Шымкентте ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарды жаңғыртты

Клара Ларина Клара Ларина
20577

"Қазақ дастарханы" дәстүрлі фестивалі Оңтүстік Қазақстанның этномәдени бірлестіктерін үшінші рет бір дастархан басына жинады.

Шымкентте ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарды жаңғыртты

ОҚО-ның Қазақстан халықтары ассамблеясы қазақтың ұлттық тағамдарын дайындаудан кезекті байқау өткізді. Жыл сайын өтетін "Қазақ дастарханы" мәдени-аспаздық жоба аясында шеберлер қонақтарға қазақтың төңкерме, жөргем, жоңқа, көмбе, үлпершек, бұқпа, қарын бөртпе, мипалау, қазан жаппа, құрт көже сияқты ұмытылып қалған тағамдарын дайындап ұсынды. Байқауға қатысушылар асты әзірлеу мәзірін  әр түрлі дереккөздерінен іздеп, тағамды баптап, бабына келтіріп пісіруге тырысты, сондай-ақ өздерінің жаңа асты әзірлеу шеберліктерімен қуана-қуана бөлісті.

Кімнің қандай ас дайындайтыны жеребе тастау арқылы анықталды. Мысалы, корей этномәдени орталыққа тартылған етті жылқының жүрегіне салып пісіретін қазақтың көне кәделі асы  – үлпершек түсті. Ежелден келе жатқан ас әзірлеу бойынша жылқының жүрегін жұмсарту үшін оның барлық қанын сорғытады. Ол үшін жүректі бірнеше жерде тіледі, содан кейін осы тілінген жерлерге қойдың құйрығын, бауыр және басқа де етті салады. Осының барлығын тұздап, бұрыштап, жіңішке жіппен орап байлайды. Содан кейін оны ұнға салып бір ай қояды. Содан кейін барып пісіреді. Ақыр-соңында ол өте дәмді және жұмсақ болып шығады.

Корей этномәдени орталығының төрағасы Роза Пактың айтуынша, бұл асты тұрмысқа шыққан қызына арнап анасы дайындайтын болған. Тағам қыздың төркіндеп келу құрметіне дайындалған немесе қыздың ұзатылған ауылына беріп жіберілген. Осылайша қыздың ата-анасы баласы өмір бойы жүрегінде екенін ұғындырмақ болған.

Ал ұйғыр мәдени орталығының өкілдері мипалау, поляк этномәдениорталық – қарын бөртпе (қарын қозының бауыры мен өкпесін, жүрегін салып пісіру), грузин орталығы – көмбе (қарынға салып жерге көміліп пісірілген қой еті), славян орталығы әсіп (өкпе-бауырдан күріш қосып дайындалған  шұжық) дайындады.

Байқауға қатысушылар елімізде болып жатқан соңғы өзгерістердің екпінімен тағамдардың атауын латын әрпімен жазды. Сонымен бірге өздері қазақтың ұлттық киімдерін киіп, әзірлеген астарын мол жайылған дастархан басында таныстырды.

Байқауға қатысушылардың аспаздық шеберлігін әділ қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында жазушы, облыс әкімінің жанында құрылған "Ырыс алды – ынтымақ" қоғамдық форумының хатшысы Мархабат Байғұт, ОҚО ҚХА жанындағы ғылыми-сараптама тобының төрағасы профессор Асма Қалыбекова, №6 колледждің жоғары категориялы шебері Фарида Тұрғанбайқызы болды. Фестивальдің бас жүлдесі грузин этномәдени бірлестігіне берілді. Сонымен қатар басқа қатысушылар да марапатталды.

Фестиваль тек бір ас әзірлеу жарысымен біткен жоқ, әр халықтың өкілдері қазақтың мақал-мәтелдері мен жаңылтпаштарын айтып жарысты, сондай-ақ қазақтың асық ату ұлттық ойынын ойнады. Мұның алдындағы жарыста байқауға қатысушылар қазақтың бас тағамы – ет асып жарысқан болатын.  

"Біздің іс шараның мақсаты – өңірде тұратын ұлт өкілдерінің мәдениетін сіңістіру, ұлтаралық қарым-қатынас пен толеранттықтың мәдениетін қалыптастыру, қазақтың қонақжайлығын көрсету және халықтың рухани құндылықтарын насихаттау", – деп атап көрсетті ОҚО ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов.  

"Біздің міндетіміз – тек қазақтың ұлттық тағамдарын жаңғырту ғана емес, сондай-ақ басқа да этномәдени орталықтардың қазақтың мәдениетімен туыстасып, бір бастаманың астына біріктіру!", – деп қосты әділ қазылар мүшесі Мархабат Байғұт.

Ұмыт қала бастаған ұлттық тағамдарды қайта жаңғырту соңғы жылдар әртүрлі деңгейде жүріп жатыр. Бұл – "Отбасым" ұлттық  құндылықтар орталығы" (Астана) ҚБ-ның жұмысының басты мақсаттарының бірі.  Ұмыт қалған қазақтың тағамдарын қайта жаңғыртуға қатысты жоба барысында осы қоғамдық бірлестік өкілдері еліміздің әр өңіріне барып, екі жүзден астам қазақтың байырғы тағамын жинап келді. Сондай-ақ бұл тағамдардың дайындау мәзірі Slow Food халықаралық экогострономиялық қауымдастықтың арнайы жинағында жарық көретін болады деп айтылған болатын.

Гүлназ Ермағанбетова, Клара Ларина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу