"Шенеуніктер Қазақстанның заңгерлеріне сенбейді..."

1503

Халықаралық арбитраж мәселесін біз бұған дейін де қозғаған болатынбыз.

"Шенеуніктер Қазақстанның заңгерлеріне сенбейді..." Фото: advokatyufa.ru

Сол кезде Әділет министрлігінде өткен халықаралық конференцияның ерекшелігі – алғаш рет қазақстандық спикерлердің қатысқаны еді.

Олар отандық заңгерлер халықаралық дауларға еліміздің атынан қатысуда шетқақпай көріп келе жатқанын айтып, базынасын жеткізген. Бірақ, содан бері көп ештеңе өзгермегенге ұқсайды.    

Ресми дерек не дейді?

Еліміздегі саяси-құқықтық реформалардың бір сесі Әділет министрлігінен есе бастады. Органда ашықтық пайда болып, жариялылыққа бетбұрыс сезілді. Соның бірі – талай сынға ұшыраған халықаралық арбитраж тақырыбы. Мұнда бірінші кезекте шетелдік юрисдикцияларда мемлекет мүддесін білдіруге және қорғауға бағытталған бюджет шығындары қысқарған екен.

Мәселен, 2021 жылға бөлінген бюджет 25,6 миллиард теңге болса, 2024 жылға арналған бюджет 8 миллиард теңге болыпты. Тіпті жыл бойы бұл сома тағы да төмендеуі мүмкін.

"Бюджетті оңтайландыруға процессуалдық болашағы жоқ істерден бас тартудың, сондай-ақ өтелетін шығындар көлемін қайта қараудың арқасында мүмкіндік туды. Еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар кешенін қолдау мақсатында Әділет министрлігі дауларды шешудің әртүрлі баламалы тетіктерін қолдану арқылы даулардың санын азайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Сотқа дейінгі реттеудің өзара тиімді шешіміне қол жеткізу мүмкін болмаған жағдайда ғана сотқа және төрелік іс жүргізудің соңғы инстанцияларына жүгінеміз. Осылайша, бұл көрсеткішті 6 дауға дейін азайды. Мысалы, 2023 жылы 26 дау бойынша мемлекет мүддесін қорғаған болсақ, 2024 жылғы статистикаға сәйкес біздің ведомство 20 істі қарауда", - дейді Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Оның айтуынша, шетелдік соттарға, арбитраждарға және басқа да сот процестерінде мемлекет мүддесін білдіру және қорғау үшін жергілікті заңгерлерді тарту тәжірибесі кезең-кезеңімен енгізілуде екен.

Мәселен, біз сөз еткен жиыннан соң бірқатар халықаралық және отандық фирмалар арасынан қазақстандық Grata International заң фирмасы жүріп жатқан даулардың бірі бойынша ел Үкіметінің кеңесшісі ретінде қатысты.

"Әділет министрлігінің бұл бастамасын қолдау мақсатында беделді рейтингтерде жоғары орындарды иеленетін және түрлі дауларда мемлекет мүддесін қорғауда үлкен тәжірибесі бар белгілі халықаралық заң фирмалары Қазақстанда өз өкілдіктерін ашуға ниет білдіруде. Осылайша, бұрын Қазақстанда өкілдігін ашқан Curtis, White & Case сияқты заң фирмаларының қатарын тағы бір халықаралық заңгерлік компания – Squire Patton Boggs толықтырды. Әділет министрлігі бұл үрдісті дұрыс деп санайды және Қазақстан Республикасында өкілдіктерін ашуға ниетті жаңа халықаралық заң фирмаларына қажетті қолдау көрсетуге дайын", - деді ол.

Мемлекет жауапкершіліктен қашып отыр

Десе де Әділет министрлігінің сылбыр қадамына сол жиынға қатысқан спикерлердің көңілі толмай отыр. Өте өзекті мәселе созбалаңға салынып келеді. Онсыз да отыз жыл зая кеткен уақытты ескеріп, олқылықтардың орынын толтырып, батыл қимылдайтын уақыт жетті дейді олар. Солардың бірі – халықаралық дәрежедегі заңгер Бақыт Тұқылов.

"Бізді қынжылтатыны, қазақстандық компанияларды арбитражда көмекші ретінде жалдайтыны. Негізгі қатысушы ретінде тартпайды. Мысалы, бір ірі құрылыс компаниясы үй тұрғызып жатқан кезде, есік-терезесін салу, еденін құю, ішкі әрлеу сияқты ұсақ-түйек жұмысқа сырттан бригада жалдайтыны сияқты, біздің де істеп жүргеніміз сондай мердігер жұмыстар. Бұл, әрине, намысымызға қатты тиеді. Болмаса соттарға біздің тараптың толыққанды мүшесі ретінде қатысып, ел мүддесін қорғап шығуға мүмкіндігіміз еркін жетеді. Өйткені, ол жердегі даулар халықаралық қана емес, Қазақстанның заңдары бойынша да шешіледі. Ал шетелдіктердің бізден асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Болса, тәжірибесі ғана бар шығар, 20-50 жыл алда болар. Бірақ, заң мен құқық базасы барлық жерде бірдей", - дейді ол.

Оның айтуынша, халықаралық арбитраждағы даулар үш-төрт жылдан кейін бітіп қалатын нәрсе емес, бұған дейін болған, болашақта да тоқтамай жалғаса беретін үрдіс. Тіпті, көбеймесе азаймайды.

Міне, сол дауларға Қазақстан жылына миллиардтаған ақша шығындайды. Ал оны шетелдіктерге шашқанның орынына өзіміздің заңгерлерді дайындауға неге жұмсамасқа.

Ол үшін шетелдік заң фирмасын жалдаған кезде оларға: "Біз сіздерді жалдаймыз, бірақ сіздер сотта қорғап қана қоймай, 5 жылдың ішінде Қазақстанның азаматтарын оқытып, командаларыңа жұмысқа алып, дауларға қатыстырып, тәжірибе жинақтатып, осы мерзім ішінде компанияңызда олардың үлесін 40%-ға жеткізуге тиіссіздер!" деп талап қою керек.

Сонда біріншіден өзіміздің мектеп қалыптасады, екіншіден кететін шығындарды он есе азайтуға болады. Өйткені, шетелдік заң фирмалары өте қымбат тұрады, әрі нәтижелі жұмыс жасап жатыр деп айту қиын. Бірақ сонда да болса, біздің шенеуніктер соларға құмар. Неге олай екенін сұхбаттасымыз айтып берді.  

"Біріншіден, мемлекеттік қызметте отырған жауапты лауазымды қызметкерлер жауапкершіліктен қашады. Екіншіден олар Қазақстанның заңгерлеріне сенбейді. Сондықтан да шетелдік заң фирмаларына "сақтандыру құралы" ретінде жүгінеді. Егер ұтылып қалатын болса, бар кінәні соларға аудара салу оңай. Ал қазақстандық заңгерлерді жалдайтын болса, олар ұтылған жағдайда сотталып кетеміз деп қорқады. Өйткені, отандық фирманы тарту олардан жоғары жауапкершілікті талап етеді. Ертең құқық қорғау органдары тексеріп келген кезде жауапкершілік өздерінде болады ғой. Сондықтан да олар мемлекеттің мүддесінен бұрын, жеке басын көбірек ойлайды", - дейді халықаралық дәрежедегі заңгер Бақыт Тұқылов.

Әрине, бұл пікірдің жаны бар. Елімізде жауапкершілік мәселесінде үлкен дағдарыс бары жасырын емес. Өйткені, қыруар қаржыны шашқанда жазасыз қалатын шенеуніктердің, ел мүддесіне келгенде қара басы үшін қорқатыны – бүгінгі мемлекеттік менеджменттің диагнозы болса керек. Ал халықаралық арбитраж – соның бір симптомы ғана. Ендеше, осының бәріне – уақыт емші деп сенеміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу