Шымкентте импортты алмастыру бойынша мәселелер бар

2875

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы жергілікті өнім өндіруші ірі кәсіпорындарда   импортты алмастыру бойынша мәселелер бар екенін анықтады.

Шымкентте импортты алмастыру бойынша мәселелер бар

Бұл кәсіпорындар өнім өндіру кезінде шетелден кейбір бастапқы шығын материалдарды сатып алуға мәжбүр. Мысалы, "Шымкентқұс" құс фабрикасы солтүстік өңірлерден 1,4 млрд  теңгеге азықтық бидай,  "Бал текстиль" кілем фабрикасы - Ресей, Өзбекстан және Түркиядан 125 млн теңгеге орау үшін үлдір, латекс желімін, "Әлем БТ" шұлық фабрикасы Қытайдан 168 млн теңгеге жапсырма, ілгек пен шұлықтарға арналған қағаз қораптар, "Еврокристалл" ЖШС  Ресей мен Өзбекстаннан 150 млн теңгеге гофротар, бигбегтер, тұғырлар, орау пленкасы, сыпырғыштар және т. б.  алып келеді.

"Мұның бәрін өзімізде өндіруге болады. Бұл шағын және орта бизнеске арналған бос орындарды толтыру жобалары, бұл туралы кәсіпкерлер хабардар емес, - деп атап өтті кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев. - Жыл сайын біздің өндірушілер жергілікті өнім өндіру үшін 4 млрд теңгенің тауарын сырттан сатып алуда. Ал бұл біз мониторинг жүргізген  30 жергілікті өнім өндіруші кәсіпорындарға ғана қатысты мәлімет".

Палата директорының айтуынша, саладағы бос орындарды толтыруға арналған жобалар тізбегін анықтау, қызметтің қаңдай түрімен айналысуды білмей жүрген ықтимал стартапшылар мен кәсіпкерлер үшін үлкен көмек болар еді.

"Шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген дамыған елдерде шағын және орта бизнес 60-70%-ға ірі бизнеспен байланысты, яғни соған жұмыс істейді.  Бір ірі кәсіпорын өз артынан жүздеген шағын өндірісті тартады. Осылайша, барлығы ұтымды позицияда болады, яғни  олар шығын материалдарын ешбір қиындықсыз ала алады. Ал шағын және орта кәсіпорындар бір өнімді шығаруға мамандана отырып, оның сапасын арттыра алады, өзіндік құнын төмендетіп, жеткізу мерзімін қысқартады, оған қоса өткізу нарығы ұзақ мерзімді қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар өңір экономикасы да оң көрсеткіштерге кенеледі, ақша шет елге кетпей өңірде қалады. Бізде, Қазақстанда мүлдем басқаша жағдай көрініс тауып отыр – ірі, шағын және орта бизнес бытыраңқы, бір-бірімен байланыссыз жұмыс жасайды. Шағын және ірі бизнестің синергиясын неғұрлым күшті етсек, соғұрлым орта бизнесті қарқынды дамыта аламыз", – деп атап өтті палата директоры.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу