Шекарадағы ауылдар: Үкімет тек "ел бесігін" тербетіп жүре бере ме?

3104

Қытайдың Қазақстанмен шекаралас аймақтарында дүркіреп жаңадан қалалар салынып жатыр. Ал Қазақстан қаңыраған аудан-ауылдарын қалпына келтіре ала ма?

Шекарадағы ауылдар: Үкімет тек "ел бесігін" тербетіп жүре бере ме?

Бір емес, бірнеше қала салған

Осыдан екі күн бұрын Қытайдағы ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл қарсаңында сол елдің билігі жаңадан Байян қаласының құрылғанын жария етті. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының халық үкіметінің сайтында қаланың ресми құрылғанын партияның орталық комитеті мен мемлекеттік кеңесі мақұлдағаны жазылған. Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары да бұл жөнінде жарыса жазысты.

Қазақстанмен шекаралас Тарбағатай аймағының аумағынан құрылған Байян қаласының (白杨市) қазақша атауы – Теректі. Қала орталығы болып Шәуешек қаласы мен Бақты өткізу пунктінің аралығындағы Ақшоқы кенті белгіленді. Тарихтың әр оқиғасын хаттап, шоттап отыратын ел жаңа қаланың құрылғанын 20 қаңтарда бірден уикипедияға да енгізіп қойды.

Қала Шынжаң өндіріс-құрылыс корпусының тоғызыншы бөлімшелерінің құрамынан құрылды. Аталған бөлімшеде Udn.com порталының 2021 жылғы есебіне сүйенсек, 81 946 адам тұрады. Оның 74 622-і қытай болса, 7324-і ұсақ ұлттың өкілдері.

Udn.com порталы сонымен қатар, "бөлімшелер мен қалалар интеграциясы" шеңберінде Шыңжаң өндіріс-құрылыс корпусының бөлімшелерінің біразы қала құрғанын хабарлайды. Мәселен, бірінші бөлімше Алар, екінші бөлімше Теменгуан, үшінші бөлімше Тумушук, төртінші бөлімше Кекедала, бесінші бөлімше Шуанхэ, алтыншы бөлімше Утсязю, жетінші бөлімше Хуанхэ, сегізінші бөлімше Шихезы, тоғызыншы бөлімше Байян, орыншы бөлімше Бейтүн, ал он үшінші бөлімше Синьсин және он төртінші бөлімше Күнөй қаласын салған.

Мазасыздық тудырмай қоймайды

Қытай тақырыбын қозғап жүретін Ерлан Мазанның жазуынша, жаңа қалаға Теректі атауының берілуінің өзгеше мәні бар. Бүкіл Қытайға танымал "Балапан терек" (小白杨) әні сол өңірде туған екен. Бұл өлкеде 1969 жылы тамыз айында Кеңес одағы "Жалаңашкөл жанжалы", ал Қытай "Теректі оқиғасы" деп атаған шекаралық қақтығыс болған. Қақтығыста Қытай шекарашылары тас-талқан болып жеңіліп, кемінде 38 сарбазы оққа ұшқан. Кеңес одағы мен Қытай арасындағы қан төгілген қақтығыс аймағы 1994 жылғы шекара келісімі нәтижесінде Қытайға берілген.

"Әрине, жаңа қалаға осындай тарихи мәні бар атаудың берілуі мазасыздық тудырмай қоймайды. Қалай айтқанмен, Қытай үшін жеңіліс саналған сол қақтығыста "айырылып" қалған Теректі жотасын (қазір Чжунюн, яғни, Ерлік тауы деп аталады) Қазақстан тәуелсіздігінен кейін "қайтарып" алған ҚХР, енді бүкіл бір қалаға Теректі атауын беріп отыр, әрине, қытайша аудармасымен", - деп жазады ол.

Ерлан Мазанның жазуынша, кейінгі жылдары қазақ-қытай шекарасының Қытай тарапында қалалар көбейіп жатыр. Көбінесе Бинтуань құрамындағы қалалар. Көрші елдің бұл қадамын іргелі құрылымдық реформа ретінде қабылдауға болады.

"Демек, бұрын шекара күзетіне баса назар аударатын шекаралық Бинтуань дивизияларының миссиясы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге қайта бағытталып жатыр, алайда бұл шекарамыз бекем деген сөз емес, қалайда, шығыстағы шекаралық аудандарды қайта жандандыруға күш салғанымыз дұрыс-ау", - деп ойын бөліседі ол.

Жеке бағдарлама туралы әзірге әңгіме қозғалмайды

Қытайдың Қазақстанмен шекаралас аймақтарында дүркіреп қалалар бой көтергенімен, Қазақстан жағындағы ауыл-аудандардың жағдайы мәз емес. Бұл мәселенің жылдар бойы қаншама рет көтерілгені белгілі. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысында тоқсаныншы жылдардан бері іргелі аудандардың халқы екі есе азайып, халық қалаларға көшіп кеткен. Қазақстанның оңтүстік-шығыс жағында да "4 бала оқитын мектептер" бар.

Таяуда "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы талқыланған үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов ұлттық экономика министрі Әлихан Смайыловтан шекарадағы ауылдардың мәселесін сұраған.

"Шекараға жақын орналасқа ауылды елді мекендерді дамыту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр", - деп сұрады үкімет басшысы.

Министрдің сөзіне қарағанда бұл бағыттағы шаралар негізінен "Ауыл- ел бесігі" жобасының аясында іске асырылмақ.

"Жалпы қазіргі таңда шекаралық облыстарда шекарадағы ауылды елді мекендерді дамытуға арналған жобалар "Ауыл – ел бесігі" жобасының аясында іске асырылуда. Мемлекеттік шекарадан 50 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдардың саны 1,3 мың. Ол ауылдарда 1,7 млн адам тұрады. Министрлік тарапынан осы ауылдарды дамыту үшін тиісті жол картасы әзірленді. Бұдан басқа тиісті жұмыс тобы жұмыс істейді", - деді Әлібек Қуантыров.

Осылайша, жалпы ақпарат берген министр шекараға жақын орналасқан ауылдарда тек жалпы бағдарлама бойынша шаруалар іске асырылатынын білдірді. Ал жеке бағдарлама жөнінде әзірге әңгіме қозғалмайды.

Саяси қателік болған...

Экс-депутат Ерлан Сайыровтың айтуынша, Қазақстанның 1997 жылғы территорияны оңтайландыру бағытындағы жұмысы – саяси қателік болған.

"Бұны саяси волюнтаризм десе де болады. Арқалық қаласы ойсырап қалды, Семей мен Жезқазғанның дамуы тежелді. Ал шекаралық аудандарда, әсіресе ШҚО-ның Қатон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай сияқты елдімекендерінде гуманитарлық тоқырау болды. Бұл аудандардан халықтың 60 пайызы көшіп кетті", - дейді ол.

Қазақстанда былтыр Шығыс Қазақстан облысынан Абай облысы, ал Алматы облысынан Жетісу облысы бөлініп шыққаны белгілі. Төрт облыс та Қытаймен шектеседі. Облыстардың жаңадан құрылуының ізінше сол өңірлерде бұрын тарап кеткен бірнеше аудан қайта құрылған. Алайда 30 жылдан бері ол аудандардың кетеуі кетіп, сетінеп қалғаны белгілі.

Ал сол аудан-ауылдардың жағдайын жақсартуға бір ғана "Ауыл – ел бесігі" жобасының әлеуеті жете ме? Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өткен аптада республикалық бюджетті нақтылау кезінде "Ауыл – ел бесігі" жобасын қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырған. Пысықтау барысында шекарадағы ауылдардың мәселесі бөлек қарастыратын кез келген секілді.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу