Шенеуніктер бірінші қабаттағы "мөлдір" кабинеттерге көшуде

2039

Бұндай шара "Адалдық алаңы" ұлттық жобасы аясында іске асуда.

Шенеуніктер бірінші қабаттағы "мөлдір" кабинеттерге көшуде

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Адалдық алаңы" ұлттық жобасының жылдық қорытындысын шығарды. Жоба аясында бизнесті қорғау, автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары, білім беру, теміржол көлігі тәрізді әр түрлі салада кездесетін мәселелерді анықтап, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу міндеті қойылған.

Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Нұр-Сұлтан қаласында сыбайлас жемқорлық фактілерінің азая бастағанын айтты.

"Қала бойынша 2017 жылы 35 сыбайлас жемқорлық ісіне қатысы болғаны үшін 5 адам тұтқындалса, 2018-2019 жылдары тек осындай 5 құқық бұзушылық ісімен 4 адам құрықталды. Көрсеткішті жақсартуға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу арқылы жетіп отырмыз. Бизнес үдерістердің оңтайлануы, әкімшілік кедергілердің жойылуы, мемлекеттік қызметтердің автоматтандырылуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай азайтуда. Биыл әкімдік 3,8 млн рет мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсеткен. Кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға қызмет көрсету үшін "iQALA" сервисі жұмыс істеп тұр. Бұрын су, жылу, электр жарығын, қоқыс шығару қызметін қосу үшін барлық монополисттерді аралап шығу қажет болатын. Қазір коммуналдық қызметтерді "iQALA" сайтында бір өтінішпен ғана қосуға болады", – деді Бақтияр Мәкен.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов сыбайлас жемқорлықты жоюда нақты қандай шара атқарылып жатқанын баяндап берді.

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің 2018 жылғы 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" Қазақстан халқына жолдауындағы тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде "Адалдық алаңы" ұлттық жобасының кеңселері ашылды. Бұл жобаның мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсетуде азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қоғамдық бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру және "парасаттылық" идеологиясын насихаттау арқылы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою", – деді ол.

Сондай-ақ, Олжас Бектеновтың айтуынша, жоба аясында шенеуніктер бірінші қабатта орналасқан "мөлдір" кабинеттерге көшіп жатыр.

"Мемлекеттік қызметтерді алу қолайлы, әрі өңірлер үшін орталықпен арадағы қашықтықты қысқарту мақсатында мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып, басшылардың жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік сатып алулар мен бюджет ашықтығын қамтамасыз ету қолға алынуда. Мемлекеттік аппараттың ашық болуы – аса маңызды. Көзге көрінетін өзгерістердің бірі – мемлекеттік органдардың "Open space" және "фронт-офистер" форматына көшуі. Осындай форматқа 800-ден астам мемлекеттік мекеме көшті. Ауылдық жерлерде де "сервистік әкімдік" қызметі ашылуда. Сервистік әкімдіктер саны қазір жүзден асады. Бұндай модельдің жасалу себебі – мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдарды бір жерге шоғырландырып, азаматтарға қолайлы жағдай жасау. Барлық өңірлерде дерлік мемлекеттік мекемелердің басшыларын бірінші қабаттағы іші көрініп тұратын "мөлдір" кабинеттерге көшіру жүріп жатыр. Бүгінгі күні осындай 3774 кейс сәтті жүзеге асты", – деді ол.

"Адалдық алаңы" жобасының қорытынды жиналысында Олжас Бектенов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік органдардың парасаттылығы рейтингі жасалатынын айтты. Рейтингте мемлекеттік мекемердің ашықтығы жарияланып отырады. Халықты, белсенді азаматтарды бей-жай қалтырмайтын мәселелердің бірі – мемлекеттік бюджеттің орындалу процесі екені белгілі. Сол себепті халықтың бюджет процесін бақылап отыруы үшін интерактивті карта жасалған. Ол картаны интернетте publicbudget.kz сайтынан көруге болады.

"Ашық бюджеттердің интерактивті картасы" нақты уақыт режимінде бөлінген бюджет қаражаты туралы егжей-тегжейлі ақпаратты халыққа қол жетімді түрде көрсетеді. Қазір картада 5 трлн теңгеден астам сомаға еліміздің барлық  ірі қалаларындағы бюджеттік ұйымдардың бюджеті көрсетілген. Осылайша, мемлекеттік шығындарды бақылап отыруға барынша қолайлы құрал жасалды", – деді Олжас Бектенов.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Алик Шпекбаев мұндай маңызды жоба әлі де өз жалғасын таба беретіндігін жеткізді. Сонымен қатар, Агенттік басшысы "Адалдық алаңы" жобасына қатысушыларды құттықтап, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділеріне алғыс хат табыстады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу