Шымкентте ерекше тас сатылады

21037

Құрылыс саласында Германия бас тартпағаннан, Қазақстан бас тартты.

Шымкентте ерекше тас сатылады

Құрылыс компанияларының басым бөлігі шетелдік материалдарға сенім артады. Дегенмен елімізде де мақтауға, мақтануға тұрарлық құрылыс материалдары бар екенін жоққа шығаруға болмайды.

RFCA ratings агенттігі мамандарының мәлімдеуінше, 2011-2014 жылдары құрылыс материалдарының өсім көрсеткіші 20%-ды құраған. Ал соңғы 3-4 жылда бұл көрсеткіші күрт түсіп, 4%-ды әрең еңсерген. Дәлірек айтқанда, цементтен басқа өнім түрлерінің барлығында өндіріс көлемі азайған.

Өкінішке қарай, экспортқа шығарылатын құрылыс материалдары импортталатын тауар көлемінен ондаған есе аз. 2012-2016 жылдар аралығында Қазақстанның барлық экспортындағы отандық құрылыс материалдарының көлемі 0,1 пайызға да жетпеген.

Географиялық тұрғыдан алғанда экспорттың басым бөлігі, яғни 80%-ы – ТМД елдеріне тиесілі. Десекте соңғы жылдары бұл көрсеткіш те құлдилап кеткен. Біз бұған Шымкентте өткен KazBuild-2018 көрмесінде көз жеткіздік.


 

Ресейдің кірпішіне сұраныс көп
Аталмыш көрмеде ресейлік "РемСтрой" ЖШС өніміне қызығушылардың қатары көп болды. Себебі олар шығаратын кірпіш Қазақстанда өндірілмейді. Компанияның сату бөлімінің жетекшісі Андрей Беловтың сөзінше, мұндай өндіріс Ресейдің өзінде үш ақ қалада бар.

"Бүгінде біз жылына 60 млн кірпіш шығарсақ, соның 20 миллионын  Қазақстанға өткіземіз. Яғни өнімнің үштен бір бөлігі сіздердің елдеріңізге экспортталады. Таяу болашақта Қазақстаннан, оның ішінде Шымкенттен  өндіріс орнын ашуды көздеп отырмыз. Бұйыртса, 2-3 жылда кірпіш зауытын іске қосамыз. Себебі Шымкентте ауқымды құрылыс басталғалы жатыр", – деді Андрей Белов.

Оның айтуынша, Қазақстаннан ресейлік кірпіштің сапасына сай саз балшық табу қиын.

"Біз қолданатын саз балшық Қазақстанның барлық өңірінен табыла бермейді. Десек те нартәуекел етуге бел буып отырмыз. Неміс технологиясымен жасалатын Ресей кірпішін Алматы, Орал, Ақтөбе қалалары көп қолданады. Негізінен кірпішті құрылыс компаниялары сатып алады. Біз үшін Шымкент қаласының нарығы да тиімді болып тұр", – деді ол.

"РемСтрой" ЖШС өкілінің сөзінше, боялмаған кірпіш – 100, боялған кірпіш-200 теңгеден сатылады.

"Сырты боялған кірпіш 7-8 жыл жауын-шашынға, қар мен боранға өңін бермейді"", – деді Андрей Белов.
 

Иілгіш тас Шымкентте ғана шығады
Шымкенттік кәсіпкер  Гүлнар Жолдыбаева үй ішін безендіріп, ғимарат сыртын қаптауға арналған иілгіш тас өндірісі арқылы нан тауып жеп жүр. Айта кетерлігі, құрылыс материалының дәл осы түрі Қазақстанның басқа аймақтарында шығарылмайды.

Гүлнар Жолдыбаева бұл кәсіпті бастамас бұрын Ресейде оқып келген. Бүгінде ол басқаратын кәсіпорын тәулігіне 300-400 шаршы метр иілгіш тас шығарады. "Қазақстанда жасалған" сауда белгісімен өндірілетін құрылыс материалының бағасы арзан, сапасы мықты.

"Біз экологиялық таза өнім өндіреміз. Болашақта шетел нарығына шығуды көздеп отырмыз. Иілгіш тас табиғи тас сияқты. Бір ерекшелігі бұл материалмен кез келген фигураны жасауға болады. Иілгіш тас 25 жыл түсін, қалпын сақтап тұрады. Ол суыққа да, ыстыққа да төзімді. Өнімнің негізгі шикізатықұм. Оның түсін, түрін тапсырыс беруші өзі таңдайды. Иілгіш тастың құрамына құмнан бөлек 12 түрлі қоспа қосылады", – деді Гүлнар Жолдыбаева.
 

Қайта жаңарған ескі әдіс
Тараздық "БиномСтройДеталь" компаниясының үй құрылысы комбинаты қажетті материалдың бәрін өзі өндіреді, сосын сол материалмен үй салады. Есесіне пәтердің құны арзан болады. Бұл бұған дейін болған ескі әдіс. Яғни компания бұрынғыны бүгінгіге кіріктіріп, тиімді тәсіл тауып отыр.

"Біз мемлекеттік тапсырыспен де, өзіміз де көпқабатты үй саламыз. Құрылыс кезінде арзан технологияға жүгінеміз. Кеңес одағы тараған соң Қазақстанның құрылыс компаниялары панельді үй құрылысынан жаппай бас тартты. Негізі бұл дұрыс шешім болған жоқ. Себебі дамыған Германияның өзінде әлі күнге дейін панельді үй салынады. Біз ескі әдісті сақтап қалдық. Үйді өзіміз жобалаймыз, материалдарын өзіміз өндіреміз, өзіміз тұрғызамыз. Бағасы арзан болғанмен, үйдің сапасына, сейсмикалық орнықтылығына, қауіпсіздігіне әсер етпейді. Материалды өзіміз өндіретіндіктен, панельден құрастырып салатындықтан, уақыт жағынан ұтамыз және сол арқылы үй бағасын арзандатамыз. Біз салған үйлер элиталық үйлерден кем емес. Мысалы екі бөлмелі пәтердің аумағы -  61 шаршы метр, ас бөлмесі - 14-15 шаршы метр. Үй кең, заман талабына сай. Салыстырып қарасаңыз, Таразда жеңілдікпен берілетін мемлекеттік баспананың құны шаршы метріне - 116 мың теңгені, ал біз салған үйлер - 110 мың теңгені құрайды", – деді  "БиномСтройДеталь" компаниясының бас инженері Сергей Поздняков.

Бір қызығы, Шымкенттегі "Оңтүстік Құрылыс Сервис" компаниясы да құрылыс материалдарын өздері шығарып, үйді өздері салады. Бірақ мұнда пәтердің шаршы метрі - 180 мың теңгеден басталады. Осылай бола тұра адамдар құрылысқа үлескер ретінде қаржы құйып, үйдің салынып біткенін күтеді.

Біз Шымкент пен Тараздағы баспананың бағасын салыстыруды мақсат тұтып отырған жоқпыз. Өйткені жақында ғана krisha.kz Қазақстандағы ең арзан тұрғын үй Таразда екенін, мұнда пәтердің шаршы метрі орта есеппен 151 мың теңге тұратынын жазды. Оның үстіне тұрғын үйдің орналасқан жері бағасына тікелей әсер етеді. Дегенмен "БиномСтройДетальдың" мәселені тұтынушының пайдасына шешіп отырғаны қуантады. Айтпақшы бұл компания KazBuild-2018 көрмесіне Шымкент нарығына қадам басу үшін арнайы келген.

Жанат Нұржауқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу