"Шетелдік көліктерді елге әкеліп, қыруар ақшадан қағылып отырмыз": Депутат утильалым бағасын төмендетуді ұсынды

6380

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбай ескі автокөліктер мәселесін көтеріп, шетелдік көлікті елге кіргізу үшін төленетін төлемдердің қалта көтермейтіндігіне назар аударды.

"Шетелдік көліктерді елге әкеліп, қыруар ақшадан қағылып отырмыз": Депутат утильалым бағасын төмендетуді ұсынды Фото: Жаслан Жұмабек

Салдарынан қазақстандықтар көлікті Қырғызстан арқылы екі есе арзанға кіргізіп жүр, яғни ел бюджеті қыруар ақшадан қағылып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, қазір Қазақстанда 4 миллион жеңіл автокөлік, 454 мың жүк көлігі мен 95 мың автобус бар.

Стандартқа салсақ, темір тұлпардың талқаны шықпай жүріп беретін уақыты ең көп дегенде – 10 жыл. Ал Қазақстанда тіркелген жеңіл автокөліктердің 49 пайызының зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан, 21 пайызына 10 жыл толған, осылай кете береді.

Жаңа деп саналатын 3 жылға дейінгі жеңіл автокөліктердің үлесі елімізде 6 пайыз ғана екен. Осыдан-ақ Қазақстандағы автопарктің мүшкіл жағдайын білуге болады.

"Қазақта: "Шабатын көлік күй тілейді" дейтін бар. Бірақ 4 миллион жеңіл автокөліктің тең жартысының тас жолға табаны тигеніне 20 жыл толған болса одан қандай күй сұраймыз? Үйсіз, күйсіз жүрген азаматтарымыздың ең болмағанда дұрыс көлік мінгісі-ақ келеді. Бірақ оған ақылға сыймайтын кедергілер қойылған", – деді депутат.

Себебі Қазақстанға шетелден автокөлік әкелу үшін бірнеше төлем жасау керек. Бірінші, көлік бағасының 12 пайызын құрайтын қосымша құн салығын төлеу керек. 

Екінші, автокөлік бағасының 15 пайызына тең мемлекеттік баж төлеу керек. 

Үшінші, сәйкестендіру сертификатын төлеу керек. Яғни, шетелден қандай автокөлік әкелсеңде олардың Қазақстандағы диллерлерінен сертификат алу шарт, оның құны 60 мың теңгеден – 140 мың теңгеге дейін. 

Төртінші, кедендік алым төлеу керек, шамамен 20 700 теңге. Бесінші, автокөліктің қозғалқышының көлеміне қарай утилалым төлеу шарт. Ол 258 750 теңгеден басталып қымбаттай береді. Қозғалтқыш көлемі 3-тен асса 1 983 750 теңге төлеу керек біздің азамат. Оған қоса шамамен 350 000 теңге акциз төлеу керек.

"Әрі қарай, көліктің шығарылған жылына қарай төлем бар. Первичка дейді. Егер Қазақстанға әкелінген көліктің шығарылғанына 3 жылдан асса тағы 1,8 миллион теңге төлеу керек. Оған СВХ мен порттың және брокерлердің ақшасын қосыңыз. Осынша міндетті  төлемнің салдарынан шетелдегі сапалы автокөлікті Қазақстан азаматтары әкеліп міне алмайды. Азаматтарымыз міндеттемелерді төлемейміз деп отырған жоқ, бірақ басты проблема кедендік сетка. Ең сорақысы, таусылмайтын төлемнен арылу үшін шетелден алған автокөліктерін алдымен Қырғызстанға әкеліп тіркейді. Ол жақтағы төлем бізден 2 есе аз екен. Сосын Қазақстанға кіргізеді. Осылайша біз өз қолымызбен өзге елдің бюджетіне қаржы құйып отырмыз. 2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Қырғыз еліне 41 мың автокөлік кірген. Кейін соның біраз бөлігі біздің елге өткен делінеді ашық дерекөзде. Осылайша Қазақстан азаматтарын жақсы көлік міну құқығынан қағып және қазынаға түсуі тиіс қыруар қаражаттан да қағылып отыр", – деп түсіндірді Нартай Аралбай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу