Шетелге сатылған ұялы оператордың саясатына енді мемлекет араласа алмайды

3936

Tele2-ні сату мәмілесі аяқталды. Қатар инвесторлары ерекше талаптар қойды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Шетелге сатылған ұялы оператордың саясатына енді мемлекет араласа алмайды Фото: gov.kz

Ұлттық экономика министрлігі елдегі айналдырған үш мобильді оператордың біреуін шетелге сату бойынша мәміленің кейбір жай-жапсарын жариялады.

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәселенің егжей-тегжейін түгел айта алмайтынын жеткізді. Дегенмен, қатарлықтардың Қазақстан Үкіметіне табанды талап қойғанын жоққа шығармады. Олар шынында да Қазақстаннан 5G жиіліктерін бөлу бойынша аукцион өткізуден бас тартуды талап етті.

Үкімет бұған амалсыз келіскен. Бірақ екі жылдан кейін ескі тәжірибесіне қайта оралуға ниеттеніп отыр. Журналистер бас экономистің орынбасарынан: "Қатар инвесторлары аукцион өткізуден бас тартуды талап етуін жалғастырды ма?" деп сұраған болатын.

"Бұл сұраққа былай жауап берейін: 2026 жылдан кейін мұндай талап қойылмайды. Яғни, қандай да бір жеңілдіктер немесе соған ұқсас басқа да талаптар болса, олардың бәрі тек 2026 жылдың аяғына дейін сақталады. Келісімнің әрбір пунктінің әрекет мерзімі бар. Мысалы, қатарлық инвесторларға берілетін салықтық жеңілдік жоба бойынша қаржылық міндеттемелері орындалғаннан кейін күшін жоғалтады. 5G жиіліктеріне қатысты айтсам, бұл ретте нақты датасы уағдаласылды, ол – 2026 жылдың соңы", – деді вице-министр Арман Қасенов.

Арман Бақытжанұлы қатарлықтармен келісімнің өзіне ұнағанын айтты. Несі ұнағанын айтудан тағы жалтарды.

"Біздің тек Қазақстан Үкіметі алдында ғана емес, сондай-ақ Қатар тарапының алдында да белгілі бір міндеттемелеріміз бар. Сондықтан сұрақтарға жауап бермес бұрын ненің құпия, ненің ашық ақпарат екенін нақтылап алуым керек. Тек содан кейін түсініктеме бере аламын. Бейресми түрде айтсам, мәміленің егжей-тегжейі көңілдеріңізден шығады деп сендіргім келеді. Мен қазақстандық ретінде Tele2 болсын, басқасы болсын, қатарлықтармен қол жеткізілген келісімдерге қанағаттандым", – деді журналистерге Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов.

Алайда депутаттардың көңілінде қанағаттанудан гөрі алаңдаушылық бар. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, келісімге сәйкес, "Мобайл Телеком-Сервис" ұялы байланыс операторының 100% акциясы енді қатарлық инвестордың иелігінде болады. Басқаша айтқанда, оны не істеймін десе де, өзі би, өзі қожа.

Бұл ретте шетелдіктер қазақ ауылында ұялы байланысты дамытуға мүдделі болмауы мүмкін. Өйткені біріншіден, ауылда онсыз да халық аз, тиісінше, абонент аз қалды. Екіншіден, Қазақстанда елдімекендер де аз және олардың арасы тым алшақ болғандықтан, шығыны көп.

"Tele2  бүгінде ауылдық елді мекендердің басым бөлігін байланыспен қамтамасыз етіп отырған жалғыз оператор. Ал, қатарлық инвесторлармен арадағы келісімге сәйкес, біз, Қазақстан Үкіметі мен депутаттар бұдан былай бұл оператордың тарифтік саясатына араласа алмайтын боламыз. Онда олар ауылдықтар үшін байланыс тарифтерін күрт көтеріп жібермей ме? Алпауыт қой, "Алсаң осы, алмасаң жолың әне!" деуі мүмкін", – деп мазасыздық танытты мәжілісмен Смышляева. 

Депутат тағы бір жайтқа назар аудартты.

"Келісімде қарсы тараптың 5G жиіліктерін пайдалану бойынша шарттары жан-жақты жазылыпты. Соған қарағанда, шетелдік инвестордың қызығушылығы жаңа технологияларды және 5G -ді дамытуға бағытталған. Салдарынан, бұл ұялы оператордың ары қарай қызметі тек мегаполистер мен облыс орталықтарында шоғырланатын болады. Себебі, тіпті қазақстандық Үкіметтің өз жоспарларында да ауылдық елді мекендерде 5G орнату көзделмеген. Ондай ұшқыр әрі қымбат байланыс ауылда өзін-өзі ақтамайды. Ендеше шетелдік инвестор ауылға "5G " енгізіп, босқа шығындалмайды", – деді мәжілісмен Екатерина Смышляева.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин өз түсініктемесінде мұның бәрін нарық реттейтінін алға тартты. Демек, инвестор "шығыны көп, табысы жоқ" деп таныса, неден бас тартамын десе де өз еркі.

"Ауылдағы интернет ұсынуға келсек, бүгінде ауылдық елді мекендерде Beeline бренді бар "КаР-Тел" де кең тараған. Біздің ойымызша, бұл – бәсекелі нарық. Кез келген оператор тарифін көтере алады, ондай жағдайда абоненттер басқа операторға кетуі мүмкін. Осы нарықта бәсекелестік құру үшін еліміздегі ұялы байланыс операторының біреуін саттық. Қатарлық инвестор тек 5G желісін ғана емес, 4G желісін де дамытуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ мемлекет ауылда бұл желілерді дамытатындарға белгілі бір салықтық жеңілдіктер, басқа артықшылық-преференциялар береді", – деді Цифрлық даму министрінің орынбасары Коняшкин.

Айта кету керек, 2024 жылғы 31 мамырда "Қазақтелеком" директорлар кеңесі "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% үлесін сату туралы шешім қабылдады. Осы мақсатта ол қатарлық Power International Holding Ltd компаниясымен мәміле жасасты.

Биыл қыркүйекте жаңа Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев "Мобайл Телеком-Сервис" мобильді операторы (оған Tele2 және Altel жатады) Қатар елінің инвесторларына 1,1 миллиард долларға сатылғанын мәлімдеді.

Ақпарат құралдарының дерегі бойынша, кезінде, 2019 жылы "Қазақтелеком" ұялы операторды сатып алуға 255 миллиард теңге жұмсапты. Енді оны шамамен екі есе қымбатқа сатып жатыр. Олай болса, бұл мәміле "Қазақтелеком" үшін тиімді. Ал, халыққа, әсіресе, жалғыз интернет пен байланыс операторына күні қараған ауылдықтарға тиімді бола ма, әзірге белгісіз.

Қалай болғанда, инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін Қазақстанға тіпті ұлттық заңнамасын өзгертуге тура келді. 10 қазан күні Сенат "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы" заңының жобасын мақұлдады. Оған Президент қол қойғаннан кейін заң күшіне енеді.

Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының "Мобайл Телеком-Сервис" компаниясындағы үлесін 100% қатарлық Power International Holding Ltd компаниясына сату "отандық телекоммуникация саласын ырықтандыруға және бәсекелестіктің өсуіне ықпал ететін болады". Вице-премьер қатарлық компанияның Теле2-ге салған инвестициялары "озық технологияларды енгізуге, телекоммуникациялық инфрақұрылымды кеңейтуге және халықаралық стандарттарға сәйкес бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік беретініне" сендірді.

Цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, қатарлықтар төлейтін 1,1 миллиард доллар (Ұлттық банктің 14 қазандағы бағамы бойынша шамамен 536,3 миллиард теңге) бюджетке емес, "Қазақтелеком" АҚ-ының өзіне беріледі.

Парламент депутаттары Қатармен арадағы келісімді қолдап дауыс бергенімен, бір қыжылы ішінде қалғанын білдірді. Өйткені оның талаптары мен шарттары "ескі Қазақстан" заманында бекітіліп келген келісімшартты қайталайтыны байқалады.

"Біз шетелдік инвестицияға қарсы емеспіз. Бірақ шетелдің инвестициялары Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сәйкес келуі керек еді. Мысалы, келісімшарттың 2-бабында "салық режимі Қазақстан заңдарына тәуелді емес" деп жазылған. Ал, 1-бабында "қосымша салық преференциясы қарастырылады" деп жазылған. Сонда келіп жатқан шетелдік инвестициялар ары қарай Қазақстанның заңдарына бағынбайтын болса, онда біз ертең экономикалық процесті қалай бақылаймыз?", – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Ол тағы бір жайтқа назар аудартты.

"Келісімнің қосымшасында, "Мобайл Телеком-Сервисті" сату жөніндегі бабында: "Қазақстанның мемлекеттік органдарына сатып алушының коммерциялық-операциялық ісіне араласуына тыйым салынады!" деп қатаң жазылған. Біз "Мобайл Телеком-Сервис" мемлекеттің меншігінде болған кезде оның тәбетін ауыздықтай алмадық. Ертең толығымен шетелдіктерге кеткен соң оны бақылай алмаймыз. Егер олар тарифтерді еселеп өсіретін болса, оған мемлекет араласа алмаса, ертең біз халықтың қалтасына тағы үлкен бір тас салып береміз", – деп байлам жасады мәжілісмен.

Қолымен қолдайтын батырманы басқан Саировтың аузынан шыққан осы наразы сөз сәуегейлік болып шықса, не болмақ?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу