Қоғам алдымен Бишімбаевтың біраз жыр болған сотын, артынан Олимпиада жүлдегерлеріне кімнің қандай сыйлық-тарту жасап жарысқанын талқылаумен әлек болып жатқанда, шенеуніктер тұтас көлді тура мағынасында талан-тараж етіп, тып-типыл қылғалы жатқанға ұқсайды.
Түсіндіре кетсек, насихаты мен дәріптеуі кемшін демесеңіз, Индер немесе Дендер көлі – қазіргі тілмен айтқанда, туристерді қызықтыратын "инстаграмдық" көрінісі бар еліміздегі ең көркем, тартымды жерлердің бірі.
Таяуда Мәжіліс депутаты Асқар Садықов биліктегілердің бұл бірегей көлді табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесінен және экологиялық, ғылыми, мәдени маңызы бар объектілер тізбесінен шығарып тастағалы жатқанын айтып, Парламент мінберінен Үкіметке депутаттық сауалмен қайрылған болатын.
Бұл жанайқай қоғамдық кең резонанс тудырмағанымен, жанашыр жандардың жүрегіне маза салды. Өйткені Қазақстанның батыс бөлігі – қорық, резерват, табиғи немесе ұлттық парк мәртебесіне ие аумақтарға онсыз да аса бай емес еді. Енді оның біріне Үкімет баса назар аудару, зерттеу және қорғау орнына бас салып, ханталапайға тастауға әзірленуде екен.
Атыраулық Аслан Омаров осыдан кейін Индер тұзды көліне барып қайтқанын айтады. Парламентте қағылған дабыл көлге барушылар қатарын арттырған көрінеді.
"Индер тұзды көліне барып келдім. Менделеев кестесіндегі құнды 16 қазба байлық шоғырланған бұл аймақта емдік қасиеті бар су, тұз, балшық – бәрі-бәрі мол. Жер астынан мөлдір тұзды бұлақ ағып жатыр. Көлдің суы салқын екен, бірақ шомылушылар жетерлік, ол жаныңа дауа, дертке шипа", – дейді тұрғын.
Кезінде мемлекет бұл көлді ерекше қорғауға алса, демек, сол кездегі ғалымдар бір нәрсені біліп солай жасаса керек. Көлдің тұзы жоғары сапалы, сондай-ақ калий, бром, борға бай екені ғылыми дәлелденген. Суы күкіртті сутекпен қаныққан, көлдің қара балшығы ежелден емдік қасиетімен танымал.
Қазіргі шенділерге Аралдың, Балқаштың тағдыры сабақ болмаған секілді. Ертең көлге техника келіп, түрен салып, түбін қопарса, нағыз экологиялық апатқа жол ашады. Аспанға құйындай үйіріле ұшқан тұз ондаған шақырымға дейін еркін тарайды. Айналадағы елдің денсаулығына жойқын соққы беруі мүмкін.
Журналист Алмас Алтай жергілікті халық дабыл көтеріп жатқанын айтады. Ол қазіргі климаттық кризис заманында еліміздің батысы онсыз да экологиялық апат алдында тұрғанына назар аудартты. Каспий тартылып бара жатыр. Қуаңшылық жыл сайын қайталап соғады. Енді Үкіметтің өзі Атырау облысындағы Индер көлін жекенің қолына берсе не болмақ? Бағзы замандардан аман жеткен кәусар қайнар "Әділетті Қазақстанда" жоқ болып кетпей ме?
Халық Атырау облысындағы "must visit" дейтін туристер үшін тартымды, қазақ үшін қасиеті жайсаң көлден айрылып қалмай ма? Оған жол бермеу үшін Индер көлінде өндіріс жұмыстарын жүргізуге болмайды. Алайда, көл қойнауында жатқан сапалы тұз бен минералдар шенділерге тыныштық бермей жатқан сияқты. Экологиялық апатты қолдан жасау кімге керек?
Мәжілісмен Асқар Садықовтың айтуынша, ерекше ғылыми құндылығы да бар Индер көлі қазіргі уақытта Үкіметтің екі қаулысымен қорғалады: 2006 жылғы 28 қыркүйектегі №932 қаулымен бекітілген Табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесі және 2007 жылғы 21 маусымдағы №521 қаулымен бекітілген Экологиялық, ғылыми және мәдени маңызы бар объектілерінің тізбесі.
"Соған қарамастан, 2021 жылдың басында Индер көлінің аумағы күмәнді жолдармен пайдалануға беріліп қойылған. Бұған қоса, 2024 жылғы 15 наурызда Үкіметтегі Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің отырысында Экология министрлігіне Индер көлін аталған тізімдерден шығарып тастау және тиісті экологиялық қорытынды беру тапсырылды. Сонымен қатар, сол хаттамада Индер көлінің аумағында пайдалы қазбаларды өндіруге экологиялық рұқсаттар мен лицензия беру үшін Су ресурстары, Денсаулық сақтау министрліктерінен және Атырау облысының әкімінен оң қорытынды беру талап етілген", – деді депутат.
Қазіргі уақытта, Индер көлін қорғалатын объектілердің тізбесінен алып тастау туралы нормативтік құжаттардың жобалары Экология министрлігінің сайтында тұр.
Айтқандай, 2021 жылы Атырау облысының әкімдігі Индер көлін ерекше қорғалатын нысандар тізімінен шығару бастамасын көтеріпті. Бірақ ол кездегі Экология министрлігі бұл бастамаға рұқсат бермеген. Енді міне, араға үш жыл салып, уәкілетті орган мүлде қарама-қайшы позицияны ұстанып отыр.
"Тағы бір атап өтерлігі, қаулы жобасына түсіндірме жазбада жаңа қаулыны қабылдауға негіз ретінде Қазақстан Президентінің 2022 жылғы 3 мамырдағы "Әкімшілік-аумақтық құрылымдарының кейбір мәселелері туралы" №887 жарлығына сәйкес келтіру аталған. Экологияны қорғауға міндетті министрліктің қаулысы керісінше экологияға қарсы бағыттылып отыр! Егер Индер көлін қорғау статусынан айырса, ауқымды экологиялық апат орын алады. Жер қойнауын пайдалануға қатысушылардың көбеюімен табиғатты ластауға кінәлілер мен қоршаған ортаға келген материалдық шығынды анықтау мүмкін болмайды", – деді мәжілісмен Асқар Садықов.
Оның айтуынша, болашақта теріс салдар болған жағдайда, қазіргі Үкіметте, министрлік пен әкімдіктерде жауапты болған тұлғалардың ешқайсысы жауапкершілікті өз мойнына алмайды. Жергілікті халықтың да әлеуметтік ашынысының ушығып отырғанын депутат растады.
Сол себепті, оның байламынша, Индер көлін ерекше экологиялық, ғылыми және мәдени құндылығы бар республикалық маңызға ие объектілерінің тізімінен шығаруға жол берілмеу керек.
Осы проблемаға қатысты Үкіметтің ұстанымы белгілі болды. Премьер Индер көлін мемлекет қорғайтын объектілер тізімдерінен алып тастамаймыз деп үзілді-кесілді айтпады. Оның орнына қоғамдық тыңдау өткізелік деп жақауратып отыр. Ондай тыңдаулардың көбіне, көзбояу екені жасырын емес.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліске жауабында Индер көлін Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесінен алып тастау сияқты бастаманы уәкілетті орган жергілікті әкімдіктің ұсыныстары негізінде әзірлейтініне сілтеді.
Үкімет басшысы бұл тізбеде қалу үшін онда "мемлекеттік орман қорының аса құнды екпелерінен, бірегей табиғи су объектілерінен немесе олардың учаскелерінен, ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерінен, геологиялық объектілерден, геоморфологиялық объектілерден, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер түрлерінен, ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер әлемінің бірегей бірлік объектісі болуға тиістігін" нықтады.
"Қазіргі уақытта шынында да Үкімет қарауында жергілікті атқарушы органның ұсынысы бойынша Индер көлін бірегей табиғи су объектілерінің тізбесінен алып тастауды көздейтін қаулы жобасы тұр. Бұл ретте экологиялық тәуекелдер мен қоғамның пікірін ескеріп, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті тұрғындарды тарта отырып, Атырау облысының әкімдігі осы мәселе бойынша қоғамдық тыңдау өткізуді жоспарлап отыр. Тыңдаулардың қорытындысы бойынша қаулы жобасын қарау шеңберінде Үкімет осы көлдің одан әрі мәртебесі жөнінде түпкілікті шешім қабылдайтын болады", – деді Олжас Бектенов.
Су ресурстарын басқару жөніндегі сарапшы Болат Есекин Үкіметтің жергілікті көлдерді сату, пайдалануға беру идеясы түбірімен қате екенін айтады.
Экологтің байламынша, өзен-көлдердің және олардың экожүйесінің саламаттылығына келтірілген нұқсан айналасындағы елді мекендерге, өңірге ғана емес, бүкіл экономикаға, халық денсаулығына, болашақ ұрпаққа зиян-залал тигізеді.