Шымкент пен Ташкент арасы, бірер сағат шамасы

6481

5 қаңтардан екі қала арасында тұрақты автобус қатынасы іске қосылды.

Шымкент пен Ташкент арасы, бірер сағат шамасы

Бүгін Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасы тағы бір тарихи белеске шықты. Ол туралы ресейлік ақпарат құралдары ғана емес, тіпті Қытай халық республикасының басты ақпарат агенттігі Синьхуа да хабарлады.

Осыдан 17 жыл бұрын тоқтаған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы автобус қатынасы бүгін қайта жанданып отыр. Инвестициялар және даму министрлігі 2018 жылғы 5 қаңтар күні "Шымкент-Ташкент" халықаралық автобус бағдары ашылғанын жариялады. Ведомствоның мәліметінше, енді екі ел арасында жолаушылар автобустары күн сайын қатынайтын болады.

Бұл мәселеге мән берілуі бекер емес. Екі ел арасында автобустардың жүрісі тоқтаған ХХІ ғасырдың басында қазақ-өзбек қатынастары аса күрделі кезеңді бастан кешіп жатқан еді. Өзбек шекарашыларының іргелес қазақ ауылдарына дейін кіріп кетіп, тұрғындарды сабау оқиғалары тіпті ел парламентінде мәселе етіп көтерілген. Ашынғандықтан болар, қазақстандық шекарашылардың өзбек әріптестеріне қарай ескерту ретінде оқ жаудыру дерегі де тіркелгені сол кезде ақпарат құралдарында кең жарияланды. Қазір тәубе делік, Өзбекстан билігінің бақталастығының жойылуымен бірге бауырлас елдердің арасында жылылық пайда болып, ынтымақтастық барлық салада жаңа қарқын алуда. 

Ал қарапайым бұқараға ең жақын автокөлік құралы саналатын автобус қатынасының болу не болмауы кез келген көршілес елдердің қарым-қатынасын бәрінен жақсы суреттейді. Мәселен, президент Дональд Трамптың ұсынуымен екі ортасында алып дуал тұрғызылып жатқанымен, АҚШ пен Мексика арасында автобус қатынасы тоқтаған емес.

Еліміздің инвестициялар және даму министрлігінің дерегінше, енді Шымкент пен Ташкент арасында қалааралық жайлы автобустар сағат сайын күнделікті таңғы 6-дан кешкі 20:00-ге дейін жүреді. Жалпы, жол жүру уақыты техникалық аялдамасыз 4 сағатты құрайды.

Өзбекстанның Автомобиль және өзен көлігі агенттігінің хабарлауынша, "Ташкент-Шымкент" автобус бағдарының жалпы ұзындығы 145,2 шақырымды құрайды. Өзбек астанасынан Шымқалаға қарай автобустар күн сайын, таң атқаннан күн батқанға дейін араларына 1 сағат үзіліс салып, аттанып отырады. 

"Алашапанды ағайындар" еліне сапарында көліктің дәл осы түрін таңдайтын азаматтарға шекараны кесіп өтуде де қолайлы жағдайлар жасалмақ: енді олар ұзақ кезек күтпейді және тінтуден өтпейді. "Автобустар, жолаушылар және қол жүгі кедендік тексеру мен шекаралық бақылаудан кезексіз өтеді", – деп мәлім етті қазақстандық инвестициялар және даму министрлігі.

Қазақстан жағынан тасымалдаушы ретінде "KazNetworkBus" ЖШС, ал Өзбекстан жағынан "ManzaraTourism" ЖШҚ белгіленді.

Өзбекстанның Автомобиль және өзен көлігі агенттігі бүгін таң азанда өзбек тарапынан алғашқы ізашар автобустық рейс жүзеге асырылғанын да баяндады. Автобус Ташкент автовокзалынан жолға шығып, Шымкентке жеткен.  

Сондай-ақ агенттік автобус жолаушылары "Гишт Куприк-Жібек жолы" бақылау-өткізу бекетінде тексеруден өтетінін жеткізді. Жыл соңына дейін Ташкент пен Шымкент арасында қатынайтын рейстік автобустар саны 40-қа жеткізілмек: оның ішінде әр елден 20-дан тартылады.

Қос мемлекет мұнымен шектеліп қалмақ емес. Биылғы 2018 жылы екі елдің басқа да ірі қалалары арасында кезең-кезеңмен тұрақты автобус қатынастары іске қосылады деп жоспарлануда.

Автобус қатынасының ашылуы биыл екі елдің парламенттерінің Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы 2006 жылдың 20 наурызында қол қойылған "Халықаралық автомобиль байланысы туралы келісімге" өзгертулер мен толықтырулар енгізетін жаңа хаттаманы ратификациялауы арқасында мүмкін болды.

Мұның сыртында Алматы мен Ташкент арасында жүрдек пойыз жүре бастайтыны да анықталды. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы бұл пойыздың әр аптаның дүйсенбісі мен сенбісінде Алматыдан аттанатыны, ал Ташкенттен сейсенбі мен жексенбі күндері кері қайтатыны туралы құлағдар етеді. Екі ел арасындағы темір жол көлігінің жолы шамамен 16,5 сағатты құрайтыны айтылды. №1/2-ші бұл халықаралық жолаушылар пойызы кең шанақ-кузовты жаңа үлгідегі Тұлпар-Тальго вагондарынан құралған. Ол жолай Отарға, Шуға, Таразға, Шымкент және Сарыағашқа да соға кетеді. Екі елдің темір жол компаниялары арасындағы келісімге сәйкес, онда мүмкіндігі шектеулі жандарға және оларға ілесе жүруші азаматтарға 70 пайыз көлемінде жеңілдік қарастырылып отырған көрінеді.  

Әуе көлігіне билет сатып алуды қалтасы көтермейтін қазақстандықтар үшін бұған дейін көрші елге бару қиын болатын. Бұл үшін алдымен Шымкентке жетіп, сол қалада автобусқа, "маршруткаға" немесе таксиге отырып, "Жібек жолы" кеден бекетіне дейін бару талап етілетін. Сол жерде жаяу-жалпылап, екі кеденнен өтіп, ары қарай Ташкентке дейін баратын көлікті тауып алуға тура келетін еді. Тек екі мемлекет шекарасындағы белгілі бір өткізу бекеттері ғана жеке жеңіл көлігімен қатынайтын отандастарымызға қызмет көрсетеді.

Бұл ретте шекараның арғы бетінде ежелден мекен еткен қазақтар ғана емес, кейін шекара бөлісте ауысқан қазақстандықтар да көп тұратынын ескерген жөн. Шымкент тұрғыны Әділ Жексенбай Өзбекстанда тұратын ағайындарын көп жылдардан бері көрмегенін айтады. Ол осы ақпарды қуана қарсы алыпты.

"Ташкентке бару бір арманым едім, бірақ шекараны кесіп өту қиындығы қорқытады. Автобустық қатынас орнап, қалыпты өткізу тәртібі жолға қойылса, тамаша болар еді. Әйтпесе, көп жыл бұрын барған сапарымызда шекарадан өтуде әбден азап тарттық. Елімізден көрші елге өту үшін сағаттар бойы кезекте тұрасың. Мұны анау-мынаудың денсаулығы көтере бермейді ғой", – дейді ол. 

Әділ ағай қазақстандықтардың, әсіресе, шекаралас қалалар мен елді мекен тұрғындарының Өзбекстанға "медициналық турист" ретінде баратынын айтады. Бұл елдің екі ірі қаласында жоғары білікті клиникалар бар, ал бағалары біздегіден әлдеқайда арзан көрінеді. Демек, кеденді кесіп өту және жолда жүру бойынша барлық жайлылық жағдайлары жасалса, туризмнің бұл бағыты жаңа серпін алуы ықтимал.

Жалпы, күн сайын екі елдің мемлекеттік шекарасын 20 мыңнан астам адам кесіп өтеді. Автобус бағдарының ашылуы екі елдің сауда-экономикалық қатынастарының дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде.

Айтқандай, екі ел арасындағы әуе қатынасы да жиілейтін болды. 2017 жылы қазақстандық азаматтық авиация комитеті мен Өзбекстанның авиация әкімшілігінің және екі ел әуе компанияларының келіссөздерінің нәтижесінде әуе рейстерінің санын арттыру келісіміне қол жеткізілді.

"Эйр Астана" әуе компаниясы 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Өзбекстанға қатынайтын рейстердің санын көбейтуге кіріскен. Компания биылғы 2 жетоқсаннан бастап "Алматы-Ташкент" бағыты бойынша әуе қатынасын аптасына 6-дан 7 рейске дейін арттыра бастады. Енді жексенбі күні де осы бағытта бір рейс орындалады. Яғни, "Алматы-Ташкент" бағытына күнделікті ұшатын болады. Ал, 3 жетоқсаннан бастап "Астана-Ташкент" бағыты бойынша әуе рейсті аптасына 3-тен 4 рейске дейін жеткізеді. Бұл бағыт бойынша сенбі күні де ұшуға мүмкіндік болады.

"Өзбек әуе желілері" әуе компаниясы да Қазақстанға әуе рейстерін көбейтуде: ол 2017 жылдың 4 желтоқсанынан бастап "Ташкент-Алматы" бағыты бойынша аптасына 6-дан 7 рейске дейін жеткізді. Яғни, дүйсенбі күні де Ташкенттен Алматыға ұшып келу мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар, 2018 жылдың наурыз айынан бастап әуе рейсі "Ташкент-Астана" бағыты бойынша аптасына 3-тен 4 рейске дейін жеткізіледі. Ташкенттен Астанаға жексенбі күні де ұшып келуге болады.

Нәтижесінде, елдер арасындағы ұшулардың жалпы саны аптасына 22 рейс болады. Осылайша, жолаушылар Алматыдан Ташкентке күніне екі рет және Астанадан күн сайын ұша алатын болады. Болашақта Самарқанд, Бұхара және Үргеніш қалаларына рейстер ашу жоспарланып отыр.

Ең бұқаралық көлік түріне қайта оралар болсақ, инвестициялар және даму министрлігінің көлік комитетінің дерегінше, қазіргі кезде Қазақстан мен көрші елдер арасында барлығы 135 бағыт бойынша тұрақты халықаралық автобустар қатынайды екен. Олар біздің қалаларымызды Ресейдің, Қытайдың, Қырғызстанның, Өзбекстанның және Моңғолияның елді мекендерімен қосады.

Нақтырақ айтқанда, 90 бағыт Ресей Федерациясының Омбы, Новосібір, Барнауыл, Томск, Орынбор, Челябі, Екатеринбург сияқты және басқа қалаларына, 36 бағыт ҚХР-дың Үрімжі, Инин, Тачен, Алтай, Зимунай қалаларына, 8 бағыт Қырғыз Республикасының Бішкек, Токмак, Чолпан-Ата қалаларына және 1 бағыт Моңғолиядағы қазақтар қалың тұратын Баян-Өлгей аймағына сапарлайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу