Щучинск қаласы емханасыз қалды

2367

Емхана ұжымы Президентке шағыммен жүгінді.

Щучинск қаласы емханасыз қалды Фото: schuchinsk.kz

Медициналық ұйым жабдықтарын жою проблемасы туындады.

Астана іргесіндегі курорттық қаланың тұрғындарына ТМККК және МӘМС аясында жалғыз ғана емхана тегін медициналық көмек көрсетіп келді. Шаһарда тағы бір жеке клиника бар, бірақ щучиндіктердің айтуынша, ол тек ақылы қызмет көрсетеді.

Биылғы маусымда Ақмола облысының арнайы прокурорлары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен медсақтандыру аясында жергілікті жұртшылықты емдеп келген "Авиценна Бурабай" ЖШС жеке емханасының жаңа ғимаратын мемлекет меншігіне алып қойды. 

Прокуратураның дерегінше, тергеу барысында Бурабай жағалауында орналасқан жеке клиниканың жаңа ғимараты мен жер телімі, сондай-ақ "Лексус" маркалы автомобилі заңсыз жолмен алынғаны анықталыпты. Компанияның қожайыны, АҚШ пен Ресей азаматтығына ие Юлия Гагаркина ірі көлемде бюджеттік қаражатты жымқырды деген күдікке ілікті.

"Клиникалар желісінің иесі болып табылатын Гагаркина жергілікті денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшыларымен топ құрып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шарты аясында 1 млрд 167 млн 513 мың 600 теңге сомасындағы бюджеттік қаражатты ұрлаған. Жаңа медициналық жабдық түрінде ескісі жеткізілген. Олардың бір бөлігі пайдалануға жарамсыз күйде", – делінген Ақмола облысы прокуратурасының түсініктемесінде.

Ведомство нұсқасы бойынша америкалық-ресейлік бизнесвумен осылай тапқан ақшаға Щучинск қаласындағы емхана ғимаратын тұрғызған. Оған 890 миллион теңге шығындапты. Оны МЖӘ аясында мемлекетке 4,5 миллиард теңгеге сатпақ болған.

Прокуратураның нақтылауынша, қылмыстық іс тіркелерден көп бұрын, 2021 жылғы сәуірде Гагаркина Қазақстан аумағынан кетіп қалды. Сондықтан сот оған қамаққа алу түрінде сырттай үкім шығарды. Егер ол Қазақстанмен қылмыскер алмасатын, реадмиссияны жүзеге асыратын елдердің бірінде ұсталса, онда елге депортацияланып, осы бұлтартпау шарасы қолданылады. Әзірге Юлия Гагаркинаға халықаралық іздеу жарияланды.

Ақмола облыстық сотының қаулысы күшіне енді. Ол үкімге сәйкес, емхананың 6 қабаттық жаңа ғимараты мен жол талғамайтын көлік мемлекет меншігіне тәркіленді.

Жекеменшік емханаға ескі ғимаратына көшуге тура келуі мүмкін.

Өткен айда прокуратура Гагаркинамен сыбайлас болды деп айыпталған Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшыларына қатысты негізгі қылмыстық іс сот қарауында жатқанын хабарлаған болатын. Ол басшылар ұсталды.

Өткен аптада Көкшетау қалалық соты “Авиценна Бурабай” ЖШС басшысының міндетін атқарушы Сергей Киласьев пен Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Сулен Ільясовқа қатысты үкім шығарды. Екеуі де 9 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.

Жалпы, 2022 жылғы 25 шілдеде Ақмола облысының медициналық қызметтің сапасын бақылау департаменті де ұқсас ұйғарымға келді.

"АҚШ пен Ресей Федерациясының азаматы Ю.Гагаркина С.Киласьевпен бірігіп, жалған құжаттарды пайдалана отырып, АҚШ-тан бұрын қолданыста болған медициналық жабдықтарды әкелген. Олардың тіркеу куәлігі болмаған. Жабдықтар 2008-2012 жылдары Жапонияда өндірілген, Африка мен Америка Құрама Штаттарына сатылған және соларда 2017 жылға дейін қолданылған", – делінген ведомство хаттамасында.

Айыпталушы тарап сотқа барлық тіркеу куәліктері ұсынылғанын және соттың оларды қабылдағанын айтады. Бұл құжаттармен біз де таныстық. Дегенмен ол куәліктерде жабдықтардың тіркелген мерзімі ретінде 2008 жылғы наурыз көрсетілген. Яғни, жабдық жаңа емес.

Айыпталғандардың қорғаушылары барлық медициналық жабдықтар заңды негізде және МЖӘ талаптарына толық сәйкестікте қазақстандық жеткізушіден сатып алынғанын, олар мемлекеттік реттеу рәсімдерінен өткенін алға тартады.

Олар "1 млрд 167 млн теңгеден астам сомадағы бюджеттік қаражатты ұрлады" деген айыппен де сол бойы келіспейді.

"МЖӘ шартының жалпы құны 2 101 242 000 теңгені құрайды. Осы соманы мемлекет инвестициялық шығындардың өтемақысы түрінде өтеді. МЖӘ шартын орындау аясындағы инвестициялық шығындар бұдан көп: "Авиценна Бурабай" ЖШС балансында, негізгі қаражаттар есепшотында көрініс тапқан инвестициялар – 3 069 917 905 теңге. "Авиценна Бурабай" ЖШС балансында, инвестициялық мүлік есепшотында көрініс берген инвестициялар – 7 110 424 726 теңге. Инвестициялардың жалпы сомасы – 10 180 342 631 теңге. Яғни, инвестор Гагаркина жобаға 10 миллиард теңгеден астам қаражат салған. Мемлекет соның 2 миллиардын өтеген. Инвестор 1,2 млрд теңгені ұрлаған және оны ЖШС балансында қалдырған. Ал емхана қаңырап бос қалмай, халыққа тегін медициналық қызмет көрсетуін жалғастырып, емханаға әрі қарай инвестиция салумен болған. Сонда қылмыс қайда? Барлығы заңды жолмен сатып алынған деп санаймыз", – деді "Авиценна Бурабай" ЖШС директорының міндетін атқарушы Евгений Бекаев.

Қалай болғанда, Щучинск қаласындағы бюджет есебінен тегін медициналық қызмет көрсететін емхана толық жабылмағанымен, қызметі дағдарды. Өйткені жабдықтары бұғатталды, олар алда талапқа сәйкес емес деп, жойылуы ықтимал.

Бұдан бұрын ақпарат құралдары емхананың мемлекет меншігіне өткен ғимаратта бұрынғы режимде жұмысын жалғастыратынын хабарлаған. Алайда жергілікті тұрғындар дәрігерге қарала алмай жатқанына шағымданды.

Өз кезегінде "Авиценна Бурабай" емханасының ұжымы Президентке шағымданғандарын, тәркіленген медициналық жабдықтарды жоюға қатысты мәселе туындағанын мәлімдеді.

Бұл турасында Көкшетау қалалық сотының 2023 жылғы 10 шілдедегі үкімінде де айтылады. Онда судья Қ.Әбішев "жою туралы мәселелерді шешу үшін сотқа дейінгі тергеу барысында тәркіленген медициналық жабдықтарды Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментіне беруге" үкім қабылдады.   

Оның арасында қымбат құрылғылар, мысалы, ангиограф, компьютерлік томограф, рентген жүйесі, рентген кешені, жаңа туылған сәбилерге арналған инкубатор, 2 бірлік видеогастраскоп, видеоколоноскоп, ультрадыбыстық сканер, наркоздық тыныс алу аппараты, интенсивті терапияға арналған желдеткіш және басқа да жабдықтар бар.

"Бурабай аудандық емханасының ғимараты конфискацияланған соң енді жергілікті билік ондағы медициналық жабдықтарды алып қоюға ниетті. Бұл ретте билік ешқандай өтемақы төлеусіз жеке инвестормен арадағы МЖӘ шартын бұзуды жоспарлап отыр. Инвестор ауданның денсаулық сақтау жүйесіне шамамен 12 млрд теңге салды. Шарт бұзылса, шетелдік инвестор қалған мүлкін алып кетеді", – деп шағымданады "Авиценна Бурабай" компаниясының ұжымы. Сонда жергілікті медперсоналға не қалмақ?

Олардың айтуынша, соңғы бес жылда емхана мен аурухананың ескі ғимараты реконструкцияланған, жаңа қазандық салынған. Морг күрделі жөндеуден өткізілген. Емхананың 6 қабатты жаңа ғимараты тұрғызылды және жабдықталды.

"Бурабай ауданы – компьютерлік томография зерттеулері жүргізілетін облыстағы шектеулі аудандандың біріне айналды. Соңғы кезде аурухана мен емқананың медициналық қызметкерлері де, қала мен аудан тұрғындары да медициналық көмектің, еңбек жағдайларының жақсарғанына, көрсетілетін қызметтер түрлерінің кеңейгеніне қуанып жүрген еді. Енді қиындық туындап отыр. Емхана ғимараты тәркіленді. Біздің емхананың әрі қарайғы тағдыры белгісіз. Қызмет дағдарған жағдайда. Себебі, медициналық тексерулер жүргізуге қажетті жабдықтар тәркіленді", – деді медициналық ұжым өкілдері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеуінде.

"Жеткен жеріміз осы болды. Бурабай ауданының тұрғындарына нағыз геноцид ұйымдастырғалы тұр. Пандемия кезінде көптеген тұрғындарды құтқарған компьютерлік томографты жою деген не масқара? Тіпті ол жаңа болмай-ақ қойсын, бірақ бізде бұрын ол да болмаған. Бізді медициналық қызмет жөнінен өткен ғасырға аттандырғалы жатқаны қынжылтады. Тұрғындар медициналық қызмет көрсетудің жаңа жағдайларының қызығын да ұзақ көре алмады", – деп күйінеді жергілікті тұрғын Татьяна Михайловна.

Қалыптасқан жағдайға қатысты Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, 2017 жылғы 12 маусымда бекітілген мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес, "Авиценна Бурабай" ЖШС өз қаражаты есебінен емхананы салып, реконструкциялауға және модернизациялауға міндетті болған. Компания ғимаратты тұрғызды және іске қосты.

Дегенмен Ұлттық экономика министрлігі 2020 жылы теріс қорытынды беріпті.

"Министрлік қорытындысына сәйкес, аталған МЖӘ шарты қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейді, жоба теріс бағаланып отыр және құжаттағы шарттардың елеулі бұзылуына жол берілуіне байланысты ол бұзылуға жатады. Мемлекеттік сот орындаушысының және Ақмола облыстық мемлекеттік мүлік пен жекешелендіру департаментінің іс-қимылдары сот актісінің негізінде және ҚР қолданыстағы заңнамасына қатаң сәйкестікте жүзеге асырылып отыр. Қазіргі уақытта аталған департамент ғимаратты қабылдап алды. Өз кезегімізде бұл объектінің нысаналы мақсатын өзгерту қарастырылмағанын атап өтеміз", – деп мәлім етті Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы.

Халық болса, емхананың қайтадан толыққанды жұмысқа кіріскенін зарыға күтіп отыр. Шенеуніктер мен бизнесмендер жанжалдасып жатыр екен деп, ауру атаулы іркілмейді. Щучинск тұрғындары да – адам, сырқаттанбай тұра алмайды. "Әділетті Қазақстан" бірінші орынға халықтың мүддесін қойса, игі. Осы емханаға қаралып келген 74 мыңнан астам тұрғын медициналық көмектен қағылмағаны жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу