Киіз басып, пима өндіретін және киізден ересектер мен балаларға арналған аяқ киім шығаратын комбинаттың мамандарында, техникасы мен технологиясында мін жоқ. Алайда мұндағы қызметкерлердің қабілет-қарымы мен заманауи жабдықтардың қуаты толық пайдаланылмайды. Бұған шикізат тапшылығы себеп болып отыр.
Комбинат директоры Харис Сайфутдиновтың сөзінше, өндіріс орнына Ресейден де тапсырыс түседі.
"Біз солтүстіктегі көршіміздің сұранысын қанағаттандыруға тырысамыз. Алайда көп жағдайда тапсырысты орындауға шикізат қорының тапшылығы қолбайлау болады", – деді директор.
Шығаратын өнімдеріне синтетика қоспайтындарын алға тартқан Харис Сайфутдинов шикізат тапшылығын қой шаруашылығының тұралап қалуы мен адамдардың жүн өткізуге деген ықыласының төмендеп кеткенімен байланыстырады.
"Шығыс Қазақстан облысында қой шаруашылығының жағдайы көңіл көншітпейді. Қой болмаған соң жүн болмайды. Адамдар бар жүнді өткізуге ерінеді. Оларға жүн өткізіп, азын-аулақ ақша табу емес, оны жағып жіберген оңай болып тұр. Осының салдарынан біз шикізат тапшылығын сезінеміз. Бұдан комбинаттың жұмысы тұралайды. Қала басшылығы ауылшаруашылық кооперативтерін құрып, жүн мен тері жинақтау жұмысын ретке келтіруге тырысып жатыр. Нәтиже жоқ емес, бар, бірақ әлі де жеткіліксіз", – деді ол.
Қой жүні бірнеше түрге бөлінетінін, оның да сапалысы, сапасызы болатынын баяндаған Харис Сайфутдинов елімізде жүн қабылдайтын және сақтайтын орын тапшы екенін айтты.
"Қазақстанда жылына 40 мың тонна жүн отқа жағылады деген дерек бар. Осы рас болса біз қып-қызыл шығынға батып отырмыз деген сөз. Себебі мұндай шикізаттан қыруар дүние әзірлеуге болады. Жүнді өткізу бір мәселе болса, оны қабылдау мен сақтау екінші мәселе. Бүгінгі таңда әлем бойынша қой жүніне сұраныс өте аз. Жүн өңдеу өнеркәсібі жыл сайын қысқарып жатыр. Себебі алпауыт елдер жүн өнімдерінен бас тартып, жаппай синтетикалық талшықтарға көше бастады. Өйткені синтетикадан жасалған өнім жүннен жасалған өніммен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Есесіне синтетика адам ағзасына зиян. Бірақ мұны елеп, ескеріп жатқан ешкім жоқ", – деді "Роза" киіз басу комбинатының басшысы.
Оның сөзінше, дүкен сөрелеріне заманауи дизайнмен жасалған киіз аяқ киім қойылса, жұрт кезекке тұрып сатып алады. Қысы қатты аймақта пиманың да саудасы жүреді. Төтенше жағдай қызметі, теміржолшылар, әскери адамдар "Роза" киіз басу комбинатының өнімдерін арнайы тапсырыспен алады.
"Біз тауар өткізуден қорықпаймыз, шикізат тапшылығынан қорқамыз", – деді Харис Сайфутдинов.
Ол қой шаруашылығы өкілдері жүнді неге жеке кәсіпкерлерге өткізетінін де түсіндірді.
"Біз де, жеке тұлғалардан жүннің келісін 110 теңгеден қабылдаймыз. Алайда жұрттың барлығы алыпсатарларды жағалайды. Өйткені олар біз сияқты жүн өткізушілерден 10% ақша ұстамайды. Есесіне кәсіпкерлер мен жүн өткізушілер ұтады, ал мемлекет табыс салығынан, қосымша құн салығынан қағылады", – деді "Роза" киіз басу комбинатының директоры.
Есімжан Нақтыбайұлы