Шенеуніктер жерді қалаған адамына беріп отыр ма?

3270

Ақсудың экс-әкімі Жер Кодексінің талаптары сақталмай отырғанын мәлімдеді. 

Шенеуніктер жерді қалаған адамына беріп отыр ма?

Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов басшылық қызметке келгеніне тура төрт ай толғанда әдеп жөніндегі кеңестің ұсынысымен жұмысынан босатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұрынғы Мәжіліс депутаты, кейін Ақсу қаласының әкімі болып тағайындалған Нұржан Кемерұлының жұмыстан қуылуына қоластындағы кейбір мемлекеттік қызметшілердің шағымы себеп болды. Бірқатар бөлім басшысы мен қызметкерлері шаһар әкімінің бейәдеп көрсетіп, тіл тигізіп, демалыс күндері жұмысқа шақыртып алатынына шағымданды. Ресми ақпарат бойынша, экс-мәжілісменнің экс-әкім атануына дәл осы шағым себеп болды.

Бірақ жұмыстан қуылу себебінің түп тамыры басқада сыңайлы. Айталық, Ақсу қаласының әкімі шағын шаһардағы бірқатар былықтың бетін ашып, оған дейін болған заңсыздықтарды жалпақ жұртқа жария салды. Мұндай әрекет облыс басшылығына ұнай қойған жоқ.

Ақсудың экс-әкімі анықтаған заңсыздықтардың бірі жер беру мәселесіне байланысты. Н.Әшімбетов қызметінен кеткен соң ұйымдастырған баспасөз мәслихаты барысында Ақсу өңіріндегі ауыл шаруашылығы жерлерін бөлуде Президент тапсырмасы орындалмай отырғанын айтты.

"Мен Мәжіліс депутаты болған кезде жер мәселесімен көп айналыстым. Сондықтан оған қатысты заңнамаларды жақсы білемін. Мысалы, Жер Кодексінің 36-бабы бойынша жер тек жеке тұлғаларға төрт жылға дейінгі мерзімге мал бағу үшін конкурссыз беріледі. Ал Қызылжар ауылындағы "Аралов" шаруа қожалығы 10 жылдан бері заңсыз тұлға бола тұра жерді жеке тұлға ретінде алған. Яғни, ешқандай конкурс өткізілмеген. Әкімдікпен келісіп алып, жерді жалға алар кезде шаруашылықтың малын өз атына жазғызып алады да, жалдау мерзімі ұзартылған соң субсидия алу үшін қайтадан шаруашылықтың есебіне өткізеді. Бұл – барып тұрған бассыздық емей немене?!", дейді Нұржан Әшімбетов.

Сонымен қатар, қаланың бұрынғы басшысы ол әкім болып тағайындалғалы бірде-бір жер телімінің жалға берілмегенін хабарлады. Айтуынша, мамандардан бастап орынбасарына дейін түрлі кедергілер жасап, жерлердің заң аясында берілуіне тосқауыл болған.

Алайда Павлодар облысының жер қатынастары басқармасы бұрынғы әкімнің бұл сөздерін жоққа шығарды. Басқарманың мәліметі бойынша жыл басынан бері үш конкурс ұйымдастырылып, бір конкурс бойынша екі жер телімі берілді. Қалған екі конкурс кворумның болмауынан және техникалық себептерге байланысты өткізілген жоқ.

"ҚР Жер Кодексінің 35, 36, 43-баптарына сәйкес, 44 жер учаскесі конкурстан тыс берілді. Оның 40%-дан астамының жалдау мерзімі ұзартылды",делінген хабарламада.

Жалпы, Ақсу қаласы бойынша жерді аукцондарға шығару индикаторы 53 мың гектарды құрайтын көрінеді, бұл – жылдық жоспардың 2%.

"Жер учаскелерін аукциондарға шығару көрсеткішінің төмен болуына Ақсу қаласы әкімдігінің аукциондарды дұрыс жоспарламауы, әлсіз ұйымдастыруы және т.б. жағдайлар себеп", – дейді жер қатынастары басқармасы.

Яғни, мемлекеттік мекеме бұрынғы әкімнің өзін кінәлауға көшті. Мәселенің анық-қанығын құзырлы органдар зерттеп, жай-жапсарымен таныса жатар. Бірақ Нұржан Әшімбетовтің сөзінше, жер бөлуде заңсыздықтар бары туралы облыс әкімдігіне, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне, ҚР Парламенті Мәжілісінің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетіне хат жазса да әзірше ешқайсысынан жауап жоқ.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу