Шымкент шаһарының бюджеті қанша?

6067

Экономикасы елеулі өскеніне қарамастан үшінші мегаполис дотациялы болып қала бермек. 

Шымкент шаһарының бюджеті қанша?

Не арзан,не қымбат?

Бюджеттің ашықтығы саясаты аясында Шымкент қаласының алдағы үш жылға арналған бюджетінің жобасы жарияланды. Оған сәйкес, келесі жылы шымқаланың шенеуніктерін ұстап тұру ел халқына шамалы да болса арзанға түспек. Атап айтқанда, биылғы бюджеті бойынша "Жалпы сипаттағы мемлекеттiк қызметтер" аясында мегаполис әкімдігінің шығындарына 4 млрд 44,5 миллион теңге бөлінген. Ал 2022 жылы бұл сома 3 млрд 965,5 миллион теңгеге дейін түсірілмек. Яғни, шымкенттік шенділер 79 миллионға "арзандады".

Бұл сомадан ең аз үлес қалалық мәслихатқа тиесілі: 81,2 млн теңге.

"Майшелпектің" үлкен бөлігін – 1 млрд 675,4 млн теңгесін әрине, қала әкімдігі алады және оның шығыны өсіп отыр: 2021 жылы ол сома 1 млрд 89,8 млн теңгені құраған еді.

Бұл ретте Шымкент әкімдігінің құзыры қомақты идеологиялық бөлімі – Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының мол бюджеті биылғы 2 млрд 161,4 млн теңгеден 1 993,7 млн теңгеге төмендемек.

Шенеуніктер пиарды шамалы болса да азайтуға көніпті: мемлекеттік ақпараттық саясат жүргізу жөніндегі қызметтер шығыны биылғы 1 млрд 243,7 млн теңгеден 2022 жылы 940,2 млн теңге дейін кемуге тиіс. Оның ішінде газет-журналдарға – 408,5 млн теңге, телерадиоға – 263,6 млн теңге, веб-сайттарға – 222,2 млн теңге, LED-экрандар арқылы насихаттауға – 25 млн теңге, аудио, видеороликтер және фильмдер түсіруге – 21 млн теңге жұмсалмақ.

Қаладағы ұлттар достығымен айналысатын органдағылардың көңілі тоқ болса керек: Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ету бюджеті осы жылғы 59,9 млн теңгеден келесі жылы 100 миллионға дейін өседі деп жоспарланған.

Айта кету керек, шымқала шенділерінің шығыны кейінгі жылдары көбейтілмек: үшжылдық бюджет жобасына сай, 2023 жылы Шымкент әкімдігін ұстап тұруға 3 млрд 988,3 млн бағыттау көзделген. Ал 2024 жылы бұл сома 4 млрд 33,4 млн теңгеге дейін өспек.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес органдары мегаполисте бір салаға баса мән берсе керек: қалада 2022 жылы ең көп сома – 117 млрд 220,9 млн теңге білім беру саласына бағытталады. Рас, бұл қаражат биылғыдан шамалы азайтылыпты: 2021 жылы білім беруге 149 млрд 597,2 млн теңге жұмсалуда.

Пандемияның өрбу барысы не болатыны белгісіз, бірақ Шымкент денсаулық сақтауға 2 млрд 297,5 млн теңге ғана шығындамақ ниетте. Осылайша, шымкенттіктердің денсаулығын қорғау ағымдағы жылғыдан 5,5 есеге азайтылғалы тұр: 2021 жылы денсаулық сақтауға 12 млрд 625,2 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда:

  • мамандандырылған медкөмекті қаржыландыру 2 млрд 928,9 млн теңгеден 338,3 млн теңгеге дейін;
  • вакциналарды және басқа медициналық иммундық биологиялық препараттарды орталықтандырылған сатып алу қаражаты осы жылғы 2 млрд 928,6 млн теңгеден келер жылы 338,3 млн теңгеге дейін;
  • денсаулық сақтау саласындағы өзге де қызметтер бағыты 8 млрд 967,6 млн теңгеден 232,2 млн теңгеге дейін күрт азайтылады.

Әлеуметтiк көмекті қаржыландыру да 2021 жылғы – 26 млрд 791,4 миллионнан 2022 жылы – 9 млрд 660,4 млн теңгеге дейін 2,5 еседейге кемітілгелі тұр. Бұл ретте:

  • жұмыспен қамту бағдарламасын қаржыландыруды қазіргі 4 млрд 125,5 млн теңгеден алдағы жылы 1 млрд 328 млн теңгеге дейін,
  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АСП) – 18 млрд 116 млн теңгеден 3 млрд 568,6 млн теңгеге дейін;
  • мүгедектерді әлеуметтік қолдау – 846,3 млн теңгеден 545 млн теңгеге дейін;
  • белгілі бір тұрғылықты жері жоқ (БОМЖ) адамдарды әлеуметтік бейімдеу – 228 миллионнан 166,5 млн теңгеге дейін;
  • жұмыспен қамту орталықтарын қамтамасыз ету – 573,6 млн-нан 442,1 млн теңгеге дейін;
  • әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамтамасыз ету салаларындағы өзге де қызметтер қаражатын – 3 млрд 21,4 млн-нан 1 млрд 320,4 млн теңгеге дейін азайту ұсынылып отыр.

"Жұмыспен қамту" бағдарламасы бойынша 978 адамды қоғамдық жұмыстарға жолдауға – 917,6 млн теңге, 1500 адамды 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдауға – 243,6 млн теңге, "Алғашқы жұмыс орны" жобасы бойынша 227 жастарды жұмысқа орналастыруға – 166,9 млн теңге шығындалады.

Келесі жылы атаулы әлеуметтік көмек тек 32 395 тағайындалады (3 млрд 568,6 млн теңге) деп жоспарланған.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар бойынша бюджеттен 2 млрд 346,8 млн теңге, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 408 студентті оқытуға 309,4 млн теңге төленбек.

30 млрд теңге жергілікті атқарушы органның борышын өтеуге кетеді.

Көрпеге қарай көсілмейді

Жалпы алғанда, жаңа мегаполистің қазынасын алдыңғы екі мегаполиспен салыстыруға келмейді: бірнеше есе аз.

Мысалы, Нұр-Сұлтанның 2021 жылғы бюджетінің кірісі – 639 миллиард 185,7 млн теңге, ал шығысы – 621 млрд 414,5 млн теңге. Яғни, азғантай болса да, бюджеттің доноры.

Еліміздегі ең ірі шаһар – Алматының биылғы бюджетінде табысы – 876 млрд 552,7 млн теңге, шығысы – 951 млрд 495 млн теңге. Яғни, ең ірі мегаполисіміз де дотациялық қалалар қатарына қосылған.

Ал Шымкент алдағы бір жыл ішінде 288 млрд 335,6 млн теңгені шығындамақ.

Дегенмен, оның табысы шығысын өтемейді. Себебі, 2022 жылы қаланың кіріс жоспары небары 145 млрд 724 млн теңге ғана болады деп болжануда. Оның өзінде бұл 2021 жылғы бекітілген жоспардан 21 млрд 620 млн теңгеге немесе 17,4%-ға артқандағы түрі.

Оның ішінде шаһардың салықтық түсімдері – 133 млрд 423,1 млн теңге (биылғыдан 10 902,5 млн теңгеге не 8,9% өскен), салықтық емес түсімдері – 745,4 млн теңге (189,1 млн теңгеге не 34% өскен), мемактивті, негізгі капиталдарды сатудан түсетін түсімдер – 11 млрд 555,5 млн теңге (10 528 млн теңгеге не бірден 11 есеге артқан) болады деп болжануда.

Шығыс пен кіріс арасындағы жетіспейтін соманы –142 млрд 611,6 млн теңгені Шымкент республикалық бюджеттен субвенция түрінде алады.

Шымкенттің 300 миллиардқа жуық бюджетінің басым бөлігі – 147 млрд 424,6 млн теңгесі әлеуметтік салаға бағытталады. Бұл жалпы бюджет көлемінің 51,1%-ы. Тарата айтсақ, білім беру саласына – 117 220,9 млн немесе 79,5%-дық үлес, денсаулық сақтау саласына – 2 297,5 млн немесе үлесі 1,5%, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға – 13 210,9 млн немесе 9%, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңестікке – 14 695,3 млн немесе 10 пайыздық үлес.

Қаладағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау ауданы әкімдіктерінің жалпы шығындарына 14 млрд 124,2 млн теңге жоспарлануда.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !            

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу