"Электронды шот-фактура" банкротқа ұшырата ма?

3676

Кәсіпкерлердің есеп-шоттары бұғатталуда.  

"Электронды шот-фактура" банкротқа ұшырата ма?

Елордада шағын және орта бизнес өкілдері шоттарының негізсіз бұғатталып жатқанын айтып, Нұр-Сұлтан қаласы Өңірлік кәсіпкерлер палатасына шағым түсірген. Өңірлік палата директорының Құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қуанышбек Мұқаш мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді.

"ҚР Қаржы министрінің қазан айының 3-і күнгі бұйрығына сәйкес, "Электронды шот-фактура" ақпараттық жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды. Осы жүйе арқылы елорданың мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпорындарға электронды форматта хабарлама жіберіп, жауабын алып отырады. Қажет деп тапса, кәсіпкердің есеп-шотын бұғаттай алады. Бұйрыққа сәкес, мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері алынған құжаттарға бес күн ішінде талдау жасап, қабылдауға немесе кері қайтаруға тиіс. Алайда қызметкер жұмысты уақытында орындамаса, жауапқа тарту қарастырылмаған. Мәселе былай болып тұр, кәсіпкерлер келген хабарламаға жауап бергеніне қарамастан, салық органдары 600-дей кәсіпкердің есеп-шоттарын бұғаттап тастаған. Тіптен кейбір компанияның шотын хабарлама жібермей ақ, бұғаттаған. Сонымен қатар, ол кәсіпкердің клиенттеріне де хабарлама жіберіп, кәсіпкерді "сенімсіз" деп атап, онымен жұмыс істемеуге кеңес беруде", – деді кәсіпкерлер палатасы өкілі.

Жиынға шоттары бұғатталып, "сенімсіз" атанған жиырма бес кәсіпкер келді. Бірнешеуі сөз алып, пікірін білдірді. Ет саудасымен айналысушы Алтынай есімді кәсіпкер клиенттерінен айырылғанына қынжылысын білдірді.

"Қаладағы сауда орталықтарына ет жеткізумен айналысамын. Салықтық хабарламаларға жауап беріп отырамын. Алайда еш негізсіз шотымызды бұғаттады. Қазір жалақы де, несие де төлей алмай отырмын. Екі ай болды жұмыс істей алмай жүрміз. Осының салдарынан зор еңбекпен жинаған клиенттерім менімен жұмыс істеуден бас тартуда. Оларға мені "жоғары деңгейдегі тәуекел тобына жатады" деп хабарламаларды үйіп-төгіп жіберуде. Абыройдан айырылған кәсіпкерге жұмыс істеу өте қиын. Тауарды қаншаға аламыз, қаншаға сатамыз бәрі белгілі, өйткені монополияға қарсы комитетке ай сайын есеп беріп отырамыз. Алайда бізден бағаны көтеруді, тағы да салық төлеуімізді талап етуде", – деді кәсіпкер.

Қуанышбек Мұқаш кәсіпкерлердің шоттарын осындай жолмен бұғаттау – сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмысты өршітуі мүмкін екенін айтты.

"Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтайын, салық органдары қазір сот шешімін, прокурор санкциясын қажет етпестен, мыңдаған бизнес субъектілерінің кәсіпкерлік қызметін тоқтатып, әкімшілік қысым көрсете алады. Бұл пилоттық жоба ережелері қолданыстағы салық заңнамасының нормаларына қайшы келеді. Бизнестің жұмысын қиындатып, сыбайлас жемқорлыққа жол ашады. Шоттарды жаппай бұғаттаудың соңы кәсіпкерлердің банкротқа ұшырап, қала бюджетіне түсетін қаржы азайып, тіптен ауыр жағдайға апаруы мүмкін. Біз бұл ережені тоқтатып, нақты шара қолдану үшін кәсіпкерлер құқын қорғау уәкілетті органдарына өтініш хат жолдаймыз", –  деді ол.

Заңгер Сәкен Қарин "сенімсіз салық төлеуші" ұғымы заңнамада жоқ екенін айтты.

"Электронды шот-фактура арқылы кәсіпкерге "қаржы-шаруашылық операцияларын жүзеге асырудың төмен ықтималдығына ие" деген хабарлама келеді, яғни кәсіпкерлердің адалдығына күмән келтіріледі. Өзінің адалдығын дәлелдеу үшін кәсіпкерлер салық органына екі мыңдай шот-фактура мен басқа да құжаттарын қағазға басып шығарып, апарып беруге мәжбүр болуда. "Сенімсіз салық төлеуші" деген ұғым салық заңнамасында қарастырылмаған. Алайда кәсіпкерге осы атау таңылғаннан кейін, ол жан-жақтан қысым көреді", – деді заңгер.

Жауап ретінде Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Таукен Ошақбаев әр іс жеке қаралатынын айтты.

"Электронды шот-фактура туралы айтар болсам, Нұр-Сұлтан қаласында 600-дей салық төлеушінің шоты бұғатталды. Бұндай шешім тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы апта сайын шығарылады. Бұғатталғандардың барлығы "жоғары деңгейдегі тәуекел" тобына жатады. Сол себепті, салық төлемегендер автоматты түрде жүйеде бұғатталады. Адамди фактор бұл жерде жоқ. Егер 600 салық төлеушінің ешқайсысы күдік тудырмайтын болса, осында барлығы келер еді ғой. Әрине қателіктер кетуі мүмкін. Шағым түсіргендердің әрқайсының ісін жеке қарастырамыз. Нақты шара міндетті түрде қолданылады", – деді салық органының өкілі.

Осы мәселені Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің отырысында талқылауға жетекшілік еткен Ирак Елекеев салық инспекторларының іс-әрекетіне баға берді.

"Болашақта бұл мәселе сотта қаралатын болса, заңгер Сәкен Қарин қол ұшын берге дайын. Қазір шағымдарды Республикалық "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен қалалық прокурорға жіберейік деп отырмыз. Ары қарай өздері сотқа арыз беретін шығар деп ойлаймын. Істеп тұрған жұмысқа кедергі келтіріліп, бизнесті құртуға болмайды. Бұл бір-екі емес, 600 кәсіпкерге қатысты іс. Тағы бір айта кетерлігі, салық инспекторы құқы болмаса да, кәсіпкерге "жоғары деңгейдегі тәуекел тобына жатады" деп өзі баға беріп отыр. Ондай бағаны тек сот қана бере алады. Салық инспекторы алдымен кәсіпкердің құжаттарын жинап, тексеріп, көз жеткізіп барып қана пікірін айтсын!", –  деді Ирак Елекеев.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу