Шенеуніктер қашанғы той тойлап жүре бермек?!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1914

Думанқұмар шенеуніктерді жұмыс істеуге мәжбүр ету үшін не істеу керек?

Шенеуніктер қашанғы той тойлап жүре бермек?!

Барлық мемлекеттік қызметкердің құлағына алтын сырға! Күлтегін үлкен жазуында "жалаңаш халықты тонды, аз халықты көп қылар", елге құт-береке келтірер мынадай қағида қашалған екен: "Әкеміз, ағамыз құраған халықтың атақ-даңқы жоқ болмасын деп, түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым..." Бір айта кетер жайт, Елбасының "жалпыға ортақ еңбек қоғамы" идеологиясына осындай ерен еңбекқорлық ұстын болған.

Бірақ, кеңес одағының шапанынан шыққан шенеуніктердің көбі мұндай жанкештілікке дайын емес, шынын айтқанда, суқаны сүймейді.

Сондықтан, қазіргі қиын уақытта солтүстік алпауыт көршімізде басқа бір "ұлы науқан" басталды. Ресейде шенеуніктерді жаппай жаңажылдық корпоративтерден айыра бастады. Мұның "сақал сипар" көзбояушылық еместігін қоғамдық ұйымдары да растап отыр. "За честные закупки" бүкілресейлік халықтық майданының өкілдері мемлекет есебінен өткізілетін жаңажылдық той-думандар саны күрт кемігенін анықтаған. Зерттеу нәтижелері көрсеткеніндей, жаңажылдық мерекені өткізу бойынша тендерлер саны 4 есе азайған. Қалғандары мекеме қызметкерлерінің қаржысына ұйымдастырылғалы тұр екен. Мысалы, Кремль қызметкерлері "Иллюзион" кинотеатрында "Викинг" тарихи кинотуындысын тамашалаумен шектелмек. Бұл үшін олардан 1 мың рубльден жиналыпты.

Қазақстанда ше? Әзірге жаңажылдық "корпоративтің" болмайтынын тек ел Парламенті ғана мәлімдеді. Ал үкімет пен министрліктер үнсіз. Жаңа жылды "жақсылап" атап өтпеуді – "жаман ырым" санайтын ұлттық компанияларды айтпай-ақ қоялық.

Бұл жерде Бақытжан Сағынтаевтың ресейлік әріптесі мұнымен шектелмей, одан әрі ілгерілегенін айта кеткеніміз жөн. Осы аптаның басында Ресей үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев үкімет мүшелерін жаңажылдық "каникулдан" да айырды!

"Үкіметте "каникул" деген болмауға тиіс. Сіздер алдағы жаңажылдық демалыс күндері де лайықты жұмыс істеуге міндеттісіздер!", – деді Дмитрий Медведев министрлерге. Бұл мәлімдеде осы аптаның басындағы Ресей президенті қатысқан министрлер кабинетінің жиынында айтылды.

Апта басында, 20 желтоқсанда Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен үкімет өзінің қорытынды отырысын өткізді. Онда 2016 жылдың 11 айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылды. Бірақ, онда жаңажылдық "каникулдан" бас тарту туралы бір сөз айтылмады.

Ал шенеуніктер мен әкімдердің тынбай тер төгуі аса қажет болып тұр. Мұны үкімет мүшелеріне де мойындауға тура келді.

Үкімет отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қаржыны игеруге қатысты проблемалар барын ашық айтты. Яғни, әкімдер мен министрлер қаржыны тағы игермей, ел игілігіне жаратпай тастайтын түрі бар. Айтқандай, кезінде денсаулық сақтау министрлігін басқарған Ерболат Досаев осы құбылысты ас қорыту жүйесінің дертіне теңеп, "асқазанның созылмалы қорытпауы" деп айтқан болатын.

Бақыт Сұлтанов "Нұрлы жол" бағдарламасына бөлінген 12,5 млрд теңгенің игерілмейтінін қынжыла жеткізді. "Нұрлы жол" – Елбасының өзі жариялаған және бақылауда ұстап отырған стратегиялық бағдарлама екенін ескерсек, шенеуніктер мен әкімдердің басқа республикалық, өңірлік, салалық бағдарламаларға қандай көңіл бөлгенін өзіңіз бағамдай беріңіз.

"Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша биылғы жылдың 11 айында 435 млрд теңге немесе жылдық жоспардың 92%-ы игерілді. Жыл соңына дейін республикалық деңгейде 99,9% игеріледі. "Халықаралық қаржы есептілігі" жобалары бойынша ұлттық экономика министрлігі – 235,6 млн теңгені, білім және ғылым министрлігі – 130,9 млн теңгені және денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі – 109,3 млн теңгені игермейді!", – деп ашық айтты қаржы министрі.

Оның мәлімдеуінше, жергілікті органдар 215,5 млрд теңгені немесе алынған қаражаттың 94,5%-ын ғана игерген, 12 млрд теңгені игере алмаған.

Қаржы министрлігі президент бағдарламасымен бөлінген ақшаны әжетке жаратпай тастағандардын атын атап, түрін түстеді. Қаржының басым бөлігі мына облыстарда игерілмеген: Маңғыстау облысында – 1,4 млрд, Ақтөбе облысында – 1,3 млрд, Алматы және Ақмола облыстарында – 1,2 млрд, Атырау облысында – 1,1 млрд теңге. Игерілмеудің негізгі себебі – жұмыстың өндіріс кестесінен қалып қоюы.

Бұл – бір бағдарламаның ахуалы. Ал бүкіл бюджет бойынша жағдай нешік?

Жалпы алғанда, биыл мемлекеттік бюджеттен шамамен 9 трлн теңге жұмсалады деп көзделген. Бұл бұрын жоспарлағаннан 20%-ға көп.

Осы орайда әкімдердің мереке күндері марқайып, жағаны жайлауға салар жөні жоқ екен. Қаржы министрі жергілікті бюджетті игеру жағдайы өткен жылдың дәл осы кезеңіне қарағанда тағы 0,5%-ға нашарлағанын үкімет басшысына хабарлады.

"Тұтастай алғанда, мемлекет бюджетінің шығындары 97%-ға, соның ішінде республикалық бюджет 98,2%-ға және жергілікті бюджет 96,6%-ға орындалды", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, бюджеттік бағдарлама әкімшілері, яғни, бюджеттен қаржы алған мекемелер мен ұйымдар биыл 129 млрд теңгені игеру мүмкін еместігін мәлімдеген. Бірақ, мұнда қорқатын ештеңе жоқ, өйткені, игерілмеген қаржының 90%-ынан астамы – үкіметтің биыл төтенше істерге пайдаланылмаған резерві (90 млрд теңге) және үнемделген қаржы (32 млрд теңге).

"Ең көп қаражатты сыртқы істер министрлігі игерілмеген – 2,8 млрд теңге. Бұған Астана саммитінің өткізілмей қалуы, Өзбекстанда елшілік ғимараты құрылысының қымбаттауы ықпал етті. Ішкі істер министрлігі – 1 млрд теңгені игермеді, себебі – құрылыс жұмыстарының уақтылы орындалмауы. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 1,2 млрд теңгені еңбек дағдылары жобасына қатысты конкурстық жұмыстардың өткізілмеуіне және науқастардың емделу курсының аяқталмауына байланысты игермеген. Білім және ғылым министрлігі 0,6 млрд теңгені жатақхана құрылысы жұмыстарының аяқталмауына, конкурстық құжаттаманы дүниежүзілік банкпен ұзақ келісуге байланысты игермеді", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ, ол 2016 жылғы бюджетті нақтылағанда, биыл қосымша бөлінген қаражаттың 2,3 млрд теңгесі игерілмей қалатынын мәлім етті. Тарата айтсақ, ең көп қаржыны сыртқы істер министрлігі игермеген – 1,9 млрд теңге. Ол, әлгі, Астана бейбітшілік саммитінің өткізілмеуіне орай туындапты. Сонымен бірге, бас прокуратура "өнім берушілердің тауарларды жеткізуден бас тартуына" байланысты 248,9 млн теңгені, ал ішкі істер министрлігі соттағы дауларға шатылуына байланысты 90 млн теңгені игере алмапты.

Үкіметте биылғы 11 ай ішінде Қарағанды (99,2%) және Манғыстау (96,7%) облыстары өздеріне белгіленген кірістер жоспарын орындай алмағаны жария етілді. Мұның сыртында Жамбыл облысында кірістердің түсу қарқыны 1,2%-ға төмендегені айтылды.

Жергілікті бюджеттің 3 трлн 830,8 млрд теңгесі игерілді немесе жоспардың 96,6%-ы орындалды.

"Жергілікті бюджетте 133 млрд теңге игерілмей қалған. Ең көп қаржыны игермеген өңірлер: Алматы қаласы – 26,8 млрд, Астана қаласы – 26,3 млрд, Манғыстау облысы – 11,5 млрд, Оңтүстік Қазақстан облысы – 10,5 млрд, Батыс Қазақстан облысы – 7 млрд, Алматы облысы – 6,7 млрд теңге", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Мемлекет мұның сыртында өңірлерді қолдауға қосымша қаражат бөлген. Әкімдер оны да игере алмай отыр, жылдың соңы болса таяп қалды. Алда жаңажылдық мереке күндері.

Қаржы министрлігі аяқталып қалған жылда өңірлерді қолдауға республикалық бюджеттен 1 трлн 530,5 млрд теңге көзделгенін, бұл 2015 жылға қарағанда 51% көп екенін хабарлады.

Соның ішінде 2016 жылдың 11 айында өңірлерге республикалық бюджеттен 1 трлн 384,5 млрд теңге бөлінген. Бірақ, осы қаржының өзін аймақтар "қорыта" алмады: өңірлер 1 трлн 324 млрд теңгені немесе 95,6%-ын ғана игерген. 60 млрд теңге әлі күнге пайдаланылмаған!

"Аутсайдерлер" қатарында – Астана қаласы (13,3 млрд), Алматы қаласы (9,9 млрд), Оңтүстік Қазақстан (3,5 млрд), Қарағанды (3,4 млрд), Ақтөбе (3,2 млрд) және Маңғыстау (3 млрд теңге) облыстары бар.

Әрине, қаржы министрлігінің өзі де оңып тұрған жоқ. "Мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырудан түскен қаражат 25 млрд теңгеге немесе 87,4%-ға игерілді. Жылдың соңына дейін 13 млрд теңгені игеруіміз керек", – дейді министр. Жыл бойы игермегенде, он үш млрд-ты бір жарым апта ішінде игеру оңайға түспесі сөзсіз. Рас, мерекелік "каникулсыз" істесе, ол да мүмкін болар ма еді?!

"Келесі қаржы жылына ауыстырылатын кассалық қалдықтар шамамен 130-150 млрд теңге", – дейді Бақыт Сұлтанов. Бір қызығы, ол үкімет отырысында әріптестеріне мұның жақсы жағы барын да айтты: "Бұл алдағы жаңа жылдың шығыстарын уақтылы және үздіксіз қаржыландыруға мүмкіндік береді".

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті де кей салада кері кеткені байқалып отырғанын көрсетеді.

Комитеттің дерегінше, жыл басынан бері, яғни, 2016 жылдың қаңтар-қараша аралығында отандық өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 16 трлн 663,7 млрд теңге болды, бұл 2015 жылдың қаңтар-қарашасына қарағанда 1,4% аз!

Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2016 жылдың 11 айында өнеркәсіп өндірісі Ақтөбе облысында 0,1, БҚО-да – 1,3, Алматы қаласында – 1,5, Маңғыстау облысында – 3,3, ал Қызылорда облысында 10,2%-ға құлдырағанын айтады. Осы уақыт ішінде ауыл шаруашылығы Маңғыстау облысында 8,8%-ға кері кеткен. Қалған өңірлерде өсім байқалады.

Кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда өндіріс көлемі 3,1%-ға, сумен жабдықтауда, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауда 4,7%-ға төмендеді. Осы уақыт ішінде байланыс саласы өткен жылғы көрсеткішіне де жете алмай, тек 97,7% межесінде іркілді.

Алыпсатарлардың да саудасы жүріп тұрғаны шамалы: сауда саласындағы нақты көлем индексі – 98%. 11 ай ішінде Қазақстандағы көтерме саудада 15 трлн 858,7 млрд теңге түсті, ал 2015 жылдың осы кезеңінде 96,6% болған.

Қазақстанның әлемдік базардағы саудасы да мандымай тұр, тіпті, жыл өткен сайын Қазақстан өндіретін өнімдер саудасы төмендеп келеді. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті 2016 жылдың қаңтар-қазан айларында республиканың сыртқы сауда айналымы небары 49,3 млрд АҚШ долларға жуықтап, былтырғы каңтар-қазанмен салыстырғанда тағы 24,4%-ға құлдырағанын мәлімдеді. Оның ішінде экспорт – 29 млрд 74,5 млн АҚШ долларына әзер жетіп, өткен жылғыдан 25,9%-ға кеміп кетті. Былтыр Қазақстан жаһандық қара базарда өз өнімдері мен тауарларын 39,2 млрд долларға өткізген еді.

Экономистер теңге құнсызданғалы, қазақстандықтардың сатып алу қабілеті төмендегенін айтады. Осыны растағандай, шетелден арбалайтын импортымыздың көлемі де жыл басынан бері 20 млрд 199,9 млн АҚШ долларын құрап, былтырғыдан 22,2%-ға азайған.

Статистикалық орган 2016 жылдың қазанында, 2015 жылдың қазанына қарағанда халықтың нақты ақшалай табысы 9,2%-ға төмендегенін жеткізді.

Ұлттық банк мамандарының мәлімдеуінше, еліміздің халықаралық резервтері де азайған. Егер 2015 жылы мұнайдан түскен барлық табыс құйылатын ұлттық қор активтері 63,5 млрд долларға, ал Қазақстанның алтын-валюта қоры 27,9 млрд долларға, яғни, еліміздің жиынтық халықаралық резерві 91,4 млрд долларға артса, 2016 жылы ұлттық қор қаражаты 61 млрд-қа дейін төмендеген. Бірақ, ұлттық банктің белсенді түрде бағалы металды сатып алуы нәтижесінде алтын-валюта қоры 29,8 млрд-қа дейін өскен. Қорытындысында Қазақстанның халықаралық резервтері 90,9 млрд долларға жетті.

Айтқандай, премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкімет мүшелері мен әкімдердің инфляцияны, баға құнсыздануын тоқтату жөніндегі іс-қимылдарына көңілі көншімейтінін мәлімдеді.

"Өткен жолы үкіметте осы мәселелер талқыланғанда, біз инфляцияны 6-8% деңгейінде сақтап қалу қажеттігін айтқанбыз. Бірақ, 11-ші айда, батырып айтар болсам, бұл тапсырманы жарға жықтық. Мен өңір әкімдеріне тағы да қайталап айтамын, желтоқсанда инфляцияны ұстап қалуға, сөйтіп, жыл қорытындысында мемлекет белгілеген 6-8% деңгейден шығармауға міндеттіміз!", – дейді үкімет басшысы.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері инфляция 7,5 пайыз болған. Яғни, шенеуніктер бұл тапсырманы "сәтсіздікке ұшыратудың" аз-ақ алдында тұр.

Сарапшылар үкіметке арқаны кеңге салмауға кеңес береді. Себебі, келесі жылы Қазақстан инфляцияның үлкен толқыны астында қалуы мүмкін екен.

"Биылғы жылы негізгі материалдардың бағасы, ең кемі, 30 пайызға қымбаттады. Бензиннің ең көп сұранысқа ие маркаларының, дизельді отынның бағасы көтерілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өнімдерінің өзіндік құнында жанар-жағармайдың үлесі едәуір. Демек, келесі жылы бидай, ұн, көкөністер бағасы өседі деген сөз. Бұл жағдайда әкімқаралардың базарларды аралауы да, алыпсатарлар қосатын үстемеақыны 20 пайызбен мемлекеттік шектеу де, басқа амал-әдістер де көмектеспейді. Біз алдағы жылы, әсіресе, қыста инфляцияның үлкен толқынына куә боламыз. Бұған елімізде соңғы екі жыл бойы жүргізіліп отырған экономикалық және қаржы-кредиттік саясат салдарынан қордаланған "кейінге шегерілген инфляция" ықпал етпек. Өйткені, бүкіл әлемде экономиканы реттеудің контрциклды әдістері қолданылады, бізде де соны өткізуді қалайды, бірақ, ақыр соңында керісінше болып шығады. Себебі, дағдарыстың барын ешкім мойындағысы келмейді", – дейді белгілі экономист, BRB Invest басшысы Ғалым Құсайынов.

Ол үкімет пен ұлттық банкке елімізге келер инвестицияны ынталандыру үшін ұлттық валютаны нығайтып, халықтың сатып алу қабілетін көтеруді ұсынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу