Тимур Құлыбаев: "Сатып алуларды небәрі 10%-ға оңтайландыру 300 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді"

2815

Мемлекеттік сатып алулардағы цифрландыру жемқорлықты жояды. 

Тимур Құлыбаев: "Сатып алуларды небәрі 10%-ға оңтайландыру 300 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді"

"Атамекен" ҰКП төралқасы комитеттерінің есебі барысында өңдеуші өнеркәсіптегі импорт алмастыру мәселелері, отандық өндірістің дамуын тежеуші себептер және оны шешу тетіктері талқыланды. 

Өңдеуші өнеркәсіп комитетінің басшысы Владимир Бобров жеті сала бойынша жұмыс істейтін өңдеуші өнеркәсіп үшін жалпы 2018 жыл жаман болмағанын айтты. 2017 жылға қарағанда шағын өндіріс есебінен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 99-ға көбейіп, 6322 бірлікті құраған. Өндіріс көлемі ақшалай көрсеткіште 16%-ға артып, 2,79 трлн теңге болған. Өсуге негізінен үш сала-машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және химия өнеркәсібі үлес қосқан. Алайда жергілікті өндіріс көлемі мен импорттың арасындағы айырмашылық әлі де үлкен.

"Атамекен" басшысы Тимур Құлыбаев ҰКП жұмысында импорт алмастыруға ерекше мән берілетінін айтып, оны мемлекеттік сатып алуларға, өндірістерді жергіліктендіру мен жаңғыртуға қатысу арқылы қамтамасыз етуге болатынын атап кетті.

2018 жылы "Атамекеннің" салалық комитеттері мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жетілдіруге және квазимемлекеттік секторды отандық өндірушілерді қолдау тұрғысынан қамтамасыз етуге тырысты. Осының нәтижесінде бірден бес сатып алу алаңын біріктірген бірыңғай сатып алулар базасы, сондай-ақ отандық өндірушінің мәртебесі туралы куәландыратын және "Самұрық-Қазынада" алдын ала біліктілік іріктеуінен өтуде қосымша басымдық беретін адал жеткізушілердің тізілімі  жасалды.   

Бір көзден сатып алуды жүргізудің және тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің өсіп кеткен құнын төмендетудің кең тәжірибесі кәсіпкерлікті дамытуда маңызды мәселе болып табылатынын атап өткен жөн. 2018 жылы барлық мемлекеттік сатып алулардың 75%-ы бәсекелестік ортасыз өткен, яғни бір көзден сатылған. Бәсекелестік орта мен бір көзден сатып алу арасындағы жекелеген тауарлық позиция бойынша баға айырмашылығы 30%-ға  дейін жеткен. 

"Бұл жағдай бәсекелестік ортаға және мемлекеттік қаражаттың үнемделуіне кері әсер етеді. Сатып алуларды небәрі 10%-ға оңтайландыру 300 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді, оны экономиканы дамытуға жұмсауға болады. "Атамекен" мемлекеттік сатып алуларды оңтайландыру керек деген нақты ұстанымды ұстанып отыр", – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Бұл жұмыстың басты элементі мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығына әкелетін және сыбайлас жемқорлықты жоюдың маңызды қадамы болатын жаппай цифрландыру болуға тиіс. Қазір ұлттық палата "Сатып алудың бірыңғай терезесі" порталын енгізіп жатыр, онда бағаларды сараптауға болады.

Сонымен бірге бір көзден сатып алуды қысқарту жөніндегі тұжырымдамалық шаралар ретінде "Атамекен" тікелей келісімшарт жасаудың негізін қысқартуға, камералық бақылауды күшейтуге, сондай-ақ тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің нарықтық құнынан асып түсетін бағамен тікелей сатып алуға тыйым салады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу