Шығыны көп шағын әуежайлар субсидия алады

Бірақ демеуқаржы нақты қандай бағыттарды өтеуге жұмсалары әзірше белгісіз. 

Шығыны көп шағын әуежайлар субсидия алады

Соңғы жылдары кейбір бағыттарда қатынайтын ұшақтар мен пандемия салдарынан жолаушылар санының азаюына байланысты шағын әуежайлар тығырыққа тіреліп отыр. Олардың бірқатарының табысы басқа түгілі айлықты өтеуге жетпейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қазіргі таңда келушілері аз әуежайлардың жағдайы мәз емес. Осыны ескерген "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстанның азаматтық авиация қауымдастығы аймақтық әуежайларды субсидиялау мәселесін көтерді. Бүгінде тиісті құжат дайындалып, Үкіметтің қарауынан өтті. Енді күзде Мәжіліс депутаттарының талқысына ұсынылады.

Өзгерістерге сәйкес, жылына 200 мыңнан аз адамды тасымалдайтын әуежайларды қаржылай қолдау көзделіп отыр. Себебі олардың қазіргі кірістері "жыртықты" жамамайды.

Мәселен, өткен жылы Павлодар әуежайы 158 мың жолаушыға қызмет көрсетті. Діттеген жерге жылдам жетуді қалаған азаматтар санының аздығынан кәсіпорын басшылығы табыс таба қойған жоқ. Мекеменің қазынасына түсетін соманың басым бөлігі міндетті төлемдерді жасауға, қызметкерлердің айлығын төлеуге, аэродромды күтіп-ұстауға, ескі арнайы техниканы үнемі жөндеуге жұмсалады. Сол себепті кей кездері табыс қызметкерлердің айлығын өтеуге де жетпейді. Осыны негізге алған "Павлодар әуежайы" АҚ басшылығы мемлекет тарапынан төленуі қарастырылып отырған субсидияны жалақы мен коммуналдық шығындарды өтеуге бағыттау керек деп санайды. 

Ал Солтүстік Қазақстан облысы жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжінов субсидияны қызметкерлердің біліктілігін арттырып, оқу курстарына жіберуге жұмсаған әлдеқайда тиімді деп пайымдайды.

"Петропавл қаласындағы әуежай сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берілген болатын. Жылына бұл мекеме орта есеппен 10 млн теңге табыс табады. Бұл сома салық, жалақы, коммуналдық ақылар сынды шығындарды өтеуге кетеді. Ал мамандарды оқытуға қаржы жете бермейді. Мысалы, аэродром қызметкерін оқытуға 260 мың теңге, іссапар шығындарын жабуға тағы сонша ақша керек. Қазіргі маман тапшылығы туындап тұрған тұста оларды оқу курстарына жіберу өте маңызды. Тек "қолдың қысқалығы" оған бөгет болып тұр", – дейді басшы орынбасары.

Енді бірі оқыту да, жалақы да емес, техникаларды жаңарту қаржылай салмақ салып тұрғанын алға тартады. Солтүстік өңірлерде қыс кезінде аэродромды қардан тазалау да қымбат. Сондықтан субсидияны дәл осы бағыттарға белгілеген әлдеқайды дұрыс болмақ деген ойды ортаға салды.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы логистика және тасымал департаменті басшысының орынбасары Инесса Жұмабаева субсидиялау ережесі әлі де "шикі" екенін бүгіп қалмады.

"Субсидиялау мәселесі тағы да жетілдіруді қажет етеді. Әуежайлардың жағдайы бойынша сараптама жасап, соның нәтижесіне қарай даму бағытын айқындау керек. Әйтпегенде, қазір олардың табыстары, шығындары туралы ешқандай талдама жоқ. Әкімдіктер де жағдайды бақылауға алуға аса бейілді емес", – дейді Инесса Жұмабаева.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтепов демеуқаржы жалқаулыққа ұрындырмаса болғаны дейді.

"Жолаушылар саны 200 мыңнан аз әуежайларға көмек көрсету көзделіп отырғаны тегін емес. Себебі бұған дейін жүргізілген зерттеулер дәл осы әуежайларда кірісінен шығысы көп екенін көрсетті. Сондықтан субсидияны әуежайдың дамуына немесе қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бермек жоспар бар. Барлық шығын демеуқаржы есебінен жабылар болса, әуежайлар басшылығының соған "еті үйреніп" кетуі әбден мүмкін", – дейді Ардақ Өтепов.

Мәселені талқылаған жергілікті әкімдік пен әуежайлар өкілдері қосымша ұсыныстар жолдайтын болды. Соның негізінде субсидияның қандай мақсаттарға жұмсалатыны сараланады.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу