Әлемдік құрылыста Ұлы даланың иісі бар

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3999

Қазақстан өз тарихында кірпіш өндіруден рекордқа бара жатыр.

Әлемдік құрылыста Ұлы даланың иісі бар Фото: kapital.kz

Елбасы жариялаған "7-20-25" баспана мен ипотека бағдарламасын іске асыру бастала қойған жоқ, бірақ еліміздің құрылыс өнімдері саласы қазірден "сойқан" серпін алуда.

Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты "Қазақстанның индустрияны дамыту институты" мәліметінше, жыл басынан бері, нақтырақ айтсақ, 2018 жылғы қаңтар-ақпан айларында ғана отандық құрылыс материалдарының өндірісі жалпы көлемі 163,1 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Салыстыру үшін айтсақ, бұл көрсеткіш былтырғы ұқсас кезеңде небары 98,4 миллиард теңгені ғана құраған болатын.

Жалпы, жыл өткен сайын бұл саланың адымы алыптанып, қарқыны қуаттанып, кәсіпорындары байып барады. Мәселен, 2010 жылы бұл сектор бір жыл ішінде тек 310 миллиард теңге табыс тапқан. Келесі жылы ол соманы 402,1 миллиардқа дейін өсірді. Рас, 2015 және 2016 жылдары 443 миллиард межесінде тұрақтаған. Ал өткен жылы бір жылдық кірісін 446,6 миллиард теңгеге дейін өсіре алды. Биыл болса, жаңа биікті бағындырады деп күтілуде. Өйткені саланың физикалық көлем индексі 2017 жылмен салыстырғанда, тағы 3,8%-ға артып отыр. Бұған барлық дерлік тауарлар түрлері бойынша өндірістік өсімнің арқасында қол жеткізілген.

Дегенмен, осы сектордағы кейбір салалардың өсім жылдамдығы алапат. Атап айтқанда, керамикалық құрылыстық кіршіп шығару көлемі өткен жылмен салыстырғанда, бірден 1,7 есеге ұлғайған. Мысалға, былтырғы төрт айда Қазақстан осы өнімді 157,1 мың текше метр көлемде өндірсе, осы жылғы ұқсас мерзімде бұл көрсеткіш 266,7 мың текше метрге жетті.

Басқалары да қалысар емес. Айталық, тауарлық бетон өндірісінің көлемі де елеулі түрде, бірден 44,8%-ға, құрылыс қоспалары өндірісі 32,7%-ға, цементтен, бетоннан немесе жасанды тастан жасалған қыш тақталар және соған балама бұйымдар өндірісі 32,7%-ға, портландцемент өндірісі 19,9%-ға артты.

Қазақстан өндіріс қарқынын осылай үдете берсе, таяу болашақта жаһандық құрылыс материалдары нарығының салмақты ойыншыларының қатарына қосылмақ. Еліміз осыған апарар даңғылға түскендей. Мәселен, осы жылғы қаңтар-сәуір айларында отандық кәсіпорындар шлаковатаның, минералды силикатты ватаның және минералды баламалы ватаның 9 мың 724 тоннасын саудалаған. Ал өткен жылғы төрт айда бұл көрсеткіш бар-жоғы 6 мың 999 тонна ғана болған еді.

Отқа төзімді құрылыс бұйымдарының 59,4 мың тоннасын (2017 жылы 45,8 мың), құрылыс қоспаларының 201,9 мың тоннасын (152,2 мың), барлық түрдегі әктің 350,5 мың тоннасын (319,6 мың), бетоннан жасалған құрастырмалы конструкциялардың 285,5 мың тоннасын (266,1 мың) шығарған.

Осы мерзім ішінде құрылыс материалдары өндірісімен айналысатын қазақстандық бизнес тауарлық бетонның 4 миллион 619,3 мың тоннасын (2017 жылы 3 млн 190,4 мың), бетоннан немесе жасанды тастан жасалған қыш тақталар және соған балама бұйымдардың 1 миллион 207 мың тоннасын (909,5 мың), портландцементтің 2 миллион 328,4 мың тоннасын (1 млн 941,3 мың), цементті клинкерлердің 2 миллион 171,7 мың тоннасын (2 млн 98,9 мың) өткізген.

Құрылыс материалдары нарығына өз өнімдерімен батыл әрі қарқынды түрде енген көшбасшы өңірлер де анықталуда. Бұл атақты Маңғыстау, Түркістан облыстары және Астана қаласы иеленді. Нақтырақ тоқталсақ, осы сектордан Маңғыстау облысы 35,7 миллиард, Түркістан облысы 19,7 миллиард, ал елорда 17,4 млрд теңге кіріс көрді. Өзге өңірлердің биылғы көрсеткіштері мынадай: Алматы облысы 15,1 млрд, ШҚО 11,9 млрд, Қарағанды облысы 11,7 млрд, Алматы қаласы 8,9 млрд, Ақтөбе облысы 8,2 млрд, Жамбыл облысы 7,1 млрд, Ақмола облысы 6,5 млрд, Қостанай облысы 5,1 млрд, Атырау облысы 4,8 млрд, Павлодар облысы 3,9 млрд, БҚО 3,3 млрд, Қызылорда облысы 2,1 млрд, СҚО 1,7 млрд теңге пайда көрді.

Бұл сектор кәсіпкерлері ішкі нарықты жылдар бойы баса-көктеп билеп келген жатжұрттық тауарлардан босату сыртында, шетелдік нарықтарға да экономикалық басқыншылығын үдетуде. Жыл басынан бері отандық құрылыс саласы өнімдерінің экспорты қаржылай түрде 1,6 есеге ұлғайды. Ал натуралды-заттай шамада әлемдік "қара базарға" Қазақстан тек төрт ай ішінде ғана 375,6 мың тонна құрылыс материалдарын жеткізген. Сөйтіп, жеткізілім көлемін былтырғы ұқсас мерзімге қарағанда бірден 1,9 есеге өсіріп отыр. Яғни, бүкіл әлемде жаңадан тұрғызылып жатқан нысандардың, ғимараттардың және баспаналардың өне-бойында Ұлы дала елінің иісі мен табы бар.

Айта кету керек, әлем елдері әсіресе, қазақтың портландцементіне құштар: ағымдағы жылғы төрт айда оның 336 мың 643 тоннасын сатып алған. Бұдан елімізге 14 миллион 267 доллар табыс құйылыпты. Сұраныс бойынша екінші тұғырды "қыш тақталар, панелдер және гипстен жасалған баламалы бұйымдар" иеленді: олардың  11 мың 814 тоннасы шетелге әкетілген, оның орнына елге 1 миллион 353 мың доллар кірді.  "Үштікті" "вермикулит, көбіктендірілген шлак және басқа да көбіктендірілген минералды өнімдер" тұйықтайды: олардың көрсеткіші 3 мың 82 тонна және 1 миллион 766 доллар. 

Сонымен бірге, еліміз шетелдік құрылыс материалдарын да көптеп тұтынады. Рас, Қазақстанның индустрияны дамыту институты сарапшыларына сенсек, импорттық бұл өнімдер көлемі қаржылай шамада небары 14%-ға ғана артыпты. Ал заттай шамада сырттан 648,1 мың тоннаға материалдар тасылған.

Еліміз жыл басынан бері шетелден "отқа сөзімді кірпіштерді, блоктарды, керамикалық қыш тақталардың" 11 мың 119 тоннасын 14 миллион 773 мың долларға, "шынылар мен шыны бұйымдарының" 161 мың 447 тоннасын 11 миллион 502 мың долларға, "цементтің, құрылыс қоспаларының" 9 мың 597 тоннасын 10 миллион 353 мың долларға, "керамикалық қыш тақталардың" 27 мың 674 тоннасын 8 миллион 901 мың долларға сатып әкелген.

Айтқандай, екі апта бұрын Тәжікстан өзі қолға алып жатқан жаңа әрі алып Рогун ГРЭС-інің құрылысында қазақстандық өнімдер пайдаланылатынын жария етті. "Тәжік телеграф агенттігінің" (ТәжікТА) мәліметінше, біздің ел бұл нысанға 16 миллион долларға арматура жеткізетін болды. Соның ішінде "АрселорМиттал Теміртау" тәжік тапсырысы бойынша 5 миллион доллар тұратын 9 мың тонна арматураны өндіруге кіріскен.  

Жалпы алғанда, Рогун гидроэлектрстансасына қарағандылық метал алпауыты 30 мың тонна арматура жеткізбек. Қазақстандық экспорттаушы өз тауары үшін оны тией салысымен-ақ, төлемақы алатын болады.

Арматура құрылыста кең пайдаланылғанымен, ол құрылыс материалдары секторына жатпайды. Бірақ тәжік елі Орталық Азиядағы аса ірі ГРЭС құрылысында қазақстандық құрылыс материалдарын тұтынуға құлықты болып отырған көрінеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу