Шығыс Қаратұрын кен орны 6 айға жуық өртеніп жатыр

684

Маңғыстау облысының Бозащы түбегіндегі Шығыс Қаратұрын кен орнындағы №303 апатты ұңғымада апаттың салдарын жою бойынша жұмыстардың екінші, қорытынды кезеңі басталады. 

Шығыс Қаратұрын кен орны 6 айға жуық өртеніп жатыр Фото: Маңғыстау ТЖД

9 маусымда осы кен орнында "Заман Энерго" ЖШС технологиялық ережелерді сақтамауына байланысты газды-су қоспасы атылып, кейіннен ол ашық газ-су фонтанына айналып, арты өртке ұласқан еді. Апатқа мұнай-газ саласының сарапшылары "ең күрделі деңгей" деген баға берді. Себебі, №303 апатты ұңғыма кенеттен газ немесе су атқылауға бейім сор, батпақты аймақта орналасқан. Оның үстіне апатты жою жұмыстарының қиындығы ұңғыманың каротаж деректерінің, атап айтқанда ұңғыманың 460 метрден төмен орналасқан апатты бөлігі туралы ақпараттың жоқтығымен байланысты.

Бастапқыда апаттың салдарын жою бойынша құрылған штаб екі қиғаш бағытты ұңғымалар мен тік ұңғыма бұрғылаудың жеке техникалық жобаларын әзірлеу туралы шешім қабылдады. 12 қазанда қиғаш бағытты босатушы ұңғымаларды бұрғылау 1220 және 1305 метр тереңдікте аяқталды. Қазір тағы бір құбыр апатты ұңғыма бағытында бұрғыланып жатыр, оның мақсаты екі оқпанды қосу. 13 қазаннан бастап газ қабатын суға толтыру және оқшаулау мақсатында тұрақты су айдау жүргізіліп келеді. 20 қарашадағы жағдай бойынша, 40 000 м3 астам су жіберілді. Нәтижесінде апатты ұңғымадан газдың шығуы айтарлықтай төмендеп, соның салдарынан жалынның қарқындылығы төмендеді. Бұл - апаттың салдарын жою бойынша жұмыстардың бірінші кезеңінің аяқталуы болып есептелді.

"Бұрғылау аяқталғаннан кейін каротаждық зерттеулер жүргізіліп, №303 апатты ұңғыма бойынша барлық қажетті көлемдегі геологиялық деректер жиналды. Жасалған зерттеулер негізінде қалыңдығы 2 метрден аспайтын екі шағын газ горизонты жұмыс істеп тұрғанын анықталды. Осы ақпарат негізінде штаб 303-ST ұңғысының жобалық тереңдігін 460 метрден 1040 метрге өзгерту туралы шешім қабылдады. Осылайша 303-ST ұңғымасы №303 авариялық ұңғымасымен 1040м тереңдікте тігінен қосылатын болады. Екі ұңғыманы жалғағаннан кейін 303-ST ұңғымасы арқылы №303 ұңғыманың апаттық оқпанына цементке айналатын ауыр бұрғылау ерітіндісін айдау басталады. Ол газдың шығуын толығымен тоқтатады. Ауыр бұрғылау ерітіндісін айдауды 1 желтоқсаннан кешіктірмей бастау жоспарланып отыр. Штабтың жоспары бойынша бұл кен орнындағы апатты жою жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Газды оқшаулап, су бұрқағын бақылауға алған соң, апаттық ұңғыманың сағасын тығыздау бойынша алдағы шараларды ескере отырып, компания апаттың салдарын жою бойынша барлық шараларды желтоқсан айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр",- дейді бас инженер Ғалымжан Сеңгірбаев.

Шығыс Қаратұрын кен орнының мердігері - "Заман Энерго" ЖШС-і. Бұл апаттық жағдайға мердігерлер не қаражат жағынан, не техникалық көмек көрсетпей отырған көрінеді.

"Біздің компания апат басталған 5 жарым ай ішінде 3 млрд теңге жұмсады. Барлық қаражат компанияның өз табысы. Апатты ауыздықтау аяқталған соң, сараптама жасалады. Сот процесі жүреді. Сол кезде экологиялық зардап, шығын көлемі есептеледі", - дейді "Бузачи Нефть" ЖШС директорының стратегиялық жоспарлау бойынша орынбасары Данияр Дүйсембаев. 

Ұзаққа созылған апат спутниктен де бақыланды. Сол кездегі болжам бойынша, метанның жатынып жатқаны туралы айтылған еді. Бірақ компаниясы мұндай болжаммен келіспейтінін мәлімдеді. "Мұншалықты көп газ бөлінбейді, ал метан осы температурада жанып кетеді. Суретте көрсетілген разряд метан молекулаларының аз мөлшері бар бу бұлттары болуы мүмкін. Ұңғыманың жануынан булану болып, тұздар түзілуі ықтимал. Апат кіндігінде жану, ашық және тұрақты жалын 650 градус цельсий.  Мұндайда метанның жанып кетпеуі мүмкін емес", - деген мамандар.

6 айға жуық шарпыған оттан экология қаншалықты зардап шекті? Мұнай ұңғымасындағы газ-су қоспасының 1200 метр тереңдіктен атқылап тұрғынынан қандай қауіп бар?

Қазір үшбұрыш бағытында ұңғымалар қазылды. Жаңа әдістердің нәтижесі желтоқсанның соңында болады. Өрт толықтай сөніп, апат ауыздықталады деп сендіреді мамандар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу