Шетелдің еңбек нарығындағы ұтымды ұсыныс сұранысты арттырып отыр

1083

Осыдан екі-үш ай бұрын Оңтүстік Корея әуежайларының бірінен қашып кеткен екі қазақстандықтың оқиғасы дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Шекараны кесіп өтпек болғаны үшін олар қамауға алынып, өмірлерінің он бес жылын темір тордың ар жағында өткізуге мәжбүр. Соған қарамастан тәуекелге бел буып, өзге елге кетекендердің саны көбеймесе, азайған жоқ.

Шетелдің еңбек нарығындағы ұтымды ұсыныс сұранысты арттырып отыр Фото: ia-centr.ru

Осыған орай қазір ҚР Еңбек және әлеуметтік министрлігінде көші-қонға қатысты жаңа тұжырымдама құрастырылды. Оның мән-жайын, шетелдегі азаматтардың құқығы енді қалай қорғалатынын Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Абулхатин Ерболат Махамбетұлы inbusiness.kz тілшісіне егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

– Әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты соңғы кездері Қазақстандағы көші-қон динамикасы біраз өзгерген, өткен жылы тұрақты түрде теріс мәнге ие болған сыртқы көші-қон айырымы қазан айынан бастап түзеле бастады. Осыған орай көші-қон саясатына қандай түзетулер мен өзгерістер енгізілді?

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жақында Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасы  қабылданды. Құжат бірінші кезекте елдің экономикалық дамуын кадрлық қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағытталған. Комитет елге білікті кадрлардың келуін ынталандыру, ел өңірлері арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді жоюдан бөлек, басты міндет ретінде шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды баса назарға алып отыр. Мәселе қайда жатыр?! Осы күнге дейін біз отандастарымыз шетелде жұмыс істемейді, керісінше, шетелдіктер бізге табыс табуға келеді деген ұйғарыммен жүрдік. Ал соңғы кездері көші-қон қозғалысы жеделдеп, басқа елге еңбек етуге ниетті қазақстандықтар саны артты. Оның ішінде Еуропа елдерін, Біріккен Араб Әмірліктері мен Оңтүстік Кореяға қарай талпыныс күшті.

– Өзіңіз айтып отырған Оңтүстік Кореяда осыдан бірер ай бұрын екі қазақстандық ұсталып, үлкен дау-дамай болды. Азаматтарымыз қамауға алынды. Өзге елдің заңына қайшы әрекет жасағандықтан, Қазақстан тарапы дәрменсіз күй кешіп, қол ұшын бере алмады. Осы тұста біздің азаматтардың ресми жұмыс істеуіне, өз құқықтарын қорғай алуына не кедергі?

– Басты мәселе – еңбек етуге заңнамалық негіз, рұқсаттың болмауы. Кезінде 2014 жылы Корей елі "Еңбекке рұқсат беру" жүйесін ұсынған болатын, бірақ ол кезде жағдай басқа болды, бүгінгідей қажеттілік болмаған. Сол себепті ұсыныстан бас тартқанбыз. Қазір отандастарымыздың біразы сол елде заңсыз қызмет етіп жүргендері бәрімізге аян, сондықтан халықтың сұранысына орай еңбек етуді заңдастыру басты мәселеге айналып отыр. Орталық Азия елдері арасында Қырғызстан мен Өзбекстан ғана азаматтарының жұмыс істеуіне ресми рұқсат алған. Біз де солардың қатарына кіруіміз керек. Осы күнде ҚР Сыртқы істер министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлік өкілдері Кореяға аттанды, сол жақта осы шартқа отыру бойынша келіссөздер жүргізуде. Алдағы екі жылда бұл мәселе шешімін табады.

– Қазақстандықтар жұмыс істеуге баратын елдер тізімінде бір Оңтүстік Корея емес, Еуропа елдері, АҚШ, Түркия сынды елдер бар. Олармен дәл осындай келісімшартқа отыру жоспарда бар ма?

– Алдағы екі жыл ішінде Қазақстан ірі компаниялар шоғырланған Оңтүстік Корея, БАӘ, Түркия сынды барлығы 5 елмен келісімшартқа отыруды көздеп отыр. Ол үшін алдымен жұмысқа жіберетін қазақстандық ірі компаниялармен келісімшартқа отыру, сосын біздің отандастар жиі баратын елдермен азаматтардың құқықтарының қорғалуы жөнінде келісімге келу қарастырылған. Сонымен қатар, болашақта Ұлыбритания, Еуропа елдеріне өтініштер жолданады. Жоспар бойынша осы мерзім аралығында келіссөздерді аяқтап, мәселені бір жағына шығарамыз деп отырмыз, бірақ барлығы екінші тараптың ниетіне, қаншалықты мүдделі екеніне байланысты. Олардың да азаматтары бізде қызмет етіп жүргенін ескерсек, екіжақты барынша ұтымды шешім қабылдануына үлкен үмітпен қараймыз. Өйткені біз мына жақтан өз адамдарымызды жібергенімізбен, оларды ол жақ қабылдамаса – олардың әрекеттері заңсыз болып танылады, сәйкесінше құқықтары қорғалмайды.

– Қазақстан мен жоғарыда айтылған елдер арасында келісімшарт жасалған жағдайда қазақстандықтар нақты қандай артықшылықтарға ие болады? Құқықтары қалай қорғалады?

– Еңбек етуге заңды негізге ие болу деген, яғни, жұмыс берушілерден уақытылы жалақы төлеуін, тиісті әлеуметтік жарналар мен медициналық сақтандырудың жүруін талап етуге құқылы болу. Заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда сотқа жүгіне алу, жалпы Қазақстанға өз азаматтарын қорғай алуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, түрлі жағдайлар туындағанда елшілік арқылы оларды елге қайтару, жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктері арқылы отанына оралуға кепілдік бере алатын боламыз. Сосын кейнгі кездері шетел асып табыс көзін іздеген азаматтардың саны күрт өсті деп байбалам салып жүргендер көп. Негізінде қазір олардың санын нақты анықтау мүмкін емес болып отыр. Мысалы, Кореяға жылына ресми түрде 10-12 мың адам жұмысқа кетіп жатыр, ал бірақ паспорттық бақылаудан өткенде жұмыс істеуге келгенін айта алмайтындар қаншама?! Осы заңдастыру арқылы біз ең болмағанда еңбек етуге кеткендердің нақты санын біле аламыз.

– Шетел асып кеткендердің саны күрт өспегенімен, өзге елде тығылып жұмыс істеп жүргендердің аз емес екені, рас. Сіздің ойыңызша, біздің отандастарымыздың басқа елдерге кетуіне еліміздегі ішкі жағдай әсер етті ме әлде басқа себептері бар ма?

– Нақ Корей елін айтар болсақ, Оңтүстік Кореяға деген қызығушылықтың артуы біздегі ішкі мәселелерге байланысты емес деп ойлаймын. Оған сыртқы факторлар көбірек әсер еткен сияқты. Өйткені Корей елінде бала туу көрсеткіші жылдан-жылға төмендеп келеді, салдарынан қариялар еліне айналып жатыр. Өндіріс орындарында, зауыттарда ауыр жұмыс істейтін жастар жеткіліксіз, сондықтан олардың өздері өзге елден адамдарды тартуға дәмелі. Қазір олар түрлі бағдарламалар құрастырып, еңбек ету шарттарын мейлінше тиімді етіп, шетелдіктерді қызықтыруы мүмкін ұсыныстар санын арттырып жатыр. Еуропа елдерінде де дәл сол проблема. Қасымыздағы Ресейде де карантин кезінде шекара жабылып, құрылыста істейтін адамдар тапшылығы орын алғанын білеміз. Ұтымды ұсыныс сұранысты арттырып отыр деп ойлаймын.

– Тұжырымдаманың тағы бір бағыты ретінде елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру көзделген. Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу үшін сұранысқа ие мамандықтар тізімі жасалды, ол тізімге қандай кәсіптер кіреді?

– Қазіргі уақытта шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптердің тізіміне денсаулық сақтау (хирург, онколог, гематолог дәрігерлері), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия (жаңа технологиялар, лазерблік, зерттеуші инженерлер), ғылым және т.б. салаларда сұранысқа ие 21 кәсіп кіреді. 2023 жылға арналған шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 22 260 бірлік мөлшерінде белгіленген.

– Өзіңіз білетіндей, Ресейдегі мобилизациядан кейін Қазақстанға ресейліктер ағылды, олардың біразы кейін өзге елдерге көшіп кетті. Дегенмен елімізде қалып қалған ресейліктер еңбек нарығында алаңдаушылық тудырғаны бар. Біздің ел, тіпті, Ресей мамандарды жұмысқа шақырудан топ бастады деген ақпараттарды көзіміз шалды. Шетелдік азаматтарды жұмысқа орналастырып, бізде қалуға ынталандыру өзіміздің мамандардың жұмыссыз қалуына себепші болмай ма?

– Былтырғы жылы Ресейдің Украинамен қақтығысы басталмағанға дейін Қазақстанға ресейліктер мүлдем аяқ баспайтын, керісінше, қазақстандықтар сол жаққа барып жұмыс істейтін. Қазір біз тек жоғарыда айтылған, бізде жетіспейтін жоғары білікті азаматтардың ғана елде қалуына рұқсат беріп жатырмыз. Яғни біз бос орындарға маман іздейміз, сондықтан қазақстандықтар жұмыссыз қалады деп ойламаймыз, тек еңбек нарығында белгілі бір бәсекелестік орта пайда болады, ал бәсекелстік өз кезегінде экономикалық дамудың қозғаушы күші. Одан бөлек, ресейлік мамандардың санының өсуі сол жердегі компаниялардың релокация жасауына байланысты, дәлірек айтсақ, олар Қазақстанға өз өндіріс орындарын қызметкерлерімен бірге көшіріп жатыр. Демек олар өздері жұмыс орындарын құрып жатыр.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу