Павлодар өңіріне шетелден 17 мың бас мал әкелінбек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8254

Облыста мал шаруашылығын дамытудың үш жылдық бағдарламасы әзірленді. 

Павлодар өңіріне шетелден 17 мың бас мал әкелінбек

Павлодар облысында мал шаруашылығы саласын дамытудың үш жылдық жаңа бағдарламасы әзірленді. Бұған дейінгі бес жылдық бағдарлама өз міндетін толықтай атқарды.

Жаңа бағдарлама ет және сүт бағыттарын дамытуға басымдық беріп отыр. Бағдарламаға сәйкес, биыл өңірге шетелден 17 мың бас мал әкелу жоспарланған. Ал 2022 жылға қарай бағдарлама аясында қой етін өндіруді 5,2 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін жеткізу межеленіп отыр. Сондай-ақ, сиыр етін өндіру көлемін қазіргі 23 мың тоннадан 42 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұдан бөлек, сүт өндірісін 371 мың тоннадан 550 мың тоннаға дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл ретте, 2022 жылы өңірдегі жалпы мүйізді ірі қараның 42 пайызы асыл тұқымды мал санатын құрамақ.

Деректерге сүйенсек, соңғы үш жылда өңірдің мал шаруашылығын дамытуға 12,9 млрд теңге бөлінген екен. Мәселен, 2017 жылы 3,9 млрд теңге жұмсалыпты. Былтыр мал шаруашылығына 5,9 млрд теңге бағытталған. Биыл 7,2 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Биыл бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе жоғары. Осыдан-ақ мал шаруашылығына қаншалықты мән беріліп отырғанын аңғаруға болады.

Статистикалық деректер өңірдің мал шаруашылығы саласы былтыр 128,5 млрд теңге көлемінде өнім бергенін растады. Бұл ретте, өнім көлемі 3,5 пайызға артқан. Мәселен, сүт өндірісі 2,8 пайызға ұлғайды. Жалпы құны 30 млрд теңгеге 30 инвестициялық жоба іске қосылды. Сондай-ақ, үш заманауи тауарлы-сүт фермасы ашылды. "Рямбов" шаруа қожалығына 1 мың басқа арналған бордақылау алаңын іске қосты. "Павлодар құс" ЖШС-ның құс фабрикасы кеңейтілді. Мал шаруашылығына қажетті орынжайлардың құрылысы бойынша 23 жоба іріктеліп алынған.

2017-2019 жылдары етті және сүтті мал шаруашылығын дамытуға 4,9 млрд теңге субсидия бөлінген. Нәтижесінде мал басы 4 пайызға көбейген.

Былтыр Павлодар облысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатты толықтай игерді. Соңғы үш жылда салаға бағытталған инвестиция көлемі 54 млрд теңгеге жеткен.

Еске сала кетейік, үш жылдық жаңа бағдарламаны Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлесіп жасаған. Жаңа құжат иегірлмей жатқан бос жерлерді мал шаруашылығына пайдалану жағын да қарастырып отыр. Сондай-ақ, бағдарламада шетелден ірі қараларды жеткізу үшін арнайы бірыңғай өңірлік оператор құру да қамтылған.

Бүгінде облыстық басқарма шетелден әкелінетін малды субсидиялау тетігін жетілдіру бойынша тиісті ұсыныстарын министрлікке жолдаған екен. Онда кепілдік сомасын азайту қарастырылған.

Павлодар облысы асыл тұқымды мал басын арттырып, тауарлы-сүт фермаларын көптеп ашу арқылы сүтті мал шаруашылығын одан әрі дамытуға ниетті. Бүгінде өңірде 31 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Өкінішке қарай, бұл өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен толықтай қамтамасыз етуге аздық етеді. Сондықтан, биыл тағы да 7 тауарлы сүт фермасын іске қосу және қайта жаңғырту қолға алынбақ.

Етті мал шаруашылығын дамытуға арналған жобалар да бар. Мәселен, Павлодар ауданында қуаттылығы 8 мың тонна күрке тауық етін өндіруге арналған құс фабрикасын ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, облыс аумағында 9 мың бас малға арналған үш бордақылау алаңы бой көтермек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу