ШҚО-дағы шошқа фермасының дауында түсініксіз жайттар көп

1610

Әкімдік ауыл халқының талабын ескердік деп отыр. 

ШҚО-дағы шошқа фермасының дауында түсініксіз жайттар көп Фото: egemen.kz

Қыс ортасынан бері Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданындағы Айыртау және Жаңа Қанай ауылдарының халқынан маза қашқан. Қарапайым халық шабындыққа жер таба алмай отырғанда екі ауылдың ортасынан ойып тұрып шошқа етін өндіретін зауыт салынатын болыпты деген ақпар жеткен. Жел соқпаса, шөптің басы қимылдаушы ма еді? Қаңқу сөз шынға айналып, аудан әкімі екі ауылдың халқымен жеке-жеке кездесіп, инвестордың үйіп-төккен уәдесін жеткізген. Халық қарсы болды. Сол кездегі аудан басшысы Нұрымбет Сақтағанов "Тұрғындар келіспесе, салуға хақымыз жоқ" деп даудың нүктесін қойғандай еді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Екінші талпыныс

Көп өтпей ол әкім Семейге басшы боп ауысты да, Ұланға келген жаңа әкім Ренат Құрмамбаев әлгі әңгімені қайтадан қоздатты. Облыс әкімінің аграрлық мәселелер жөніндегі орынбасары Ержан Нұрбаев жаңа әкімді қасына ертіп алып, қос ауылдың халқымен кезек-кезек кездесу өткізген болатын. Айыртаудағы кездесуден кейін, жиынның бейнежазбалары әлеуметтік желіге тарады. Бұл жолы әкімдік қызметкерлерінің біршама дайындалғанын сол жазбадан анық көруге болады. Алдыңғы жолғыдай емес, тұрғындар арасынан шошқа зауытының артықшылықтарын тізіп, елге басу айтқыштар шықты. Қызды-қыздымен "Осы шудың бәрін шығарып жүрген Қытайдан көшіп келген қандастар. Олар бұрынғы мекендерінде шошқа еті қалай өндірілетінін көргендіктен, заманауи жобаға жиіркене қарап отыр. Алайда бұл Швецияның технологиясымен жұмыс істейтін кәсіпорын болады. Сондықтан ел ішіне іріткі салмау керек" деген сыңайда сөздер айтылады. Желдің қай жақтан соққанын сезген азаматтар ортаға шығып "Ауыл арасына неге от тастайсыздар. Қытайлық, жерлік деп бөлгендеріңіз не" деп уәж айтқаннан кейін ғана шу басылады.

Осы кездесуден соң, ауылдағы ағайынның көңіліндегі күдік қоюланса керек, редакциямызға хабарласып, мұңдарын шаққан. Істің анық-қанығын білу үшін осы күнге дейін баспасөз бен интернетке шыққан ақпараттарды сараптадық. Соның барысында бір қызық түйткілді көзіміз шалды.

Инвестор шынымен қазақстандық па?

Интернеттегі материалдарда Ұлан ауданына шошқа зауытын салғысы келіп жүрген инвестордың атауы екі түрлі берілген. Бірінде  "Eco Meat Vostok Ltd" деп айтылса, тағы бір көздерде "Eco Meat Corporation Ltd" деп жүр. Ашық көздегі деректерден бірінші компанияның 2021 жылдың 27 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласында тіркелгенін көруге болады. Ал екінші "Eco Meat Corporation Ltd" компаниясы 2020 жылдың 31 желтоқсанында Кипрде тіркелген. Арасында 27 күн ғана айырмашылық бар. Егер бұл екі компанияның бір-бірімен қандай да бір байланысы болса, инвестициялық жоба Парламент қарауында жатқан жер туралы заң жобасына қайшы болып шығады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 25 ақпандағы V отырысында шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға, олардың қатысы бар отандық заңды тұлғаларға да ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырған болатын.  Облыс әкімі Даниал Ахметовтің атына осы мазмұнда журналистік сауал жолдағанбыз. Орынбасары Әлішер Мархабаттың атынан жауап келді.

"Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтамаға сәйкес "Eco Meat Vostok Ltd" жеке инвестициялық компаниясы Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы болып табылады және шын мәнінде Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Сондықтан қолданыстағы жер заңнамасының нормаларына сәйкес, инвестициялық жобаны іске асыру үшін жер учаскелерін алуға құқылы.

Аталған жоба іске асырылған жағдайда, Қытай Халық Республикасының инвесторларының қатысуы жоба бойынша қарастырылмаған, сондай-ақ "Eco Meat Vostok Ltd" компаниясы және "Eco Meat Corporation Ltd" компаниясы арасында қандай да бір ынтымақтастықтың бар-жоғы туралы мәлімет  жоқ.

Алайда жер учаскелері тек қолданыстағы заңнамаға сәйкес берілетін болады. Шетелдіктер мен шетелдік заңды тұлғаларға жер беру мәселесі қаралмайды",– депті Әлішер Мархабат өз жауабында.

400 мың бас шошқа, 2000 жұмыс орны

Әкімдік өкілі жолдаған мәліметке сүйенсек, "Eco Meat Vostok Ltd" жеке инвестициялық компаниясы Ұлан ауданының әкімдігіне шошқа етін өндіру кешенін салу және орналастыру бойынша инвестициялық жобамен жүгінген. Аталған жоба, жылдық қуаты 184,0 мың тонна мал азығы (комбикорм) зауытын, жылдық қуаты 20 мың бас селекциялық-генетикалық ферманы және жылдық қуаты 400 мың бас 3 тауарлық ферма салуды қамтиды. Жобаның жалпы құны – 117 000 млн теңге.

"Аталған инвестициялық жобаны іске асыру үшін барлығы жуық шамамен 380 гектар жер көлемі қажет. Осы бойынша Айыртау және Жаңа Қанай ауылдарының арасы болжамды участкелердің бірі болып белгіленді. Аталған нысандарды орналастыратын осы жер учаскесі барлық санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес болғанымен, елді мекен тұрғындарымен өткізілген кездесу нәтижесінде бұл аумақты қарастырмау туралы шешім қабылданды. Бүгінгі күні "Eco Meat Vostok Ltd" жеке инвестициялық компаниясымен қандайда бір  келісім жасалған жоқ", - дейді Әлішер Мархабат.

Әкімдіктің жауабынан инвестордың теміржол бойында жатқан қос ауылдан басқа жерге инвестиция салуға аса құлықты емес екенін аңғаруға болады.

"Инвестордың өтінімі бастапқыда Ұлан ауданына берілген, облыс аймағының басқа бөлігінде аталған жобаны орналастыру мәселесі бүгінгі күні қаралған жоқ. Жоғарыда айтылғандай, Айыртау және Жаңа Қанай ауылдарының жергілікті тұрғындарының пікірі ескеріліп, объектілерді орналастыру үшін бұл аумақ қарастырылып отырған жоқ. Айыртау және Жаңа Қанай ауылдары арасында тауар фермасын орналастыру мәселесі жабық және қарастырылмайды", – деп қайталайды әкімнің орынбасары.

Сауалымызда Шығыс Қазақстан халқының шошқа етіне деген сұранысы қанша екенін сұрағанбыз. Жауапта елдің сұранысы туралы мардымды ақпарат берілмегенімен, ұлттық стандарт бойынша әр тұрғын жылына 5,5 келі шошқа етін жеуі керек деген мәлімет айтылыпты.

"Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 9 желтоқсандағы № 503 бұйрығымен бекітілген Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларына сәйкес ет және ет өнімдерін тұтынудың күнделікті нормасы күніне 215 грамм немесе жылына 78,4 келіні құрайды. Оның ішінде: шошқа еті 5,5 кг/жыл. Осыған сүйене отырып, ШҚО халқының шошқа етімен қамтамасыз етілуі 77,6% құрайды",– деп жазылған жауапта.

Осы жайттың бәрін сырттан бақылап отырған адам Қазақстан аумағында шошқа шаруашылығымен айналысу өте тиімді болғанымен, оны іске асыруда салмақты кедергілер бар екенін аңғарады. Тиімді деп отырғанымыз, екі жақта да жүздеген миллион шошқа өнімін тұтынушысы бар алып нарық жатыр. Алайда Айыртау мен Жаңа Қанай сияқты қазақи ауылдардың халқы сол екі алпауыттың біріне жұтылып кетпей бүгінге дейін ұлт болып сақталуымызға адал мен арамды екшеп тұтынатын менталитетіміз тірек болып отыр деп сенеді.

Бұған дейін Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде шошқа етін өндіруші бірнеше кәсіпорын халықтың талабымен жабылған болатын. Себебі біреу-ақ. Шошқа фермасы инвесторды байытқанымен, жергілікті халыққа жайсыздық туғызып, қоршаған ортаны ластайды. Ауылдың кетеуін кетіріп, жерді ұшындырады. Айыртау мен Жаңа Қанайдың халқы да сол үшін шырылдап, қоныстарын қазақ менталитетіне жат өндірістің ошағына айналудан арашалап қалды.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу