Шылымқорлар түтіннен айырылады

4424

"Филип Моррис" компаниясы өз бизнесін трансформациялауға көшті.

Шылымқорлар түтіннен айырылады

Ол енді қарқынды қимылдап, "түтінсіз болашақты" жақындата түспек.

Бұл әрине, "қасқырлар етке қарсы" деп келетін анекдотқа ұқсайды. Бірақ Philip Morris International жаһандық темекі алпауыты трансформацияланбаса, күлімсі иісі мүңкитін дәстүрлі шылымнан құтылмаса, "жеңіліп қалатынын" түсініпті.

Өйткені әлем ғарыштық жылдамдықпен өзгеруде, жаңа заман бизнестен өз алдына тың мақсат-межелер қойып, оларға жетудің соны тәсілдерін табуды талап етуде. Бұл ретте бизнестің трансформациясы тек кәсіпорындарды ғана емес, сондай-ақ тұтас салаларды ілгері жылжытуда.  

Ал түрленудің өзі технологиялық төңкеріс талап ететін өнімдерге негізделуге тиіс. Мәселен, ұшақ жасау өндірісі күннен қуат алатын әуе көліктерін сынауда, автокөліктер жүргізушісіз басқарылуға бет алды, смартфондар экранмен шектелмей, көріністі қабырғаға да проекциялауға ауыспақ. Бүкіл адамзат алға кеткенде, шылым өндірісі шеткері қала бермек пе.

Ғалымдар темекінің түтіні адам өмірінің ең кемі он жылын ұрлайтынын айтады. Және бұл тек шылым шегетіндерге ғана емес, олардың қасында үнемі улы түтінді жұтатын былайғы азаматтарға да қатысты көрінеді. Сондықтан дамыған елдерде шылымқорларға кең ауқымды шектеулер енгізілуде.

Қазақстанда да әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне өзгерістер енгізіліп, тұрғын үйлер кіреберісінде, автобус аялдамаларында және басқа да қоғамдық орындарда темекі тартуға қатаң тыйым салынды. Талапты бұзғандарға бес мың теңгеден астам айыппұл салынады. Мұның сыртында мәселен, елордадағы ақордада, үкіметте, мәжіліс пен сенатта, министрліктерде, сондай-ақ бейбітшілік және келісім сарайы, тәуелсіздік сарайы және басқа да нысандар ішінде шылым шегуге түбегейлі тыйым салынған. Бұлардың бәрінде "сигарет соруға" ынтығушылар далаға қуылады.

Осындай барлық "майдандағы" шабуыл жағдайында темекі алпауытына да заманға орай өзгеруге тура келуде. Және ол не істейтінін де хабарлады. Трансформация аясында Philip Morris International "дәстүрлі темекі өндіруші компаниядан" "темекі түтіні жоқ баламалы өнімдер өндірушісіне" айналатын болады. Бұл үшін қажетті өнімдері де әзір көрінеді және олары қазірдің өзінде өндіріске ендіріліп жатқаны айтылды.

"Нарыққа табысты шығарылған алғашқы бұл өнім IQOS темекіні қыздыру жүйесіне негізделеді. Яғни, онда темекі еш жанбайды, тек қыздыру процесі жүреді. Нәтижесінде, темекі буы түзіледі. Компания 2008 жылдан бері ғылыми зерттеулерге, өнімді жасауға, оны коммерциялық дамытуға, IQOS және басқа да түтінсіз өнімдерді шығарумен байланысты өндірістік қуаттылықтарға 4,5 миллиард доллардан астам қаржы инвестициялады. Оның нәтижелері өзін-өзі ақтауда: бүкіл әлем бойынша 5 миллиондай темекі тартушы адам қарапайым сигареттен IQOS жүйесіне көшіп алды", – деп мәлім етті компания.

Бірақ бір қынжылтатыны сол, осы қаптаған өндірістер, қуаттылықтар, ғылыми зерттеулер мен инвестициялар біздің елімізге қатысы жоқ болып отыр. Қазақстанда әзірге сол бұрынғыдай темекі талдары толтырылған қораптар шығарыла бермек. Ал "қыздыратын" темекіге көшкісі келетін қазақстандық шылым шегушілер "баламалы, инновациялық", бірақ шетелде шығарылған бұл өнімді Алматыдағы алғашқы IQOS дүкенінен сатып ала алады. Ол былтырғы қаңтарда ашылған болатын. Астанада мұндай дүкеннің ашылу салтанаты биылғы ақпан айында өтті.

Қалай болғанда, отандық темекі өсірушілер трансформацияға көп алаңдамауларына болатынға ұқсайды, түтінсіз жаңа өнім олардың егін салу дәстүріне көп өзгеріс әкелмейді деседі.

Елімізге келген алғашқы инвесторлардың бірі болып табылатын "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС өз ісін 1993 жылы "Алматы темекі компаниясы" АҚ-ның акцияларын сатып алудан бастаған еді. Қазір ол Алматы облысында орналасқан заманауи өндірістік кешенге ие. Онда 700-ден астам жұмысшы нәпақасын айырып отыр. Бүгінде ФМҚ өз нарығымызды ен жайлап қана қоймай, Орталық Азия елдеріндегі тұтынушылары үшін көптеген халықаралық темекі маркаларын өндіріп, экспорттауда. Қазақстандық сигареттерді бұдан бөлек, Моңғолия, Украина, Ауғанстан тұрғындары да шегеді екен. Рас, Филип Морристің әлемдегі желілері жаңа заман өнімдеріне көшіп жатқанда, еліміздегі кәсіпорны тіпті, кеңестен қалған "Полет" шылымын да шығаруда.

Сонымен бірге, компания өз жұмыскерлерінің кәсіби дамуына 16 миллионнан астам доллар жұмсағанын, сондай-ақ жыл сайын Philip Morris International шетелдегі компанияларында жоғары лауазымды қызметтерге ие болатын қазақстандықтардың саны артып келе жатқанын айтады. ФМҚ Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданы фермерлеріне оқыту бағдарламалары арқылы агробизнесті дамыту жобасына қолдау көрсететінін алға тартады. 20 жылдан астам уақыт ішінде ФМҚ елімізде қайырымдылық жобаларға 8 миллион доллардан астам қаржы бағыттапты. Компания 1993 жылдан бері Қазақстан бюджетіне 1,6 млрд долларға жуық салық төлегенін хабарлайды.

Ол да дұрыс, бірақ PMI инновацияларын елімізге де әкелсе, құба-құп. Мәселен, күні кеше компания Грекияның Аспропиргосындағы фабрикасында сигареттер өндірісі тоқтатылғанын жария етті. Papastratos фабрикасы енді тек "темекі стиктерін" шығарумен ғана айналысады. "Темекі стик" дегеніміз әлгінде айтылған IQOS жүйесін пайдаланатын, яғни, қыздырылатын "темекі таяқшалары" болып табылады.

"Бұл біздің компания үшін тарихи күн. Papastratos – адамдар үшін үйреншікті сигареттерді шығаруды тоқтатқан және толығымен түтінсіз өнімдерге көшкен тұңғыш фабрика болып отыр. Біз қолданыстағы өндірістік объектілерді өзгертіп, қайта құруды және жаңа объектілерге инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл баламалы темекі өнімдеріне деген әлемдік сұранысты қанағаттандыру үшін керек. Ал қарапайым сигареттерді шегуден бас тартқысы келмейтін барлық тұтынушыларға ықтимал қаупі төмен өнім ұсыну бойынша міндеттеме алып отырмыз. Сонымен қатар, қазірдің өзінде дүниежүзіндегі 1,1 миллиард темекі тартушылардың игілігіне және тұтастай қоғам мен халық денсаулығын қорғауға арналған революциялық өзгерістер үшін қажетті барлық алғышарттар мен жағдайлар жасалды. Біз темекі түтінінсіз болашақ құру бағытында жұмысты жалғастырамыз", – деп уәде етті компания басшысы Андре Каланцопулос.

Рас, жаңа өнім түгіл, электронды сигарет те көп танымал бола алмаған біздің еліміздегі сигарет фабрикасының осындай толық конверсияны қашан бастан кешетіні беймәлім қалып отыр.

Мұндай ірі өзгерістерге бару үшін инвестор қазақстандық және посткеңестік кеңістік нарығында жаңа өнімдерге үлкен сұраныс барлығына, шылымқорлардың заманға сай  өзгеруге дайындығына сенімді болуға тиіс. Әйтпесе, салымы ақталмасы анық. Мысалға, Грекиядағы фабрикасын никотинді тұтынудың ең зиянды формасы болып табылатын сигареттерді шығарудан әкетіп, жаңа өнім өндірісіне бейімдеу үшін компанияға 300 миллион еуро көлемінде инвестиция құюға тура келген екен. Сондай-ақ жаңадан үш ғимарат тұрғызу, сигарет өндіретін желіні минутына 10 мың темекі стигін шығаратын жоғарытехнологиялы құрылғыға ауыстыру қажет болған. Фабриканы трансформациялау 2017 жылдың тамызында басталған, өндірістік нысан 2018 жылдың аясында толық іске қосылуға даяр болмақ. 

Бұдан бұрын дәл осындай фабрика Италияның Болониясында бой көтерген болатын. Ол да тек IQOS жүйесіндегі өнімдерді шығарады. Филип Моррис Интернейшэнл осыған тоқтап қалмай, енді Кореядағы, Румыниядағы, содан кейін Ресейдегі сигарет фабрикаларын толық немесе ішінара қайта құруды жоспарлауда. Бұл тізімде әзірше қазақстандық фабрика жоқ.

Осылайша, 2025 жылға қарай PMI түтінсіз темекі тартуға, яғни қыздырылған темекінің буын соруға бүкіл әлемде 40 миллион адамды көшіруге ниетті. Әлемдегі темекі өндірушілер шығара бастаған баламалы жаңа өнімдер шылымқорларға 350°C-қа дейін қыздырылған темекінің дәмін сезуге мүмкіндік береді.

Бірақ мамандар темекінің кез келген өнімдерінің адам денсаулығына зиян екендігін қатаң ескертеді. Ең дұрысы, өмірді темекі секілді зиянды заттарға тәуелді етпеу, тұтынбау болса керек. Адам аузы түтін қабуға емес, адал ас ішуге жаралған.

Қазақстандық өндірушінің басшылығы да жалпы, шылым шегу "адамдар арасында аз таралған жаман әдеттер" қатарына қосылуға бет алғанын айтады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу