Шетелден көлік айдайтындар тағы бір қиындыққа тап болды

3157

​Мемлекет алым-салықты үсті-үстіне көтеріп, халыққа автомобиль атаулыны қолжетімсіз етуде. 

Шетелден көлік айдайтындар тағы бір қиындыққа тап болды

Қазақстандықтарға жаппай арбаға ауысып отырып, орта ғасырға оралу ғана қалуы мүмкін.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының дерегінше, 2022 жылғы 11 айда, алдыңғы жылмен салыстырғанда, жаңадан тіркелген автокөліктердің саны бірден 12%-ға құлдыраған. Сатылған көліктер саны осы кезеңде небры 1,3%-ға ғана өсіпті. Яғни, рецессияға, минусқа кетуге жақын.

2022 жылғы қаңтар-қараша айларында Қазақстанда 1 160 972 автомобиль тіркелген. Бұл ретте азаматтар осы аралықта автосалондардан тек 119 608 көлік қана сатып алды. Соның ішінде елімізде 99 244 машина өндірілген.

Яғни, сарапшылардың байламынша, қазақстандықтар заңды және заңсыз жолдармен шетелден б/у, ұсталған автокөліктерді тасуын тек үдетті. Миллионнан артығын әкелген. Сонымен бірге бұл құбылыс елдегі әлеуметтік кернеуді арттыратын тағы бір факторға айналды.

Мысалы, осындай көлік иелері апта соңында Астанада санкцияланбаған митингке шықты. Сондай-ақ олар билік органдарына шағым боратуда. Оларды "темір тұлпарын" заңдастырып, тіркеуге қою үшін оны тіркелген еліне, яғни негізінен Армения, Ресей және Абхазияға кері апарып, сол жақта жергілікті тіркеуден шығару талабы қанағаттандырмайды: еш шартсыз есепке қоюды сұрайды. Бұған қоса, елге бөлшектеп әкелініп, осында құрастырылған машиналардың Қазақстанда тіркеуге алынбайтыны да үлкен наразылық туғызып отыр.

Жұртшылық көлікті елге айналма жолдармен тасуға биліктің өзі итермелегенін алға тартады.

Тіпті автомобилін шетелден заңды түрде әкеліп, жергілікті есепке қоюға талаптанған адамдар да қиындыққа кезікті.

Қаңтар оқиғаларынан кейін "ӨКМ операторы" ЖШС жойылып, утилизациялық алым азайтылғанда, халық енді көлік бағасы арзандайды деп үміттеніп еді. Ол үміт ақталмады. Өйткені сонымен бірге салықшылар баж және басқа алым-салық түрлерін күрт арттырып жіберді.

"Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында 2023 жылға арналған автомобильдердің салық салу бағаларының жаңарған ставкаларын қарап, шошындым. Бір жылдай ғана уақыт ішінде осымен 4 рет көтеріп отыр. Сорақысы сол, тіпті машиналар ескірген сайын оның бағасын да өсіре түседі. Шетелдік автонарықта көліктің "жасы ұлғайған" сайын оның бағасы арзан бола түседі. Ал біздің салықшылар арттыра береді. Салдарынан, салоннан сатып алынған су жаңа көліктен де қымбат етіп қояды. Салықшылардың салық есептейтін бағасы тіпті абсурдқа дейін барады. Мысалы, 2021 жылы 10 мың долларға бағаланған машина маркасы биыл 50 мың долларға жеткізіліпті. Комитетте автомобильдердің құнын белгілейтін маман мұны қасақана жасай ма? Ол осы бағаны қайдан алады? Нарықтан еш хабары жоқ біреу сияқты көрінеді", – деп қапаланды кәсіпкер Әсел Нақыпова.

Ол салықшылар ең болмаса, бағаны ресми дилерлерден алса жөн екенін айтады. Оның орнына autopapa.ge, mobile.de, autobazar.us сияқты біраз үстеме қосатын жеке алыпсатарлардың хабарландырулары орналастырылатын маркетплейстер ақпараты пайдаланылатынға ұқсайды. Салықшылар нақты дереккөздерін ашып айтпайды, тек ресми дилерлердің де бағасы ескерілетінін жеткізді.

"Мені тағы бір жайт қайран қалдырады. Неге мен мысалы, біздің ресми дилерлеріміздің декларацияларын дереккөз ретінде ала алмаймын? Себебі, қазақстандық дилерлерге автомобильдерді арзандатылған, төмендетілген бағамен кедендік ресімдеуге рұқсат етеді де, дәл солай жасауға қарапайым қазақстандықтарға рұқсат етпейді. Неге бізді билік ақылға қонымды бағадан қағады? Егер осы кедергілерді алып тастаса, қаншама адам шетелден автокөлік жеткізіп, төл бизнесімен айналысып, табысқа кенеле алатын еді. Оның орнына қаптаған тосқауыл қойып, халық наразылығын өршітеді. Машина импортымен айналысатын қазақстандық кәсіпкерлер шетелден әкелген көліктерін Еуразиялық одақтың басқа елдерінде кедендік ресімдеп, соларда тіркеуге мәжбүр. Себебі, оларда бұл әлдеқайда арзанға түседі! Мен орталық биліктен осы проблемаға база назар аударып, ел тілегіне құлақ асуын өтінемін. Әйтпесе, жергілікті атқарушы органдарға жүгіннен еш нәтиже шықпайды", – деді Әсел.

Жасыратыны жоқ, ақ, адал жолмен автомобиль импортымен айналысып, бизнесін өркендетуге өрісі тарылғандықтан, амалсыз сұр схемаларды қолданған қаншама бизнесмен істі болды, экономикалық қылмыс жасады, контрабандамен шұғылданды деген айып тағылып, қамауға алынды.

Бұдан қарапайым бұқара да зардап шегеді.  

"Машиналардың "растаможкасының" бағасын қымбаттату қашанғы жалғаса беретін болады? Автокөліктердің бағасына қатысты деректер осымен 4-ші рет көтеріп отыр. Қайта қарағанда бағаны арзандатса, ел риза болар еді. Бірақ тек қана жоғарылатады. Салықшылардың бағалары еш негізделмеген, кеден үшін эталон болуға жарамайды. "Сеткада" көрсетілген бағалардың ақылға сыйымсыз екенін инспекторлардың өздері де мойындайды. Алайда олар ештеңе шеше алмайды. Мемкірістер комитетіне шағым жазыңыздар деп кеңес берумен шектеледі. Бағаны ресми дилерлерден алса, жөн. Мысалы, бір жыл өтсе, дилерлер былтырғы көліктердің бағасын арзандатады. Ал Мемкірістер комитетінде керісінше, өседі. Бұл утилизациялық алым емес қой. Бұл жерде көбірек салық жинауды емес, көліктің кейбір түрлерін қазақстандықтар мүлдем тасымасын деген пиғылмен белгілейтін сияқты", – дейді автоәуесқой Темірлан Гелиев.

Ол азаматтарға шетелден көлік тасуға бәрібір тура келетінін айтады. Себебі, салондарды араласаңыз, көптеген модельдер бойынша көлікті таба алмайсыз, тапсырыс беріп, көптеген ай, тіпті бір жыл күтуге тура келеді.

Т.Гелиев өзге елдерден нақты бір модельді тапсырыспен алғызуға ниетті, бірақ оның салық салынатын құны алдыңғы жылдан бері 30 мыңнан 130 мың долларға дейін ұлғайтылғанын білгенде, естен тана жаздапты.

Салаға жауапты Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті елге импортталатын автокөліктердің маркаларына, модельдеріне, бағалық диапазондарына тұрақты түрде талдау жүргізіліп тұратынын хабарлады.

"Азаматтарға қолайлы болу үшін бағаға қатысты ақпарат комитеттің интернет ресурстарында жарияланады. Мұндай жұмыс тек автомобильдерге ғана емес, басқа барлық тауарлар бойынша да жүргізіледі. Жалпы, тауарлардың кедендік құны Еуразиялық одақтың кедендік заңнамасына сәйкес анықталады. Бағаға қатысты ақпарат одаққа мүше елдердің кедендік органдарынан, автокөлік саласындағы кәсіби бірлестіктер мен қауымдастықтардан, жеткізушілерден, тасымал және сақтандыру компанияларынан, заңмен тыйым салынбаған өзге тәсілмен, соның ішінде интернеттен алынады. Деректердің толымдылығы және сәйкестігі үшін АҚШ, БАӘ, Жапония, Корея, Еуроодақ елдерінің көлік сататын сайттары да талданды", – деп түсініктеме берді Мемкірістер комитеті.

Ведомство "егер кедендік құн бойынша нақты, сенімді, құжатпен расталған ақпарат ұсына алса, онда декларанттың кедендік құны қабылданатынын" еске салды.

Мәселен, көлік иесі жөнелтуші елдің экспорттық декларациясын, тауарды жеткізудің тасымал шығыстарын, инвойсты, сатушы мен сатып алушы арасындағы сауда келісімшартын, банктік аударманы немесе аукцион арқылы алса, аукциондық парақты ұсынса, болады.

Дегенмен, салада жылдар бойы қордаланған проблеманы кешенді шешпей, нысаналы шешімдер жағдайды жақсарта алмайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу