Шығыс Қазақстандағы ауылдарда ветеринария мамандары жетіспейді

1067

"Бұл саланың қызығынан қиындығы мол".

Шығыс Қазақстандағы ауылдарда ветеринария мамандары жетіспейді

Өңірде ветеринария мамандығы бойынша 135 түлек жоғары және орта оқу орындарын бітіреді екен. Десе де, солардың 50-ге жетер-жетпесі ғана ауылдарға жұмыс істеуге барады. 

ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір облыстың ветеринария саласындағы барлық жұмыс орындарының 80 пайызында маман бар. Ал оның 30 пайызы зейнет жасында немесе зейнеткерлікке таяп қалған.

- Өткен жылы маман тапшылығы мәселесін шешу үшін мал дәрігерінің жалақысы 60 мыңнан 130 мың теңгеге көтерілді. Биыл Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, ветеринарлардың айлығын тағы 35 пайызға дейін арттыру жоспарлануда, - дейді басқарма басшысы Рамиль Сағандықов.

Оның айтуынша, осы салаға жастарды тарту мақсатында ветеринариялық оқу орындарының студенттері мен түлектері үшін ашық есік күндері, бос орындар жәрмеңкесі жиі өткізілуде. Студенттердің агроөнеркәсіп кешенінің жетекші ұйымдарының басшыларымен кездесуі де ұйымдастырылған.

Алайда, бұрын мал дәрігері болып жұмыс істеген зейнеткердің айтуынша, жастарды тарту үшін алдымен еңбекақыны көтеру керектігін айтады.

- Бұл саланың қызығынан қиындығы мол. Жылы жерде отырып істейтін жұмыс емес, ауыл аралап кетесің қысы-жазы. Оның үстіне айлығы аз. Сондықтан жастар барғысы келмейді. Қанша жерден маман даярласақ та, еңбекақыны көтермей мәселе шешілмейді, - дейді Болатбек Төлеуұлы.

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу