Елімізде қауіпсіздік жастықтары және ABS жүйесі жоқ "темір тұлпар" құрастыруға рұқсат етілмек. Қоғам белсенділері осылай деп дабыл қақты. Олар Үкіметтің бұл қаулысына түзету енгізіп, мұндай шешім қабылдауға атсалысқан министрлерді жазалауды сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қазақстанда тежегіштердің бұғаттауға қарсы жүйесі (ABS), қауіпсіздік жастықтары, SOS түймесі жоқ және экологиялық санаты Еуро-5-тен төмен автокөліктерді шығаруға рұқсат беретін құжат бекітілді. Үкіметінің 2022 жылғы "22 " қазандағы № 843 қаулысы 4 қарашада жарияланды. Қарашаның ортасынан бастап қолданысқа енгізілетін осы құжатқа қоғам белсенділері наразылық білдіруде. Олар бұл шешім халықтың қауіпсіздігіне және отандық көліктердің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді дейді.
Қоғам белсендісі Санжар Боқаев қаулының бірнеше тармағына тоқталды.
"Тежегіштердің бұғаттауға қарсы жүйесі, апаттық жағдайда көлікті тоқтату кезінде автоны басқару мүмкіндігін сақтауға арналған ABS (Anti-Lock Braking System) жүйесі - өткен ғасырдың 30-жылдарында патенттелген. Көліктерге орнату 1970 жылдары басталды. Ал ESP 90-шы жылдары белсенді түрде қолданыла бастады және 2010 жылдардан бастап бұл міндеттелді. Осы норманың арқасында Қазақстанда тежеу және рульдік қауіпсіздік жүйесі ескірген автокөліктерді айналымнан алуға рұқсат етілді", – деп түсіндірді Боқаев.
Осы орайда ол Еуро-5 нормасынан бас тартуды "80-жылдарға қайта оралу" деп атады.
"Мәселен, өткен ғасырдың 80-ші жылдары шығарылған көліктер. Осы санаттағы автомобильдерден шығатын газдар азот оксидтерінің, көміртек тотығы мен көмірсутектердің жоғары концентрациясымен сипатталады, бұл халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға теріс әсер етеді", – дейді Боқаев.
Көліктің экологиялық санаты неғұрлым төмен болса, зиянды заттардың концентрациясы соғұрлым жоғары болары анық.
Қаулының 5-бөлімінде көлік құралының жүргізуші мен жолаушыларға травматикалық әсерді барынша азайту мүмкіндігін қамтамасыз ету қажеттілігі көзделген. Алайда, мұнда "темір тұлпарды" қауіпсіздік жастығымен жабдықтау туралы талап жоқ.
Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жол-көлік оқиғаларының салдарынан болған өлім-жітім көсеткіші өсіп келеді. ҚР Бас Прокуратураға қарасты құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2021 жылы жалпы саны 13 940 жол-көлік оқиғасы тіркелген, онда 18 096 адам жарақат алып, 2270 адам қайтыс болған. Биыл жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны 744 адамға жеткен. Бұл 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Өткен жылмен салыстырғанда статистика 22,6%-ға өсті.
"Қауіпсіздік жастықтарымен жабдықтау талабынан бас тарту қайғылы көрсеткіштің өсуіне алып келуі мүмкін. Мұндай жастықтардың болуы жол-көлік оқиғасы кезінде адамды өлім қаупінен 25-30% сақтайды. Сондықтан біз қабылданған талаптармен келіспейміз", – деген белсенділер қаулыны қабылдаған құзырлы орган басшыларын мысалға алды.
Айтуларынша, министрлерді таситын S санатты Мерседестерде 12-16 қауіпсіздік жастығы болады. Олар бірде бір қауіпсіздік жастығы жоқ көліктермен жүре ме? Мұның өзі үлкен сұрақ.
Сондықтан олар аталған қаулының талаптарын қайта қарау керек деп есептейді. Ал осы шешімнің қабылдануына ат салысқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі мен Экология министрін және басқа да лауазымды тұлғаларды жазалап, қажет болса қызметтен аластату керек деп отыр.
Бұл ретте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қабылданған шешімге қатысты түсініктеме берді. Құзырлы органның хабарлауынша осы уақытқа дейін бірде-бір модельге мұндай рұқсат берілмеген.
"Бұл қаулы ЕАЭО елдері қол қойған "Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы №877 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылдың 5-ші сәуірдегі №45 шешімін іске асыру мақсатында қабылданды. Үкіметтің 2023 жылдың 1 ақпанына дейінгі заңды күші бар қаулысы өндірушілерге ABS, ESP, сондай-ақ қауіпсіздік жастықтарымен жабдықталмаған және экологиялық санаты төмендетілген автокөліктерді шығаруға тікелей құқық бермейді", - делінген хабарламада.
Тиісті жүйелермен жабдықталмаған автомобильдерді шығаруға рұқсат алу үшін өндіруші белгілі бір компоненттерді орнатпауына қарамастан көлік модельдерін жеке сертификаттаудан өткізуі және оның қауіпсіз болуы міндетті. Бұл шарт ЕЭК Кеңесінің шешімдерінде қарастырылған.
"Демек, қазір Қазақстанда қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін бірде-бір көлік моделі шығарыла алмайды. Сондықтан өндірушілер "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентін толық сақтап келеді", - деп түсіндірді министрлік.