Шенеуніктердің сыбайластары 1,8 триллион теңгені талан-тараж еткен

3600

Президенттің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тетігіне қатысты жанайқайының астары түсінікті болды. Енді бұл сала реформаланып, адам танымастай өзгеруге тиіс.

Шенеуніктердің сыбайластары 1,8 триллион теңгені талан-тараж еткен

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі арқылы салынатын 20 аурухана жобасын сынады. Айта кету керек, Мамин Үкіметі 2025 жылға дейін өңірлерде 20 заманауи медициналық орталық пен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпсалалы емхана салу жобаларын қолға алған болатын.

Президенттің мәліметінше, 20 аурухананың әрқайсысына жұмсалатын шығын қолданыстағы заманауи ауруханалардың құнынан бірнеше есе қымбат. "Мемлекет пен жекеменшіктің мұндай серіктестігі бізге қажет емес" деп кесіп айтқан Қ. Тоқаев Үкіметке барлық аурухана құрылысы бойынша бірыңғай баға белгілеуді тапсырды. Нәтижесінде, осы 20 медорталықтың құрылыс бағасы қайта қаралып, арзандатылуға тиіс.

Ал одан бұрын, 21 қаңтарда отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысы МЖӘ-нің мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтуге пайдаланылатынын айтып, Үкіметке соны болдырмау үшін бұл тетіктің жаңа тәсілдемелерін түзуді тапсырды. Министрлер кабинеті осы механизмді жетілдіру барысында енді міндеттемелердің, кепілдіктердің, тәуекелдер мен кірістердің қос әріптес арасында бірдей, теңгерімді бөлінуін қамтамасыз етуі шарт.

Серіктес неге көлеңкені ұнатады?

Ұлттық экономика министрлігі ұлттық заңнамаға тиісті өзгеріс енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Оның аясында Қазақстанда жаңарған МЖӘ тетігі іске қосылады. Ол барлық МЖӘ жобалары бойынша ашық конкурстық іріктеу өткізуді, жобаларға жаңа критерийлер енгізуді қарастырады.

Министрлік МЖӘ жобаларын іске асыруға жүргізілген бағалау нәтижесінде біраз олқылық анықталғанын хабарлады. Бастамашылардың, яғни МЖӘ жобаларын ілгерілетуші меморгандар өкілдерінің ол жобаларды жоспарлап, іске асырудағы біліксіздігі әшкереленген. Салдарынан, біріншіден, инвестициялық ұсыныс, екіншіден, конкурстық құжаттама, үшіншіден, МЖӘ шартының жобасы сауатсыз әзірленеді, оларға егжей-тегжейлі сараптама жүргізілмейді. Бұл "мемлекет үшін тиімсіз МЖӘ шарттарын жасасуға соқтырған".

Төртіншіден, сол жобаның қалай іске асырылып жатқанын қадағалау, мониторингтеу де сапасыз жүргізіліп келген болып шықты. Осы бағытта талдау жүргізген мемлекеттік аудиторлар біраз былықтың бетін ашқан көрінеді. Түсіндіре кетсек, ұлттық салалық заңнамаға сәйкес, мемлекет тарапынан әріптес – әкімдік, министрлік не мемұйым өз басшылығымен қолға алынған әрбір МЖӘ жобасы бойынша объектілерге, МЖӘ шарттарына және МЖӘ жобаларын іске асыруға жыл сайын мониторинг жүргізеді. Бұл жобаны іске асырудың барысы туралы ақпаратты жинаудың, талдаудың және жинақтаудың үздіксіз процесі түрінде болып келеді.

"Алайда "Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы" АҚ-ы жүргізетін жыл сайынғы бағалау көрсеткендей, орталық және жергілікті меморгандар МЖӘ жобаларын іске асыру мониторингін атүсті, формальды жүргізеді. Келісімшарттық міндеттемелер, оның ішінде қаржы-шаруашылық қызмет аясында мемлекет және жекеменшік әріптестер қызметінің нәтижелері толық емес күйде ұсынылады, сапалы пысықталмайды. Бұл факт МЖӘ жобаларын іске асыруға толыққанды бағалау жүргізуді қиындатады. Жобалар бойынша нәтижелерге қол жеткізуді талдау мүмкін болмайды. Осылайша оларды іске асырудың тиімділігіне күмән туады", – деп хабарлады Экономика министрлігі.

Өз кезегінде мемлекеттік ұйымдар, әкімдіктер "жеке әріптес мониторингке толыққанды ақпарат ұсынбайтынын" алға тартып, ақталыпты. Себебі заңнамалық деңгейде бұл мәселе реттелмеген, нақты қандай ақпараттарды беруі қажеттігі атап көрсетілмеген. Кейбір арамза әріптестер осыны өз орайына пайдаланады. Бірақ бюджет қаражаты бөлініп қойылғандықтан жобаны орта жолдан тоқтатуға шенеуніктердің батылы бармайды.

Тағы бір проблема – қолында билігі және бюджетке қолжетімділігі бар әкімқаралар мен шенеуніктер жеке сектордан серіктесті айқындау кезінде іріктеуді емес, тікелей келіссөздер тәсілін негізсіз қолданып келген. Осы арқылы олар мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтіп, қандай да бір нысанды – балабақша, мектеп, аурухана, емхана және басқасын салу жобасының миллиардтарын еш тендерсіз-ақ, өзі қалаған компанияға ұстатып отырған.

МЖӘ шығынының 90%-дайын мемлекет өтейді

Бұл жерде "мемлекеттің қанша қаражаты осылай үлестірілген?" деген сауал туындайды. МЖӘ институты 2015 жылғы 31 желтоқсанда "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" заңы қабылданғаннан кейін толыққанды енгізілді.

Содан бастап, 2021 жылдың 1 желтоқсанына дейінгі аралықта 876 МЖӘ шарты бекітіліпті. Оның жалпы сомасы 2 триллион 98 млрд теңгені құрады.

Онда І санаттағы жобалар саны басым – 331 жоба. Оларға 1 трлн 873,3 млрд теңге жұмсалған. Нақтылай кетсек, жобаның І санатқа жатуы "оның бүкіл шығыны бюджеттен толық өтеледі" дегенді білдіреді. Президенттің сынына ұшыраған жобалар да негізінен осы қатардан.

Мемлекетке пайдалы ІІ санатта 212 жоба жүзеге асырылуда. Бірақ олар құны орта есеппен 500 млн теңге ғана тұратын ұсақтау жобалар. Шығындары бюджеттен ішінара ғана өтелетін бұл санаттағыларға бөлінген қаражат 118 млрд теңге.

Ал ІІІ санатта 333 МЖӘ жобасы бар екені анықталды. Бұл жобалар ұсақтау, жалпы құны 107,1 млрд теңге. Үшінші санат дегеніміз – жобаларға бюджеттен қаражат бөлінбейді. Олар тарифтер және ақылы қызметтер есебінен өзін-өзі ақтайды деген сөз.

Осылайша, бүгінге дейін бекітілген МЖӘ жобалары шығындарының 89,2%-ын (2 триллион 98 млрд-тың 1 трлн 873,3 млрд теңгесін) мемлекет бюджеттен толық өтеп беруге міндеттеме алған. Яғни шенеуніктер МЖӘ-ні бетперде етіп, жеке сектордағы сыбайластарының жобаларын бюджеттен қаржыландырып келгенге ұқсайды. Ендеше бұл тетікті "мемлекет пен жекешенің сыбайластығы" деп те атаса болады екен.

"Бұл тәсіл, өз кезегінде, жеке серіктестің пайдасы үшін экономикалық мүдделер тепе-теңдігін бұзуға және бюджет шығыстарының ұлғаюына алып келді", – деген қорытынды жасады Ұлттық экономика министрлігі.

Президенттің өзі айтқан соң жаңа заң қабылданып, ол арқылы кемшін тұстары жойылады деп жоспарланып отыр.

Жаңа заң жобасында МЖӘ жобаларының іске асырылуына мониторингті күшейту ұсынылады. Сондай-ақ тікелей келіссөздер тәсілімен жеке әріптесті анықтау тәжірибесі жойылмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу