"Атамекен" ұлттық баяндама әзірлеп жатыр

2713

Құжат бизнестің бүгінін байыптап, алдағысын айқындайды.

"Атамекен" ұлттық баяндама әзірлеп жатыр

Алдағы уақытта ұлттық кәсіпкерлер палатасы кезекті ұлттық баяндамасын ұсынады. Әзірленіп жатқан құжат Қазақстандағы кәсіпкерліктің барометрі болады. 

Айта кетейік, ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұлттық баяндаманы жыл сайын дайындайды. Ұлттық баяндамада мемлекеттік негіз құраушы құжаттар, халықаралық және отандық рейтингтер, қоғамдық мониторинг деректері, кәсіпкерлер мәселесінің тізілімі, ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен 16 өңірлік кәсіпкерлер палатасы сарапшылары қызметінің қорытындысы және ұлттық палатаға кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштер зерделенеді. Іс барысында мақсатты зерттеулер қолға алынып, жергілікті жерлердегі кәсіпкерлер арасында сауалнама ұйымдастырылады, сонымен қатар аймақтардағы бизнес-қауымдастық, атқарушы билік, даму институттары мен екінші деңгейлі банк өкілдерінен сұхбат алынады. Осының барлығы топтаса келіп, ұлттық баяндамаға айналады.

Үшінші рет әзірленіп жатқан ұлттық баяндама бизнес-ортаның соңғы бесжылдығын қамтиды. Тақырыпты тереңірек талдау үшін Inbusiness.kz алдыңғы баяндамаларға шолу жасады.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" заңның 10-бабына сәйкес әзірлеген алғашқы ұлттық баяндамада Қазақстандағы кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі, кәсіпкерлердің құқығын қорғау көрсеткіші, нарықтағы жағдай, бизнес-климат және іскерлік ортаның бір-бірімен байланысы сынды мәселелерді саралады. Бұған қоса макроэкономикалық жағдай мен ішкі, сыртқы нарықтағы өзгерістерді ой елегінен өткізді. 2014-2015 жылғы қаржы дағдарысы мен инфляциялық таргеттеу және теңге бағамының құбылуы ұлттық баяндама әзірлеушілеріне көрсетілген факторларға орташа баға бергізді. Себебі бұл кезде екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары болды. Инвестиция тарту мен қор нарығындағы жағдай көңіл көншітпеді. Ауылшаруашылығы саласын қаржыландыру көрсеткіші жыларман жағдайға жетті. Банктер беретін несие, мемлекеттік субсидия және ұлттық қордан ақша алу қаржыландырудың негізгі көзіне айналды. Сапасыз инфрақұрылым, кәсіпкер құқығының тиісінше қорғалмауы, әкімшілік, қылмыстық заңдардың кәсіпкерлердің мүддесін шектеуі сынды келеңсіздіктер мәселенің өзектілігін арттыра түсті.

Ұлттық баяндамада көрсетілгендей, 2016 жылы іскерлік климатқа

жағымсыз сыртқы макроэкономикалық жағдай, яғни мұнай бағасының құбылуы, "қара алтынға" ішкі, сыртқы сұраныстың бәсеңсуі кері әсер етті.

Brent маркалы мұнайдың бағасы орта есеппен алғанда барреліне 44,1 долларды құрады. Теңге де тұрақтылығынан танды. Жыл бойы ұлттық валюта бағамы бір долларға 328-384 теңге аралығында ауытқыды. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі заңды тұлғаларға төмен пайызбен несие рәсімдеуге мүмкіндік бергенмен, жаңа инвестициялық жобаларды жарылқаған жоқ. Бизнесті несиелендіру стагнациясы сақталып қалды.

Заңды тұлғаларға қарыз беру көрсеткіші небәрі 1,9%-ға, 8,5 трлн теңгеге ғана өсті.        

Бизнесті екінші деңгейлі банктердің қымбат пайыздық мөлшерлемесінен құтқаруға бюджеттен, Ұлттық қордан және БЖЗҚ-дан тікелей қаржылық қолдау түрінде жарты триллионға жуық қаржы бөлінді.  Алайда бұл ақша кәсіпорындарды тұтас қамтуға жетпеді. Көрсетілген сома кәсіпкерліктің 26 мың субъектісіне ғана тиді. Бұл кәсіпкерлік субъектісінің 3%-ы ғана.

2016 жылы бизнеске фискальді салмақ салынды. Кәсіпкерлер төлеген салық 23,3%-ға артты. Негізгі түсім ҚҚС-тан болды. Оның көрсеткіші 1,6 есе өсті. Салық саясаты бизнес-қоғамдастығын еңбекақы қорын қысқартуға мәжбүрледі.

Бұл жұмыс беруші міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне, міндетті зейнетақы жүйесіне ақша аудара беретін болса, 2020 жылға қарай салық салмағы 39%-ға жетеді, яғни алдағы уақытта қаржы тапшылығы өзектілігін арттырады деген сөз.

Кәсіпкерлік субъектілерінің несие рәсімдеу және айналым капиталын толтыру үшін қоятын бос кепілзаты жоқ. Өнім өндірушілер де қиналып жүр.

Бағаның ырықсыздығы мен девальвацияның бой бермеуі экономиканың нақты секторына қауіп төндіріп тұр. Бүгінге дейін жарық көрген Ұлттық баяндамаларда осындай маңызды мәселелердің ақ-қарасы ажыратылды.

Естеріңізге салайық, 2018 жылы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына 5 жыл толды. Палата қысқамерзімде бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың тиімді диалог алаңына айналды.  Бизнесті қорғау мен әкімшілік кедергілерді азайту жолында жарқын жобаларды жүзеге асырып, кәсіпкерлердің құны 131 млрд теңгені құрайтын мүліктік құқығын қорғады. Қолданыстағы құқықтық-нормативтік құжаттарға 24 мың сараптамалық қорытынды жасады. Оның 73%-ы мемлекеттік органдардың қажетіне жарап, заңнамаға енгізілді. Бұдан бөлек

заңнамалық, нормативтік актілерге өзгеріс енгізу туралы 604 ұсыныс жасап, оның 425-сін қабылдатты. 

"Атамекеннің" араласуымен мемлекеттік органдардың 540 бақылау және қадағалау функциясының қайталанатын немесе тәуекелдерге байланысты емес 137 қызметі қысқартылды. Сонымен қатар ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге қатысты 30 497 талапты 17 154-ке дейін азайтуға қол жеткізді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерден 25 мыңнан астам өтінім қабылдап, оның 42%-ның оң шешілуіне ықпал етті. Рұқсат, лицензия алу санын 72%-ға азайтты. Тексеру мерзімдері қайта қаралып, 30 жұмыс күнінен  15 жұмыс күніне, ал жоспардан тыс тексеру  30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқарды.

Салық бойынша шағымдарға келетін болсақ, кәсіпкерлерге пайдалы коэффициент 30%-ды, ал кедендік мәселелер бойынша 37%-ды құрады.

Қазір елімізде республикалық, аймақтық деңгейде кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі жұмыс істейді. Кеңес отырысы ай сайын парламент, мәслихат депутаттарының, құқық қорғау органдарының өкілдерінің қатысуымен өтеді. Бизнес-омбудсмен институты да кәсіпкерлердің құқығын қорғауда міндетін мінсіз атқарып отыр.

2017 жылдың 1 шілдесінде қаржы министрлігінің жанынан салықтық және кедендік дауларды сотқа дейін қарастыратын апелляциялық комиссия құрылды. Комиссия құрамына "Атамекен" ҰКП өкілдері енді.

2015 жылдан бері 20 ХҚО арқылы бизнеске облыстық деңгейде және 191 кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары арқылы аудандарда, шағын шаһарлар мен моноқалаларда сервистік қызмет көрсетілуде.

Ұлттық палатаның бастамасымен қылмыстық кодекстен

"Жалған кәсіпкерлік" туралы 215-бап алынып тасталды. Келтірілген шығынның орнын толтырған жағдайда жауапкершіліктен босату қарастырылды.

Бизнес-қоғамдастығы мен үкіметтің диалогы арнайы салық режимін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде әлеуметтік салық 11%-дан 9,5%-ға төмендетілді. Өз кезегінде бұл бизнестің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тиісті жүктемесін жеңілдетті.

"Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлерді дамытудың" 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында "Атамекен" ҰКП "Bastau Бизнес" оқу бағдарламасы жүзеге асырды.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу