Шөлдегі монархия жаңа дәуірге әзірленіп жатыр

5566

Сауд Арабиясы мұнайдан кейінгі эраға дайындық ретінде алғаш рет шетелдік туристер үшін есігін ашты. Бір жылдық визаны қазақстандықтар да ала алады.

Шөлдегі монархия жаңа дәуірге әзірленіп жатыр

Осы мақсатпен әлемнің 49 елі үшін жаңа визалық бағдарлама қабылданды және де монархия билігі шетелдік компанияларды өзінің туризм секторына инвестиция салуға шақырып отыр. Осылайша шөлдегі корольдік елге саяхатшыларды көптеп тартып, 2030 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесін қазіргі 3%-дан 10%-ға дейін көтеруден үмітті.

Әсіре консервативтік Саудия ондаған жылдар бойы сыртқы әлем үшін белгілі бір деңгейде жабық болды.  Дегенмен, кейінгі жылдары мұнда әйелдер мен ерлерді қоғамдық жерлерде бір-бірінен бөлу, әйелдердің міндетті түрде мұсылманша немесе "абайа" киюі тәрізді әлеуметтік шектеулер жеңілдетілді.

Елдің туризм министрі Ахмед әл-Хатеб мәлімдегендей, бұдан былай әйел туристерге жергілікті әйелдер тәрізді киіну міндеттелмейді, бірақ олар "патшалық" аумағында ашық-шашық емес, қарапайым киіммен жүргені абзал.

Бірақ, алкогольдік ішімдіктерге салынған тыйым өз күшін сақтап қалды. "Сауд Арабиясында өзге де дүниелерді қызықтайтын саяхатшылар жеткілікті болады. Келушілер ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне кірген бес қазынамызды, көрнекті мәдениетімізді, ғажап табиғатымыздың сұлулығын тамашалай алады", – дейді әл-Хатеб.

Әйелдер Саудияға жалғыз да бара алады

Визалар онлайн режимінде 80 долларға сатылмақ. Ал, әйелдер бұл корольдікке бұрынғыдай серігімен емес, жалғыз да саяхаттай алады. Бірақ, өзге дін өкілдерінің Мекке мен Мәдинаға баруына рұқсат етілмейді.

Жаңа бағдарламаның мән-жайы толық жарияланған жоқ. Бірақ, әл-Хатебтің айтуынша, Саудия, әсіресе, Қытайдан, Еуропадан, Құрама Штаттардан туристерді көптеп тартуды көздеп отыр. 49 елдің тізіміне Азиядан Қазақстан, Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия, Тайвань енген. Бұл мемлекеттердің азаматтары Сауд Арабиясына бірнеше рет кіруге мүмкіндік беретін э-визаны 1 жылға рәсімдеп, корольдік аумағында  90 күнге дейін қала алады.

Бәдәуилер мұрасы мен археологиялық ескерткіштерге бай құмды монархияға визалар бұған дейін негізінен экспат-жұмысшылар мен олардың қамқорлығындағы жандарға, бизнесмендерге, Мекке мен Мәдинаға қажылыққа барушыларға берумен шектелді. 

Шетелдік туристердің санын көбейту жоспары әр-Риядта жылдар бойы талқыланған. Ол консервативтік қоғамдық пікір мен бюрократияға байланысты осы уақытқа дейін қабылданбады. Алайда, былтыр желтоқсанда Саудияда спорттық ойындар мен концерттерге э-виза енгізілді.

Бұл өзгерістер – корольдіктің іс жүзіндегі әміршісі – ханзада Мұхаммед бин Салманның  мұнайға тәуелділікті азайтып, Саудия қоғамын өзге дүниеге ашу жоспарының бір бөлігі. Бірнеше ай бұрын мұнда көңіл көтеретін бағдарламаларға қайта рұқсат берілді.

Салман реформаларының көбі халықаралық аренадан мақталды. Бірақ, принцтің беделіне былтыр Ыстанбұлда журналист Джамад Хашоггидің өлтірілуі, танымал әйел белсенділердің тұтқындалуы және Йемендегі алапат соғыс үлкен нұқсан келтіріп отыр.

Инвестицияға мұқтаждық

Қазір сүнниттік Сауд Арабиясы мен оның аймақтағы басты қарсыласы – шииттік Иран арасындағы шиленіс күшейіп келеді. Сол тайталасты осы айда саудиялық мұнай зауыттарына жасалған шабуыл тіпті өршітіп жіберді. Тегеран болса, дрондық және зымырандық соққыларға өзінің қатысы жоқтығын мәлімдеп келеді.

Әл-Хатеб елдің Туризм және Ұлттық мұралар Комиссиясына да төрағалық етеді. Оның мәлімдеуінше, Сауд Арабиясы "өте-мөте қауіпсіз ел" және де аталған шабуыл туризм секторына ешқандай әсер етпейді.

Инфрақұрылым жетіспесе де, туризм – тақ мұрагері Салманның күн тәртібінде тұрған ең маңызды салалардың бірі. Осы секторды өркендету үшін 250 миллиард риал немесе 67 милллиард доллар инвестиция және 2030 жылға дейін 500 000 жаңа қонақ үй бөлмесі қажет екен. Бұл мегажобаның жартысын мемлекет, жартысын жеке инвесторлар жүзеге асыруға тиіс.

Корольдік үкіметі 2030 жылға дейін жыл сайын 100 миллион турист тартуды жоспарлап отыр. Қазір Саудияға жылына 40 миллиондай шетелдік барып жүр. 

Дегенмен, Батыста бұл мемлекетті жағымсыз қабылдамайтын адамдар жеткілікті. "Күмәнім жоқ, Сауд Арабиясына келіп, осындағы өмірді көргендердің пікірі жақсы жаққа өзгереді. Уәде беремін, олар үлкен естелікпен үйлеріне оралады", – дейді туризм министрі.

Парсы шығанағы жағалауында орналасқан Саудия солтүстікте Иракпен, оңтүстікте Йеменмен шектеседі. Мұнда шөл даланы ғана емес, жасыл желекті таулар мен әу бастағы кейпін сақтап қалған жағалауларды, тарихи ескерткіштерді де кездестіруге болады.

2017 жылы монархия басшылығы Қызыл теңіздегі 50 арал мен жағалауды люкстік курортқа айналдыру үшін құны миллиардтаған долларлық жобаны жариялады. Ал, былтыр әр-Рияд маңында "Қиддия" деген ойын-сауық қалашығының құрылысы басталды. Оған тематикалық парктер мен автоспорт инфрақұрылымы және сафари аумағы кіреді.

Сонымен қатар, Саудияда көне заманда Иорданиядағы Петра қаласын салған өркениетке тиесілі құмды кесенелер орналасқан Мадаин Салех тәрізді тарихи орындар да дамытылып жатыр.

"Біз табиғи болмысымызды сақтап қалған елміз. Туристер бай мәдениетімізді сүйсіне тамашалап, Саудия туралы көп жайтқа қанығып қайтады", – дейді "Рейтерге" берген сұқбатында әл-Хатеб.

Министрдің есебінше, елдің даму жоспары нәтижесінде алдағы он жылда туризм секторында 1 миллиондай жұмыс орны ашылады. Айта кетсек, ханзада үшін жүздеген мың адамды жұмыспен қамту бүгінде өзекті проблемаға айланып отыр. Ресми статистикаға қарағанда, Сауд Арабиясында жұмыссыздық деңгейі қазір 12%-дан  асты.

Арыс Әділбекұлы           

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу