. Оны әкімдер береді. Әрине, конкурс ұйымдастырылатыны түсінікті. Алайда  әлі күнге дейін өңірлердегі бос жерлер туралы нақты, ашық ақпарат беретін, оны дұрыс бөлетін жүйе жоқ", – дейді сарапшы.

Кімді қаржыландырамыз?

Соңғы 5 жылда АӨК-ге екінші деңгейлі банктердің бөлген сомасы екі есе қысқарған. Ербол Есенеевтың айтуынша, "ҚазАгро" қаржыны ұлғайтқанымен бұл секторға аздық етіп отыр. Сондықтан ол инвестиция тартудың нарықты механизмдерін іске қосып, ірі немесе шағын шаруаларды емес, ең тиімділерін қаржыландыру керек деп есептейді.

"Қаржылық қолдауға байланысты пікірлер көп. Ірі немесе шағын шаруаларды емес, ең тиімді еңбек етіп, өзін ақтайтын, ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім шығаратындарын қолдау қажет. Қазақстан халқының 43%-ы, яғни, 7 млннан астам адам ауылда тұрады. Оның 1 млн 200 мыңнан астамы өндіріс саласында еңбек етеді. 100 мыңнан астам адам тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істейді. Сондықтан бұл салада ауқымды өзгерістер енгізу керек. Себебі болашақта Қазақстан экономикасының дамуына ауыл шаруашылығы секторы серпін береді", – дейді кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Өнімдерді өткізу жүйесін ретке келтіру керек

Сәуір айында Түркістан облысында 250 мың тонна орамжапырақ Ресейге жөнелтілуі керек еді. Алайда карантинге байланысты оның барлығы егіс алқаптарында шіріп, шығын шеккен шаруаларға үкімет 1,6 млрд теңге несие беруге мәжбүр болды. Экс-премьер министр, Қазақстан омарташылар одағының президенті Сергей Терещенконың пікірінше, бұл елімізде өнімдерді өткізу жүйесінің жолға қойылмағанынан болған жағдай деп есептейді.

 "Орамжапырақ шіріп кетті. Ол үшін үкімет қанша қаржы бөлді. Оны қалаға алып келіп, халыққа таратып беру ешкімнің ойына келген жоқ. Бұл өнімді еліміздің ішінде де, шетелге де өткізу жүйесі дұрыс жолға қойылмағанын айғақтайды. Түркістан облысындағы орамжапырақ бұған нақты мысал", – дейді Сергей Терещенко.

Иә, елімізде өнімді сақтап, өткізумен айналысатын ірі қоймалар жоқ. Ал мұнай бағасы құлдыраған тұста ел экономикасын ілгері жылжытудың негізгі жолы – ауыл шаруашылығы.

"Қазақстанға өткізу, қайта өңдеу, сақтау жүйесін құру керек. Бізде оған қажеттінің барлығы бар. Бұрын жабылып қалған қоймалар, зауыттарды айтуға болады. Әлемде қалыптасқан жағдайда Қазақстанның тұрақты дамуы үшін агро-индустриалды держава болу маңызды. Біз өзімізді, 1,5 млрд халқы бар Қытайды, 200 млн адамнан тұратын Еуразиялық экономикалық қауымдастық пен  1,5 млрд адамы бар Үндістанды азық-түлікпен қамтуымыз керек", – дейді Сергей Терещенко.

Мал шаруашылығы

"Shopan-ata" ұлттық қойшылар қауымдастығының басқарма төрағасы Алмасбек Садырбаев мал шаруашылығының дамуы будандастыру, менеджмент, жем мәселесіне тығыз байланысты деп есептейді. Оның пікірінше бұларды жекелей алып қарамай, жүйелі түрде бірге дамытқанда ғана жоғары нәтижеген қол жеткізуге болады.

"Бізде будандастыру төмен деңгейде. Жем қоры бар болғаны 5%. Менеджментпен мемлекет айналысуы керек. Ал шетелден мал алып келу будандастыру мәселесін шешпейді. Қазақстанды 70%-ға жеке шаруа қожалықтары өнімдермен қамтып отырғанын білеміз. Алайда шағын қожалықтар инфрақұрылымды ретке келтіріп, ірі қоймалар сала алмайды. Сондықтан мемлекет бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс істесе екен", – деді Алмасбек Садырбаев.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу